Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік аймақтық саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ауылдық аймақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы өңірлердің, соның ішінде киелі Теріскей топырағының әлеуметтік-экономикалық және сәулеттік келбетіне тың серпін берді. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Ауылды көркейту – мемлекеттілігімізді нығайтудың берік діңгегі. Еңбек пен бірлік тоғысқан жерде ғана тұрақты даму мен береке болады» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы тұрғыда, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраға бай, шежірелі өңірі – Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылы жыл өткен сайын жаңарып, көркейіп, қарқынды дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінгі Шолаққорған – еңбектің, ыңтымақ пен бірліктің, сондай-ақ берекелі де бейбіт тірліктің айқын көрінісіне айналып келеді.
Жасыл желекке бөлленген көшелері мен заманауи инфрақұрылымы жылдар жылжыған сайын ажары кіріп, заманауи мегаполистер мен сапалы ауылдық елді мекендердің озық үлгісін бойына сіңірген Шолаққорғанның бүгінгі келбеті көз қуантады. Күре жолдар мен көше бойын көмкерген жасыл желек, жайқалған саялы ағаштар мен көз тартар әсем гүлзарлар ауылға ерекше сән беріп, өңірге аяқ басатын әрбір тұрғын мен қала қонақтарының көңілін еріксіз сүйсіндіреді.
Ауылдың инфрақұрылымдық дамуы аясында көшелерді көркейту мен көгалдандыру жұмыстары барысында, орталық және ішкі көшелер бойына мыңдаған түп көшеттер отырғызылып, автоматтандырылған суару жүйелері енгізілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық пен эстетикалық сапа тұрақты бақылауға алынған. Жол-көлік инфрақұрылымы жайына тоқталсақ, ауданаралық және ауыл ішіндегі күре жолдар сапалы асфальттанып, жаяу жүргіншілер жолдары, тротуарлар, түнгі жарықшамдар мен заманауи аялдамалар орнатылды. Сәулетті жаңа нысандар да бой көтеріп, ауыл орталығында тұрғындардың демалысына арналған заманауи саябақтар, балалар мен спорт алаңқайлары, әлеуметтік және мәдени ғимараттар бой көтерді. Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың елге сіңірген елеулі еңбегін мақтанышпен айта кеткеніміз жөн болар.
Созақ ауданының креативті индустриясы – шынайы алғанда таза шығармашылық пен қиялға негізделген. Сондықтан да болар қандайда бір жаңа туындыға толы нысандар, ғимараттар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатса, мықты идеяға толы жасалынуда. Осыдан барып аймақтың экономикалық саласы – табыс пен береке белдеріне айналуда. Жалпы, Созақ өңірінің жан-жақты дамыған мәдениетін әлем тануда десек, артық айтқанымыз емес. Әрине, мұндай әлемдік аренадан көріну, тіпті танылу – мақтаныш.
Әлеуметтік-экономикалық даму және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту аясында Шолаққорғанның көркейе түсуі тек оның сыртқы келбетімен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, ауылда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де тұрақты өсім көрсетіп келеді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің көбейуі, жаңа қызмет көрсету орындарының ашылуы, жұмыс орындарын құру – жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етуде. Ауылдағы білім беру, саламаттылық сақтау және спорт мекемелері заманауи талаптарға сай жабдықталып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, спортпен шұғылдануына және өнерге баулынуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Еңбек пен бірліктің салтанаты салтанат құрған Шолаққорғанның бүгінгі жетістіктері – ең алдымен, ауыл тұрғындарының адал еңбегі мен ауызбіршілігінің жемісі. Атадан балаға асыл аманат болып жеткен елдік пен ынтымақ, ауыл ақсақалдарының батасы мен жастардың жігерлі ізденістері тоғысқан жерде өркендеу мен өсу бар. Ауыл азаматтары туған жерді көркейтуге, оның тазалығын сақтауға және қоғамдық тәртіпті ұстануға бірауыздан атсалысып, берекелі ортаны қалыптастырып отыр.
Бүгінгі тақырыпты тарқата келе айтпағымыз, жаңаша сипатпен түлеп жатқан Шолаққорған – ертеңге сеніммен қадам басқан, еңбек пен бірлікті ту еткен берекелі мекен. Табиғаты мен сәулеті үйлескен, жасыл желекке оранған бұл ауыл келешекте де бой түзеп, Түркістан облысының ең көрікті де жайлы елді мекендерінің бірі болып қала берері сөзсіз. Туған өлке гүлденіп, Шолаққорғанның мерейі үстем, тұрғындарының ынтымағы баянды болғай деген ниеттеміз.

