Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын орнықтыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі істер органдарының беделін арттыру және полиция қызметкерлерінің еңбегін ұлықтау – мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Полиция – қоғамдық тәртіптің берік қалқаны. Елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуде, азаматтардың тыныштығын қорғауда ішкі істер органдары қызметкерлерінің атқаратын рөлі зор. Қоғамда полицияға деген сенімді арттыру, олардың абыройлы еңбегін бағалау – ортақ міндетіміз» деп үнемі баса айтып келеді. Осы орайда, Түркістан облысының тарихи-мәдени мұраға бай, шежірелі өңірі – Созақ ауданында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті.
Аудандық орталық кітапханада ұйымдастырылған бұл айтулы іс-шара аясында құқық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері, аудан басшылығы және зиялы қауым өкілдері бас қосып, ел тыныштығын күзеткен сақшылардың абыройлы еңбегін арқау еткен «Созақ сақшылары» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының асқақтай шырқалуымен салтанатты түрде бастау алды. Жиында алғашқы құттықтау сөзді Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов сөйлеп, аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің және аудан басшылығының атынан құқық қорғау саласының ардагерлері мен жеке құрамды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Серік Маманов өз сөзінде қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы күресте полиция қызметкерлерінің қалтқысыз қызметін атап өтіп, міндетін адал атқарған бірқатар сала қызметкерлеріне Созақ ауданы әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін аудандық мәслихат төрағасының және аудан прокурорының Алғыс хаттарымен де үздік полиция қызметкерлері марапатталды.
Созақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Мұратов әріптестері мен ардагерлерге ізгі тілегін білдіріп, саладағы қызметтік тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты шара аясында, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаровтың бұйрығымен бірнеше қызметкерге кезекті арнаулы шендер мен атақтар табыс етілді. Сондай-ақ, Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының Алғыс хаттарымен қызметтік міндетін үлгілі орындаған полиция офицерлері мен сержанттары марапатталды.
Еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда абыройлы қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерін тәрбиелеп өсірген ата-аналар да назардан тыс қалмады. Отанға адал азамат тәрбиелегені үшін оларға арнайы марапаттар мен ризашылық хаттар тапсырылып, толағай құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиында құқық қорғау және арнаулы органдардың өкілдері, сондай-ақ аға буын өкілдері ізгі тілектерін білдіріп, ведомствоаралық ынтымақтастықтың маңызын айқындады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Созақ аудандық бөлімінің бастығы –Даулет Тастанов, Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы – Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, полиция саласында жылдар бойы еңбек етіп, кейінгі буынға үлгі болып жүрген сала үздіктеріне Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының Алғыс хаттары табыс етілді.
Салтанатты шараның ең басты рухани оқиғасы – ақын, жазушы, халықаралық «Алтын қалам» сыйлығының иегері Мақсат Жеңісұлының «Созақ сақшылары» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Кітаптың негізгі мазмұны мен маңызына тоқталар болсақ, кітапта Созақ өңіріндегі ішкі істер органдарының құрылу тарихы, қалыптасу кезеңдері мен даму жолы егжей-тегжейлі баяндалған. Ел шетінде, тау бөктеріндегі елді мекендерде қылмыспен күресіп, қоғамдық тазалықты сақтаған ардагер полицейлердің өмір жолы мен ерлікке толы естеліктері енгізілген.
Әрине, бұл туынды жас полиция қызметкерлерін отансүйгіштікке, заңға құрметпен қарауға және өз кәсібіне адал болуға тәрбиелейтін таптырмас құнды дүние ретінде көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен талантты орындаушылары әзірлеген мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Созақ аудандық орталық кітапханасында өтіп, «Созақ сақшылары» кітабының тұсаукесерімен өрілген бұл мерекелік жиын – өңірдегі заңдылық пен тәртіпті сақтап жүрген сақшылардың еңбегіне берілген жоғары баға. Еліміздің ішкі тұрақтылығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген Созақ сақшыларының мәртебесі биік, мәртебелі қызметтері берекелі болғай деген ниеттеміз.

