Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында халықтың тұрмыс сапасын арттыру, елді мекендерді инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және тұрғындарды 100 пайыз таза, сапалы ауыз суға қол жеткізуге жағдай жасау – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Ауыз су – бұл халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасының ең басты көрсеткіші. Әрбір ауыл мен қаланы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Түркістан облысының Шардара ауданында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың бірі өзінің мәресіне жетті. Тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі – «Тама» ауыз суы нысаны жақын күндері ресми түрде пайдалануға берілуге дайын. Шардара ауданының әкімі Арман Карсыбаев мырза маңызды нысанға арнайы барып, құрылыс пен дайындық жұмыстарының соңғы барысын пысықтады. Аудан басшысы нысанның техникалық дайындығымен қатар, оның айналасын абаттандыру, санитарлық талаптарға сәйкестендіру және көгалдандыру жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды. Атқарылған жұмыстардың ерекшеліктеріне назар салсақ, нысан аумағына тұтастай жасыл көгал төселіп, сәндік және көлеңкелі ағаштар отырғызылды. Бұл нысанның тек өндірістік қана емес, заманауи әрі көрікті келбетке ие болуын қамтамасыз етті. Жасыл желектің ұдайы күтімін камтамасыз ету мақсатында автоматты суару жүйесі толықтай іске қосылды. Бұл адами факторды азайтып, жасыл аймақтың үнемі жайқалып тұруына жағдай жасаумен қатар, бұл су резервуары – Шардара халқы үшін көптен күткен ең басты игіліктердің бірі. Жаңа «Тама» ауыз суы нысаны аудан тұрғындарын тұрақты, үздіксіз әрі барлық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сай келетін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сапалы судың берілуі, халық денсаулығын жақсартуға және тұрғындардың түрлі жұқпалы және асқазан-ішек ауруларының алдын алуға кепіл болады. Сондай-ақ, тұрмыс жайлылығын арттыруға, әрбір шаңырақтың күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін сапалы өтеуге ықпал етеді және өңір дамуына серпін беріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын нығайтады.
Тақырыпты тарқатар болсақ, «Тама» ауыз суы нысанының іске қосылуы – Шардара өңірінің инженерлік инфрақұрылымын дамытудағы, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудағы үлкен әрі маңызды қадам. Аудан тұрғындары үшін бұл – күнделікті өмірдің жайлылығын арттыратын, ел игілігіне бағытталған үлкен қуаныш пен берекелі іс.
Ел игілігіне арналған жаңа нысан Шардара халқына ұзағынан сүйіншілеп, өңірдің өркендеуіне қызмет ете берсін деген ниеттеміз.

