Жасыратыны жоқ, Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қызылкөл мен Құмкент су аймақтарының экологиялық ахуалы Министрлік деңгейінде қаралып, бүгінгі күні оңды шешім елді қуантуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи су айдындарын сақтап қалу, су ресурстарын тиімді әрі әділ бөлу және экологиялық апаттардың алдын алу – мемлекеттік саясаттың ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Су ресурстарын басқару және экологиялық тепе-теңдікті сақтау – ұлттық қауіпсіздігіміздің тікелей құрамдас бөлігі. Әсіресе экологиялық қатер төнген өңірлердегі табиғи көлдер жүйесін қайта қалпына келтіру үшін заңнамалық негіздер мен заманауи гидротехникалық шешімдерді толыққанды қолдануымыз қажет» деп үнемі айтып, тапсырмалар беруде.
Созақ ауданына қарасты Құмкент елді мекені жанында орналасқан Қызылкөл, Ақжар және Сексенкөл су аймақтарының күрделі экологиялық ахуалы мемлекеттік жоғары деңгейде талқыланып, шешілудің нақты тетіктері айқындала бастады. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында жергілікті тұрғындармен ауқымды есептік кездесу өткізді.
Жиын соңында министр азаматтарды жеке мәселелері мен өтініштері бойынша қабылдады. Осы жауапты жеке қабылдауға Түркістан облысы Созақ өңірінің тағдырына бейжай қарамайтын Құмкент ауылының қадірлі ақсақалдары А.Қожабеков, Д.Искаков және Созақ аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Т.Жұмақов арнайы қатысты.
Кездесу барысында өңірдегі ең өзекті экологиялық проблемалардың бірі – Құмкент ауылы жанындағы Қызылкөл, Ақжар көлі және Сексенкөл су аймақтарының қазіргі мүшкіл жағдайы кеңінен баяндалып, министрдің назарына ұсынылды. Созақ аудандық делегациясы өз баяндамасында өңірдің заңнамалық мәртебесі мен су ресурстарын бағыттаудың құқықтық негіздерін егжей-тегжейлі жеткізді.
Атап айтқанда, Созақ ауданы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы №1468-XII «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес, кологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ қатарына жатады. Осыған байланысты аталған көлдер жүйесін сақтап қалу үшін Талас өзені арқылы кепілді экологиялық су ағынын жеткізу ұсынылды.
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі №178-VIII Су кодексінің 39-бабында бекітілгендей, экологиялық су ағыны – өзен, көл және экологиялық жүйесін сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын өзен ағынының міндетті үлесі болып табылады. Заңнамада экологиялық су ағынының басымдықта болатыны және оның сақталуы міндетті екендігі айқын көрсетілген.
Аталған Су кодексінің 40-бабына сәйкес, су пайдалану лимиттері перспективалы және жедел лимиттер болып бөлінеді. Созақ ақсақалдары су ресурстарына қажеттілік су пайдаланушылардың өтінімдері негізінде жыл сайын қалыптастырылатын талаптарға толық сай келетінін негіздеп берді.
Созақ ауданынан келген өкілдердің, ақсақалдардың және қоғамдық кеңес мүшелерінің негізді уәждерін мұқият тыңдаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су мәселесін шешуге қатысты нақты қадамдарды атап өтті. Мәселен, Созақ ауданының көлдер жүйесіне экологиялық мақсатта су жіберу үшін Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан «Бөрібай» каналына судың өткізу сыйымдылығын арттыруға арналған арнайы технологиялық жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарының қажеттілігі белгіленді.
Министр Н.Нұржігітов осы Созақ өңіріне жаз айларының соңында өзі арнайы келіп, Қызылкөл, Ақжар және Сексенкөл су аймақтарының жағдайын өз көзімен көретінін және гидротехникалық шаралардың барысын тексеретінін тілге тиек етті.

