Қазақ даласының әр төбесі – тарих, әр тасы – шежіре. Бірақ сол шежірені сөйлететін, үнсіз жатқан тарихты тірілтетін адам табыла бермейтіні өкінішті. Біз кейде өткенімізге мақтанышпен қараймыз, бірақ сол өткеннің көмескі тұстарын терең зерттеуге келгенде тоқтап қалатынымыз бар.
Созақ – сондай тағдыры күрделі, тарихы терең өңірлердің бірі. Бұл өлке туралы деректер аз емес, көп те емес. Бірақ сол деректердің басын қосып, нақты ғылыми тұжырым жасайтын еңбектер саусақпен санарлық. Соның өзі-ақ бізде зерттеуге деген жүйелі көзқарастың әлі де толық қалыптаса қоймағанын аңғартады.
Белгілі өлкетанушы Сүлеймен Тәбірізұлының «Созақ өңірі» атты еңбегін парақтай отырып, бір нәрсені анық сезінесің: автор тек дерек жинап қана қоймаған, сонымен қатар сол деректердің көмескі тұстарын меңзеп, «осыны зерттейтін жан табылар ма екен?» деген іштей бір сауал тастап кеткендей әсер қалдырады.
Оның жазбаларынан Созақтың тарихы толық ашылмаған, әлі талай зерттеуді қажет ететін жұмбақ дүние екенін аңғару қарапайым адамға қиын емес. Сүлеймен Тәбірізұлының еңбегін оқи отырып, оның әр жолының астарында бір үнсіз өкініш жатқандай көрінеді. «Осыны біреу зерттесе екен…» дегендей. Себебі ол кісі бар деректі жинаған, бағыт көрсеткен. Бірақ соңғы нүктені қоятын, әрине – зерттеуші, ғалымдар қауымы.
Мәселен, Ибн Розбиханның Түркістан аймағындағы отыз бекініс туралы жазбаларында Созақтың аталуы – бұл өңірдің сол кезеңдегі геостратегиялық және саяси маңызын айқын көрсетеді. Ал енді сол деректердің ішінде Дешті Қыпшақ билеушісі Әбілқайыр ханның кенеттен қайтыс болып, Созаққа жерленгені туралы мәліметтің кездесуі – тіпті ойландыратын дүние. Бұл нақты дәлелденген тарихи факт болмауы мүмкін. Бірақ оның өзі ғылыми айналымға түсіп, кешенді зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып емес пе?
Сол сияқты Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға қатысты деректер де Созақпен тығыз байланыстырылады. Кейбір аңыздар мен жазбаларда Жәнібек ханның ұлы Махмудтың да осы өңірде жерленгені айтылады. Бірақ бұл мәліметтер толық ғылыми айналымға түсіп, нақты дәлелденіп отыр ма? Өкінішке қарай, жоқтың қасы. Бірақ соны терең қазып, салыстырып, ғылыми тұрғыдан жүйелеп, нақты қорытынды жасайтын зерттеулер жетіспейді. Бұл – тек Созаққа ғана емес, жалпы қазақ тарихына тән мәселе.
Созақ өңіріндегі «Хан мазары» аталып жүрген орындар да – соның бір дәлелі. Халық арасында түрлі пікір бар. Бірі Керей хан дейді, бірі Жәнібек ханға қатыстырады, енді бірі Әбілқайыр ханның ізі барын айтады. Бірақ нақты археологиялық зерттеу, генетикалық немесе антропологиялық ғылыми сараптама жүргізілді ме? Жоқ. Егер осы бағытта кешенді зерттеу жүргізілсе, бәлкім қазақ тарихының бір көмескі беті ашылар ма еді…Біз көбіне тарихты дайын күйінде қабылдауға үйреніп қалғанбыз. Ал шын мәнінде тарих – үнемі ізденісті қажет ететін тірі дүние. Әсіресе Созақ секілді көне өңірлерде әрбір төбе, әрбір қорым, әрбір атаудың артында үлкен сыр жатыр.
Тарих туралы сөз қозғағанда, біз көбіне нақты дәлелдер мен анық тұжырымдарды күтеміз. Бірақ кейде тарихтың өзі бізге дәл сондай айқын күйінде жетпейді. Ол көмескі, үзік-үзік деректер арқылы ғана сыр шертеді. Бұл жерде айтылған ойлар – ғылыми қорытынды емес, бар деректерге назар аудартуға деген талпыныс қана.
Уақыт өткен сайын мұндай мәселелерді зерттеу де күрделене түсетіні анық. Ғасырдан ғасырға, жылдан жылға, айдан айға, күннен күнге алға жылжыған сайын, бүгінгі көмескі деректер ертең тіпті қол жетпес дүниеге айналуы мүмкін. Кейбір тұжырымдар сол күйі беймәлім болып қалуы да ықтимал.
Сондықтан бүгінгі күні ең қажетті нәрсе – ниет және табандылық. Тарихты зерттеуге деген шынайы келбет. Егер сондай ізденіске бейім, жанашыр зерттеушілер табылса, Созақ қойнауындағы хандық тарихтың көмескі беттері біртіндеп ашыла берері анық.
Созақ – үнсіз жатқан тарихтың бір бөлшегі. Оның сыры толық ашылмауы мүмкін. Бірақ бірі бастайды, бірі жалғайды. Тарих та солай біртіндеп толық бола береді. Егер осы айтылған ойлар бір сәтке болса да ғалым, тарихшы, тұлғаларымыздың, ең болмағанда оқырманның санасына ой салса, бұл талпыныстың бекер болмағаны.
Қорытындылай айтқанда, Созақ – тек өткеннің ізі емес, ол – зерттеуді қажет ететін тарихтың тірі мұражайы. Ал сол мұражайдың есігін ашу – бүгінгі ұрпақтың, яғни білікті тарихшылар мен отаншыл зерттеушілердің қолында.

