Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында төтенше жағдайлардың алдын алу, елді мекендердің инфрақұрылымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ауылдық аймақтарда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бірінші кезектегі міндет. Әрбір өңір басшысы кез келген оқиғаға жедел үн қосып, халықпен тығыз байланыста болуы тиіс» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраға бай, шежірелі өңірі – Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Раң елді мекеніне арнайы жұмыс сапарымен барды. Аудан басшысының бұл сапары екі негізгі бағытты қамтып, табиғи құбылыс салдарынан пайда болған инфрақұрылымдық жағдайды жедел бақылауға алуды және ауылда жүріп жатқан саябақ құрылысын саралауға арналды.
Сапар барысында аудан әкімі алдымен 22 шілде күні өңірде жауған мол нөсер жаңбырдан кейінгі қалыптасқан жағдайды өз бақылауына алып, Раң ауылының тұрғындарымен кездесті.
Айта кетсек, жауын-шашынның шамадан тыс мол түсуіне байланысты таулы аймақта орналасқан Раң өзенінің арнасы белгілі бір уақыт аралығында тасыған болатын. Өзен бойындағы су ағысының әсерінен арнада қиыршық тастар жиналып, су шайған жыралар пайда болған. Осыған байланысты аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметінің дер кезінде жүргізген мониторингі нәтижесінде табиғи құбылыстың салдарынан Раң елді мекеніндегі тұрғын үйлерге залал келген жоқ, мекемелер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бұзылмаған және тұрғындардың мүлкі мен төрт түлік малы аман, ешқандай зардап шегу оқиғалары тіркелген жоқ.
Дегенменде, қазіргі таңда Раң өзенінің арнасын қайта қалыпқа келтіру, су жолын тазалау және жағалауды реттеу-нығайту жұмыстары өте қарқынды түрде жүргізілуде. Инфрақұрылымдық жұмыстарға жеке сектор мен коммуналдық мекемелердің техникалары тартылып, «Central Asia Mining Co» ЖШС тарапынан өзен арнасын тазалауға 2 арнайы ауыр техника бөлінсе, ал «Созақ сәулет» КММ тарапынан жағалауды реттеуге 1 арнайы техника жұмылдырылды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Раң елді мекенінің тау бөктерінде орналасқан ерекше географиялық жағдайын ескере отырып, су арналарының жай-күйін тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығын баса айтты. Аудан басшысы жауапты сала мамандарына өзен арнасын ретке келтіру және жағалауды бекіту жұмыстарын жоғары сапада әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жұмыс сапарының екінші бөлігінде аудан басшысы Раң ауылындағы әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымның дамуымен танысты. Аудан әкімі «Ақбастау БК» АҚ-ның демеушілігімен іске асырылып жатқан жаңа саябақтың және ондағы ашық сахна құрылысының барысын аралап көрді. Алдағы уақыттың еншісінде жаңа саябақ – Раң ауылы тұрғындарының, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған заманауи демалыс орны болмақ.
Сонымен қатар, аудан әкімі нысан басында, құрылыс материалдарының сапасына, сәулеттік әрі қауіпсіздік талаптарының сақталуына және мердігер мекеме өкілдерінің жұмыс кестесін қатаң сақтауына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, Мұхит Тұрысбеков мердігер мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде, жоғары сапамен аяқтап, ел игілігіне тапсыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы, тақырыпты тарқата келе түйгеніміз Түркістан облысының Созақ ауданында агроөнеркәсіп кешені қарқынды қанат жаюда десек артық айтқандығымыз емес. Әрине, келелі істердің кемелденуіне аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің еңбегі орасан. Азаматтығы мен елжандылығы елдің әлеуетін жақсартып, аймақтың экономикасын түрлендіріп, халықтың тұрмыс-тіршілігін гүлдендіруге бар күш жігерін жұмсауда. Бүгінгі Раң елді мекеніне жасаған бұл жұмыс сапары – жергілікті биліктің халық қауіпсіздігіне және елді мекендерді көркейтуге деген жоғары жауапкершілігінің және елдің мәселесіне бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстанымы мен патриотизімінің айқын көрінісі. Мұндай қасиет қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысу арқылы көрінетіні айтпаса да түсінікті.
Бүгінгі күні өзен арнасын ретке келтіру арқылы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және демеушілер есебінен жаңа саябақ салу сияқты кешенді бастамалар Раң ауылының дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына зор серпін берері сөзсіз.

