Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында өңірлердің экономикалық әлеуетін көтеру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Әрбір өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы – бұл еліміздің жалпы ішкі өнімі мен тұрақтылығының басты кепілі. Жергілікті атқарушы органдар құрғақ есепке салынбай, әрбір индикатордың орындалуына, халық сезінетін нақты нәтижелерге басымдық беруі тиіс» деп үнемі баса айтып келеді.
Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраға бай, өндірістік әлеуеті жоғары өңірі – Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне арналған кезекті маңызды мәжіліс өтті. Аудан әкімдігінде ұйымдастырылған бұл ауқымды жиында аудан экономикасының негізгі секторларындағы ілгерілеушіліктер мен кемшін тұстар сараланып, алдағы кезеңге арналған стратегиялық межелер айқындалды. Жиын барысында Созақ ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков арнайы баяндама жасап, биылғы жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына, аудан экономикасының динамикасына және бекітілген негізгі индикаторлардың орындалу барысына жан-жақты тоқталды.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша егіс көлемінің артуы, мал шаруашылығындағы өсім, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы мен ауданның өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі, зауыттар мен өндірістік кәсіпорындардың қуаттылығының артуы жайында баяндамашы толыққанды ақпараттандырды.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың, ішкі жолдардың және инженерлік жүйелердің құрылыс барысы мен тіркелген және белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны, жаңа жұмыс орындарын құру, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы, салықтық және салықтық емес түсімдердің серпіні, негізгі капиталға тартылған жеке және мемлекеттік инвестициялар көлемі және жұмыссыздық деңгейін төмендету, жастарды және әлеуметтік сала тұрғындарын тұрақты жұмысқа орналастыру мәселелері жайы да қамтылды.
Мәжілісте аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков әрбір саланың көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып, сандық әрі сапалық көрсеткіштерге жан-жақты талдау жүргізді. Созақ ауданының тау-кен және өңдеу өнеркәсібіндегі драйверлік ролін сақтай отырып, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы экономиканы диверсификациялау, мал басын көбейту, ет және сүт өндірісін ұлғайту, сондай-ақ жиын-терін науқанын ысырапсыз аяқтау, ауданда жаңа өндіріс орындарын ашу үшін отандық және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау, негізгі капиталға тартылатын қаржы ағынын ұлғайту және мемлекеттік программалар мен жобаларға бөлінген қаржының тиімді, ашық әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді қадап тапсырды.
Мәжіліс барысында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жоспарланған межелердің сапалы әрі уақытылы орындалуы ауданның тұрақты дамуының негізгі көрсеткіші екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде: «Әрбір сала бойынша белгіленген индикаторлар – бұл жай ғана қағаздағы цифрлар емес, ауданымыздың өркендеуі мен халықтың әл-ауқатын айқындайтын басты меже. Барлық бөлім басшылары мен мекеме жетекшілері өздеріне жүктелген тапсырмаларға жоғары жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Көрсеткіштері төмен бағыттар бойынша шұғыл түрде нақты шаралар қабылданып, орын алған кемшіліктер қысқа мерзімде жойылсын. Бізге құрғақ есеп емес, халық сезінетін нақты нәтиже қажет. Барлық сала басшыларына межеленген жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді жүктеймін»,- деді.
Аудан әкімі жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне әрбір индикатордың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

