Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Ауылды, өңірді дамыту – бұл тек әкімдіктің ғана емес, бүкіл қоғамның, ақсақалдар мен азаматтардың біріккен еңбегінің жемісі. Елде ынтымақ пен өзара сенім болғанда ғана берекелі тірлік қалыптасады» деп үнемі баса айтып келеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елді мекендерді көркейту, аға буын мен жергілікті билік арасындағы диалогты нығайту және қоғамдық ынтымақтастықты тереңдету – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылатыны шындық.
Неге десеңіз, Түркістан облысының Шардара ауданында атқарылып жатқан оң өзгерістер мен ауқымды бастамаларға Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов арнайы тоқталып, өзінің сараптамалық әрі тағылымды пікірін білдірді. Ақсақалдар кеңесі төрағасының айтуынша, аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев туған жердің өркендеуі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуды басты міндеттердің бірі ретінде қарстырып, жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қыстау Ілесовтің пікірінше, туған жерге деген шынайы жанашырлық пен елжандылық құрғақ сөзбен емес, нақты, көзге көрінетін сапалы іспен дәлелденеді. Соңғы жылдары Шардара ауданында қолға алынған кешенді жобалар мен инфрақұрылымдық жаңарулар – осы сөздің айқын айғағы.
Аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан негізгі бағыттар жайында өрбітер болсақ, көптен күткен «Тама–Тастанбек» жер асты су құбыры жобасы іске асырылып, Шардара қаласы мен 22 елді мекен тұрғындары сапалы таза сумен қамтамасыз етілді. Жақында іске қосылуға дайындалған «Тама» ауыз суы нысаны да осы бағыттағы ауқымды жұмыстың заңды жалғасы. Жаушықұм–Қалғансыр бағытындағы 8 шақырымдық жаңа жол салынып, ел игілігіне берілді. Қала ішіндегі және ауылдардағы көшелер жөнделіп, жарықшамдар орнатылды. Қала мен ауылдық елді мекендерге табиғи газ желілері тартылып, тұрғындардың тұрмыс жағдайы едәуір жеңілдеді. Тозығы жеткен электр бағаналары жаңарып, мектептер, балабақшалар мен спорт алаңшалары халық игілігіне қызмет етуде.
Бұл атқарылған жұмыстардың барлығы аудан басшысының өңірді көркейтуге деген жоғары жауапкершілігі мен нақты нәтижеге бағытталған еңбегін көрсетеді. Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту, көшелерді көркейту мен көгалдандыру – тұрғындардың күнделікті көңіл-күйі мен салауатты өмір салтына тікелей ықпал ететін фактор.
Қыстау Ілесов аудан орталығы мен елді мекендерде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарына ерекше тоқталды. Мәселен, Шардара қаласына кіретін басты жолдар мен қақпалар заманауи нақышта қайта өңделіп, көркем сипат алды. Саябақтар мен гүлзарларда автоматтандырылған суару жүйелері іске қосылып, жасыл аймақтардың күтімі қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында тұрақты түрде сенбіліктер өтіп, тазалық пен эстетика сақталуда.
Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов аудан басшылығының бұл бастамалары халықтың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, терең тәрбиелік мәнге ие екенін атап өтті. Нақтырақ тарқатсақ, тұғырлы, таза әрі көркейген ауылды көріп өскен жастардың бойында туған жерге, өлкеге деген перзенттік сүйіспеншілік пен патриоттық сезім қалыптасады. Жақсылықты бағалау, туған өлкеге жанашыр болу сияқты асыл қасиеттер қоғамда кеңінен дәріптеледі. Бірлесе жасалған игі істер тұрғындардың арасындағы ынтымақтастық пен берекені күшейте түседі.
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы өз сөзінде кез келген ауданның тұрақты дамуы үшін мемлекеттік органдар мен жергілікті тұрғындардың арасындағы өзара сенім, ашықтық пен сыйластық аса маңызды екенін баса айтты. – «Біз ортақ мақсат жолында бірлесіп еңбек еткенде ғана үлкен биіктерді бағындырамыз. Аудан әкімі Арман Романұлының халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдауы – ашық диалогтың айқын үлгісі. Елді мекендерді көркейту – жалғыз әкімдіктің ісі емес, бұл – барша шардаралықтардың ортақ борышы мен парызы», – дейді Қыстау Ілесов.
Сонымен қатар, демеушілер есебінен жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналарға баспана беріліп, қайырымдылық қолдауларының көрсетілуі де осы тығыз ынтымақтастықтың оң нәтижесі болып табылады. Жасыратыны жоқ, Шардара аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесовтің бұл сараптамалық пікірі – ауданда жүзеге асырылып жатқан жүйелі де игі жұмыстарға берілген әділ баға. Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың басшылығымен атқарылып жатқан ауқымды істер, аға буын өкілдерінің ақ батасы мен халықтың қолдауының арқасында Шардара өңірі бұдан да биік белестерді бағындыра берері сөзсіз.
Әрине, бірлескен еңбек пен ауызбіршілік бар жерде даму да, береке де баянды болады. Шардара өңірі өркендеп, ел іргесі аман, ынтымағымыз берік болып жатқанының себебі де осында екенін біле жүргеніңіз абзал.

