Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында балалардың амандығын сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және балалар арасындағы құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алу – мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Балалардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Әрбір бала өзін қауіпсіз, қамқорлықта сезінуі тиіс. Тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жүргізуде немқұрайлылыққа жол берілмеуі керек» деп үнемі баса айтып келеді.
Жасыратыны жоқ, жыл сайын миллиондаған жасөспірімдер білместіктен алаяқтық схемалардың құрбандар немесе оның қатысушылары болып жатады. Бәрі әлеуметтік желіде лайк басудан немесе репост жасаудан басталуы әбден мүмкін. Бұл алаяқтар үшін белгілі болуы мүмкін, олар көздә-ашып жұмғанша сіздің балаңызды «иірімге» тартып әкете алады. Сондықтан да, балаларға технологиялардың өзі қауіпті емес, оларды жеке мақсатына қолданатын адамдар қауіпті екенін, олардан сақтану жолдарын түсіндірудің маңыздылығы орасан.
Осы орайда, Шардара ауданында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдерге қолдау көрсету және ведомствоаралық байланысты нығайту, киберқауіпсіздіктің алдын алу бағытында маңызды штаб отырысы өтті.
Түркістан облысы білім басқармасының «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Баймұханбетованың ұйымдастыруымен Шардара аудандық әкімдігімен бірлескен тәуекел топтарымен жұмыс жүргізу мәселелері бойынша бұл жиын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде ұйымдастырылды.
Жиынның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәуекел тобындағы балаларды ерте кезеңде анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру болып табылады. Бала өмірі мен болашағына жауапты мекемелердің басын қосқан штаб отырысына Шардара ауданы әкімдігінің өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар, құқық қорғау органдарының (ювеналды полиция, прокуратура) өкілдері мен денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының мамандары және бала құқықтарын қорғау бағытында жұмыс жүргізетін уәкілетті өкілдер мен жауапты мамандар қатысты.
Кездесу барысында Шардара ауданы бойынша тәуекел тобындағы балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың қазіргі ахуалы сараланып, өзекті де түйткілді мәселелер жан-жақты талқыланды. Көтерілген негізгі бағыттар барысында балалар арасындағы суицидтік мінез-құлық, психологиялық қысым, буллинг және отбасылық зорлық-зомбылық белгілерін алғашқы кезеңде анықтау алгоритмдерін жетілдіру мен қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен олардың отбасыларына тек психологиялық қана емес, әлеуметтік, медициналық және құқықтық көмек көрсету және мекемелердің жеке-жеке емес, жүйелі түрде бірлесіп алдын алу акциялары мен рейдтік іс-шараларын ұйымдастыру айтылды.
Жиында сөз алған «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Зайнуллақызы Баймұханбетова балалардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Балалардың киберқауіпсіздігін қорғау – олардың интернеттегі қауіпсіздігін, құпиялылығын және психологиялық амандығын қамтамасыз ету – бұл қайсыбір мекеменің ғана емес, тұтас қоғамның, барлық мемлекеттік органдардың біріккен жауапкершілігі. Біз тәуекел тобындағы әрбір баланы назардан тыс қалдырмай, дер кезінде қолдау көрсетуіміз керек. Бұл саладағы тиімді жұмыс – тек шынайы ынтымақтастық пен өзара жауапкершілікке негізделуі тиіс», – деп атап өтті Мөлдір Зайнуллақызы.
Осы орайда, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалып, мектеп психологтары мен полиция инспекторларының, әлеуметтік қызметкерлердің бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәуекелдердің алдын алу бойынша штаб отырысында қабылданған негізгі шешімдер мен жұмыс бағыттары айқындалды.
Атап айтқанда, білім беру ұйымдары, полиция және денсаулық сақтау мекемелері арасында тәуекел тобындағы балалар туралы оперативті ақпарат алмасу жүйесін жолға қою. Қиын жағдайдағы отбасыларды әлеуметтік қолдау арқылы баланың отбасылық ортада қауіпсіз өсуіне жағдай жасау. Мектеп психологтарының біліктілігін арттыру, оларға облыстық психологиялық қолдау орталығы тарапынан әдістемелік көмек көрсетуді жүйелеу. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін көтеру, оларға арналған психологиялық-ағартушылық семинарлар мен тренингтерді көбейту.
Бала тағдырына бейжай қарамайтын жауапты мекемелердің басын қосқан бұл маңызды алаңда көтерілген әрбір ұсыныс – қауіптің алдын алуға, ал қабылданған әрбір шешім – өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қалыптастыруға бағытталды. Шардара ауданында өткен штаб отырысы – балалардың амандығы мен жарқын келешегі жолындағы мемлекеттік органдар мен мамандардың бірлескен нәтижелі еңбегінің айқын көрінісі деуге болады.

