Қазақстан Республикасының мемлекеттік мәдени саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұлттық тарихты түгендеу, аймақтардың шежіресін зерделеу және ел дамуына, өлкетану мен журналистика саласына өлшеусіз үлес қосқан ардақты тұлғалардың есімін ұлықтау – стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады.
Елдің тарихи жады мен рухани кодын сақтауда жергілікті қаламгерлер мен өлкетанушылардың атқаратын жүгі өте салмақты. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық мақалалары мен сөздерінде туған өлке тарихын зерттеп, оны келешек ұрпаққа аманаттап қалдырудың маңыздылығын үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраға бай, шежірелі өңірлерінің бірі – Созақ аудандық Султанбек Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде ұлағатты шара өтті. Созақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, қарымды қаламгер Есенбек Кенжеғараевтың 80 жылдығына орай «Ғибратты ғұмыр» атты салтанатты еске алу кеші ұйымдастырылды. Киелі Теріскей топырағына танымал тұлғаның мерейтойлық шарасы аймақтың рухани-мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды.
Тағылымға толы шараға аудан зиялылары, еңбек ардагерлері, мәдениет және баспасөз саласының өкілдері, қаламгердің туған-туыстары, қаламдас әріптестері мен ізбасарлары қатысты. Басқосуда журналистика мен өлкетану саласына сүбелі де сүбелі үлес қосқан, артына мол мұра қалдырған тұлғаның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық қызметі жайында терең сыр өрбітілді.
Кештің салтанатты ашылуында Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйледі. Серік Елеусізұлы өз сөзінде қаламгер Есенбек Кенжеғараевтың ауданның рухани-мәдени, қоғамдық-саяси өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Аудан басшылығының атынан сөйлеген ол қаламгердің ел тарихын түгендеп, өлкенің шежіресін хатқа түсірудегі ерен еңбегі, тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтірудегі ізденістері кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес алтын мұра екенін ерекше атай келе, бұл еңбектердің жастарға патриоттық тәрбие берудегі рөліне тоқталды.
Сонымен қатар, жиында сөз алған ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері Есенбек Кенжеғараевтың азаматтық болмысы, қайраткерлік қыры мен адами асыл қасиеттері туралы тебіреніске толы естеліктерімен бөлісті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов қаламгердің ардагерлер қозғалысын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттаудағы және аға буын өкілдерінің ерлігі мен еңбегін жазып қалдырудағы еңбегін тілге тиек етті. Ауданның Құрметті азаматы Сағынтай Мұсабеков, Есенбек ағаның ұқыптылығын, тарихи деректерге деген жауапкершілігін және әрбір кейіпкердің тағдырын жүрекпен сезініп жазатын биік қаламгерлік шеберлігін сипаттады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асқар Мыңжасар қаламгердің мәдениет пен өнер саласына қосқан үлесін, Созақтың сазгерлері мен күйшілері туралы жазған құнды мақалаларының маңызын атап өтті.
«Созақ үні» газетінің редакторы Мақсат Қарғабай журналистика мектебінің аға буын өкілі ретінде Есенбек Кенжеғараевтың жас тілшілерге көрсеткен қамқорлығы мен «Созақ үні» газетінің қарашаңырағында атқарған жемісті еңбектерін еске алды.
Еске алу кеші барысында қаламгердің шығармашылық мұрасынан, отты мақалалары мен өлең-толғауларынан үзінділер оқылып, оның азаматтық лирикасы мен публицистикасының тереңдігі паш етілді. Шараның ең тағылымды да тебірентерлік сәттерінің бірі – жазушының қызы Нұргүл Есенбекқызының әке рухына деген сағынышы, перзенттік құрметі мен перзенттік парзынан туған «Ғибратты ғұмыр» атты жаңа еңбектің тұсаукесер рәсімі болды. Бұл кітапта Есенбек Кенжеғараевтың өмір жолы, замандастарының естеліктері, сирек кездесетін мұрағаттық фотодеректер мен қаламгердің әртүрлі жылдары жарық көрген таңдаулы туындылары жинақталған. Кітаптың тұсаукесер лентасын ел ағалары салтанатты түрде кесіп, оқырмандарға жол тартқан жаңа басылымға оң баталарын берді.
