Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Ауыл – елдің бесігі, мемлекеттілігіміздің іргетасы. Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, олардың өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін сапалы жаңа сатыға көтеру үшін «Ауыл аманаты» сияқты нақты, нәтижелі жобалар толыққанды жұмыс істеуі тиіс» деп үнемі баса айтып келеді.
Сондықтан да болар, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында ауылдық аймақтарды дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Тарқатып айтсақ, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраға бай, шежірелі өңірі – Созақ ауданында ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрақты табысын көбейтуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы өзінің нақты, оң нәтижелерін беріп келеді. Бағдарлама ауыл тұрғындарына тек жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ұсынып қана қоймай, жергілікті азаматтардың кәсіп бастауына, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуына және отандық бәсекеге қабілетті өнім өндіруіне кең жол ашуда.
«Ауыл аманаты» жобасының Созақ өңіріндегі жемісті де жарқын дәлелдерінің бірі – аудан орталығы Шолаққорған ауылының тұрғыны, іскер әрі пысық азаматша Раушан Бекболатқызы жайында сөз қозғауды жөн көрдік. Ия, көптен бері жеке тігін өндірісін ашып, төл өнімдерді шығаруды армандаған Раушан Бекболатқызы биыл жыл басында мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылдық 2,5 пайыздық төмендетілген мөлшерлемемен 10 миллион теңге жеңілдетілген несие алды.
Бөлінген қаражат есебінен заманауи тігін жабдықтарын, маталар мен қажетті шикізатты сатып алып, көптен бергі арманы болған жеке тігін цехын ресми түрде іске қосты. Раушан Бекболатқызының жетекшілігімен ашылған бұл тігін цехы бүгінде Созақ ауданының тұрғындары үшін жоғары сапалы, қолжетімді әрі ұлттық нақыштағы киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдарды шығаруды қолға алды.
Бүгінгі таңда цехтың негізгі өндірістік бағыттары аясында ұлттық киімдер мен бұйымдар, яғни қазақы нақыштағы қыз ұзату, той-томалақ киімдері, ою-өрнекпен көмкерілген құрақ көрпелер, жастықтар мен жасаулар жасалынуда. Мұнан бөлек, арнайы жұмыс киімдері тігіліп, аудандағы өндірістік мекемелер мен серіктестіктер үшін заманауи, арнайы стандарттарға сай келетін арнайы киімдерді тігу мен елді мекен тұрғындары мен мектеп оқушыларына арналған сапалы киім-кешектерде қолға алынуда.
Жаңадан ашылған бұл өндіріс ошағы тек бір отбасының табысын арттырып қоймай, ауылдың өзге де қыз-келіншектерін тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Осындай ізгілікке толы игі бастаманың нәтижесінде, Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін және қызмет көрсету саласын дамытуда басты қозғаушы күшке айналып отырғанын мақтанышпен айтуға болады.
Өйткені, бағдарламаның аудан экономикасына тигізіп жатқан оң ықпалы өндірістік кооперативтерді дамыту барысында ауданда жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіретін кооперативтер құрылып, өнім өндіру көлемі артуда. Тіпті шағын бизнесті қолдау аясында егіншілік, мал бордақылау, құс өсіру, жылыжай шаруашылығы, сондай-ақ Раушан Бекболатқызы сияқты тігін, наубайхана, шаштараз сияқты шағын өндірістер мен қызмет көрсету нысандары ашылуда. Әрине, бұл ретте төмен пайыздық несие, яғни 2,5 пайыздық мөлшерлеме ауылдағы кәсіпкерлер үшін қаржылық жүктемені барынша азайтып, бизнестің тез арада өзін-өзі ақтауына жағдай жасайды. Жеңілдетілген қаржымен тек өзінің күн көрісіне жаратпай, бірнеше адамды жұмыспен қамтып, олардың нәпәқа тауып, отбасын асырауына мұрындық болып отырған кәсіп иелерінің еңбегін батылдыққа баулып, құрметтеуге әбден болады.
Міне, сондай жандардың бірі Шолаққорған ауылында тігін өндірісін ашқан Раушан Бекболатқызы алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтуді, жаңа заманауи тігін машинасын қосымша алып, өнім түрін көбейтуді және қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Бұл – «Ауыл аманаты» жобасының ауылдық жердегі нақты адамдардың тағдырына, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының оңтайлы өзгеруіне тигізген айқын пайдасының дәлелі.
Шолаққорған ауылының тұрғыны Раушан Бекболатқызының «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 10 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, тігін өндірісін іске қосуы – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және ауыл әйелдерінің іскерлік әлеуетін айқын көрсететін жарқын үлгі.
Сонымен, Созақ өңірінде бастау алған мұндай игі де берекелі бастамалар ауылдардың дамуына, халықтың тұрмыс сапасының артуына және отандық өндірістің өркендеуіне зор серпін бере берері сөзсіз.

