Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында ұлттық руханиятты өркендету, кітапханалардың рөлін арттыру, жас ұрпақты білім мен кітапқа баулу және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Кітапхана – бұл жай ғана кітап сақтайтын орын емес, ол – білім мен ғылымның, руханият пен тәрбиенің қасиетті ордасы. Кітапханашылар еңбегін ұлықтау, бұл саланы заман талабына сай цифрландырып, жаңаша мазмұн беру – еліміздің интеллектуалды болашағының кепілі» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, бүгін – Созақ руханияты үшін ерекше да қуанышты күн. Дәл осы 22 шілде күні белгілі журналист, қоғам белсендісі Нұржамал Әбілжанқызы Созақ аудандық орталық кітапханасына директор болып тағайындалған болатын. Бүгін осы бір жауапты әрі мәртебелі қызметке кіріскеніне тура 1 жыл толып отыр.
Көпшілікке мәлім, Нұржамал Әбілжанқызы – журналистика саласында өз қолтаңбасы бар, қоғамдық істерде белсенділік танытып жүрген, көптеген игі бастамалардың ұйытқысы. Бip ғана бағытпен шектелмей, бірнеше саланың жұмысын қатар алып жүретін іскер басшы. Осы бір жылдың ішінде ол аудандық орталық кітапхананың жұмысын жүйелеп, ұжымның ауызбіршілігін нығайтып, әрбір маманның жан дүниесіне үңіле білді. Оқырман үшін де, руханият үшін де аянбай еңбек етіп, өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын азамат екенін іс жүзінде дәлелдеді.
Кітапханада өтетін барлық іс-шаралар мен маңызды жұмыстар әр аптаның дүйсенбі күні жан-жақты талқыланып, сараланып, нақты жоспарланып отырады. Әр істің жүйесі айқындалып, жауапкершілігі белгіленеді. Ешбір жұмыс атүсті орындалмайды. Керісінше, ұжыммен тығыз байланыста бірлесе еңбек ету қағидаты толық орнықты.
Біз әңгіме етіп отырған Созақ кітапханасының 80 жылдан астам тарихы бар. Ол 1943 жылы, сұрапыл соғыс жылдарының өзінде-ақ өз жұмысын бастаған. Қаншама қиын кезеңдер мен тоқырау жылдарын бастан өткерсе де, ардагер кітапханашылар кітап қорын көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізді.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы Тұрысбековтің тікелей қолдауымен бой көтерген заманауи кітапхана ғимаратының әрбір кірпіші мен қабырғасы Нұржамал Әбілжанқызы үшін де, аудан жұртшылығы үшін де ерекше қымбат. Бүгінде бұл қасиетті шаңырақтағы рухани мұра толықтырылып, қор көлемі 500 мыңға жуық кітап пен мерзімді басылымға жетті. Осы қастерлі қазынаны келер ұрпаққа аманат ету мақсатында барлық жағдай жасалып, кітаптар мен басылымдар заманауи кітап қоймасына талапқа сай орналастырылды.
«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасына сәйкес, ардагер кітапханашыларға арналған арнайы бұрыш ашылды. Кітапхана тарихында алғаш рет мекеменің жеке логотипі әзірленді. Сондай-ақ, ғимараттың ішкі бөлмелері талғаммен безендіріліп, ауласы гүлдермен және жеміс ағаштарымен көмкерілді.
Күнтізбелік, мерекелік, мерейтойлық және жобалық жұмыстар үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Нұржамал Әбілжанқызының әр санаттағы оқырманмен, әсіресе жастармен еркін тіл табысып, оқыған кітаптарына пікір айтып, әдеби сұхбат құратыны ерекше сүйсіндіреді.
Ұлы Абай Құнанбайұлы қара сөздерінің бірінде баланың табиғатынан еліктегіш, көргенін қайталап, білгенін үйренуге құмар болып өсетінін айтады. Расында да, жас ұрпақтың қызығушылығы білімге, кітапқа бұрылса – бұл қоғам үшін үлкен игілік.
Ерекше атап өтетін жобалардың бірі – «Мейірімділікке құштар болайық» жобасы. Нұржамал Әбілжанқызы келгелі бұл жоба жаңа мазмұнмен толықты. Мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға жылы қабақ танытып, сый-сияпаттар ұсынып, олардың қоғамның тең құқылы мүшесі екенін сезіндіру – бұл басшының адамгершілігі мен биік парасатының дәлелі. Бір жыл аз уақыт болып көрінуі мүмкін. Алайда осы бір жыл кітапханашылар үшін өрлеу мен өркендеудің, шабыт пен жаңашылдықтың жылы болды. Осы қысқа кезеңде қол жеткізілген марапаттар жайын сөз етсек, «Үздік аудандық маңызы бар кітапхана» номинациясы, «Үздік кітапханашы» марапаттары, «Белсенді әлеуметтік желі» бағыты бойынша аудандық және облыстық деңгейдегі жеңістерге қол жеткізді.
Жалпы, Созақ аудандық орталық кітапханасының директоры Нұржамал Әбілжанқызының 1 жылдық еңбек жолы – ұжымның өркендеуіне, ұлттық руханияттың дамуына және оқырман мен кітап арасындағы алтын көпірдің нығаюына қосылған үлкен үлес. Сондай-ақ, тарихи мұрасы бай Созақ өңірінде кітапхана ісі одан әрі дамып, руханият шырағы ешқашан сөнбесін деген ниеттеміз.