Саналы ғұмырын журналистика мен өлкетану ісіне арнаған Есенбек Кенжеғараевтың қаламынан Созақ өңірінің, жалпы Түркістан облысының тарихын, мәдениетін, майдан және еңбек ардагерлерінің ерлігін бейнелейтін көптеген құнды еңбектер дүниеге келді. Оның әрбір кітабы – архив деректерімен, куәгерлердің естеліктерімен шегенделген тарихи құжат іспетті.
Қаламгердің негізгі туындыларының тізбегіне тоқталсақ, «Теріскей түлектері жауынгерлік сапта» – Екінші дүниежүзілік соғысқа Созақ өңірінен қатысқан майдангерлердің ерлігі, олардың ұрыс даласындағы батырлығы мен майданнан кейінгі бейбіт еңбектегі үлесін баяндайтын деректі-тарихи шығарма.
«Сахара самалы» – Теріскей даласының табиғатын, онда өмір сүрген тарихи тұлғалар мен қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, ұлттық салт-дәстүрді арқау еткен сыршыл публицистикалық жинақ.
«Мен Созақтың перзентімін» – Авторының туған топырағына деген перзенттік махаббатын, туған жердің тарихи кезеңдерін, даму белестерін өзіндік көзқараспен жүйелеген автобиографиялық және өлкетанулық еңбегі.
«Сырлы Созақтың сағы» – Өңірдің рухани қазынасын, сөз өнері мен күйшілік дәстүрін, Теріскейдің аңыз-әпсаналары мен киелі орындарының тарихын зерделеген маңызды туынды.
«Байланыстың күре тамыры» – Аудандағы салалық мекемелердің, атап айтқанда байланыс саласының қалыптасуы мен даму жолын, онда адал қызмет еткен сала мамандарының еңбегін арқау еткен салалық-деректі еңбек.
«Мылтықсыз майдан ерлері» – Соғыс жылдарында тылда тыным таппай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан аға буын өкілдері мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерлігіне арналған тағылымды кітап.
«Өнер өрісі» – Созақ өңірінен шыққан өнер майталмандарының, күйшілердің, термешілер мен актерлердің шығармашылық өмірбаяны мен мәдениет саласының өркендеуін қамтыған жинақ. «Созақ энциклопедиясы» – Созақ ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жарық көрген, өңір тарихындағы ең ауқымды да фундаменталды еңбектердің бірі. Бұл энциклопедияда аймақтың географиясы, тарихы, белгілі тұлғалары, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени мұрасы жан-жақты жүйеленіп, хатталған.
Есенбек Кенжеғараевтың еңбегі тек кітап жазумен шектелмейді. Ол өзінің бүкіл саналы өмірінде Созақ өңірінің бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға, жергілікті «Созақ үні» газетінің мазмұнын байытуға, жас тілшілерді тәрбиелеуге белсене атсалысты.
Оның өлкетанудағы ұстанымы – әрбір тарихи деректі мұрағаттық құжаттармен дәлелдеу, ауызша шежірені жазбаша тарихқа айналдыру және оны жас ұрпаққа жеткізу болды. Қаламгердің артында қалған мол мұрасы бүгінгі күні де тарихшылар, студенттер мен өлкетанушылар үшін таптырмас ғылыми-ақпараттық дереккөз болып табылады.
Созақ аудандық С. Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен «Ғибратты ғұмыр» еске алу кеші – халықтың өз ардақтысына, қаламгеріне деген биік құрметінің, рухани сабақтастықтың айқын көрінісі болды. Саналы ғұмырын журналистика мен өлкетану ісіне арнап, Теріскейдің шежіресін тасқа басып қалдырған Есенбек Кенжеғараевтың жарқын бейнесі, азаматтық болмысы мен мол шығармашылық мұрасы халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Оның қаламынан туған «Созақ энциклопедиясы» мен өзге де іргелі еңбектері келешек ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын рухани темірқазық болып қала береді. Ел есіндегі ардақты қаламгердің рухы асқақ, мұрасы мәңгілік болғай деген ниеттеміз.

