Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты қағидаттардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың мұқтаждықтарына жедел әрі тиімді әрекет ету болып табылады. Тұрғындармен жеке қабылдаулар өткізу, олардың арыз-шағымдарына құлақ асып, өзекті мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастыру – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті. Түркістан облысының көрікті де өркендеген аймақтарының бірі – Түлкібас ауданында бұл бағыттағы жұмыстар науқандық емес, күнделікті жүйелі бақылау мен нақты іс-қимыл негізінде жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, аудан орталығындағы Досалиев көшесінің тұрғындары жолдың сапасы мен қатынау қиындығы бойынша өтініш білдірген болатын. Аудан әкімі аталған көшеге арнайы барып, онда тұратын жергілікті тұрғындармен кездесті және жолдың қазіргі жай-күйін мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде шұғыл жөндеуді талап ететін бұл көшеге аудандық бюджеттің жолдарды күтіп-ұстауға бөлінген қаржысы есебінен толық әрі сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде тиісті бөлім басшыларына тікелей тапсырма берілді.
Сонымен қатар, аудан орталығын аралау барысында Грицинин көшесінің де тозығы жетіп, жол жабындысының бірнеше жері ойлы-шұңқырлы болып, бүлінгені анықталды. Тұрғындар мен автокөлік иелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан басшысы жауапты мекемелерге Грицинин көшесіне де тиісті жөндеу жұмыстарын жоғары сапамен жүргізуді жүктеді. Жол сапасы – аймақтың даму деңгейінің басты көрсеткіші.
Түлкібас ауданы аграрлық секторы өркендеген өңір болғандықтан, егістік алқаптарын тұрақты ағын сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді басқару – өміршеңдік маңызға ие. Аралау сапары барысында аудан әкімі ауылдық округтерде орналасқан стратегиялық маңызы бар Сартөр және Құлан су қоймаларының қазіргі тыныс-тіршілігімен, су жинақталу деңгейімен танысты.
Бұл су қоймаларының негізгі міндеттері, көктемгі еріген қар сулары мен жауын-шашын кезіндегі тасқын суды апатсыз жинақтап сақтау, жиналған су қорын жазғы суару маусымында егістік алқаптарына тиімді бөліп, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, өңірдің су балансын қалыпты ұстау болып табылады. Бүгінгі таңдағы нақты деректерге тоқталсақ, Сартөр су қоймасының жалпы жобалық сыйымдылығы 1 млн текше метрді құрайды. Қазіргі таңда мұнда 700-800 мың текше метр су жиналып, су қоймасы шамамен 80 пайызға толған. Бұл суару маусымына деген жақсы дайындықты білдіреді.
Ал Құлан су қоймасының жобалық сыйымдылығы 1 млн 400 мың текше метр болса, қазіргі уақытта су көлемі толық жиналып, 100 пайыздық межеге жеткен. Бұл диқандар үшін су тапшылығы қаупінің жоқтығын айғақтайды.
Су қоймаларын аралау барысында аудан әкімі Асқар Естібаев ең басты мәселе – адам өмірі мен су қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына айрықша тоқталды. Жазғы ыстық аптапта су қоймаларына заңсыз шомылу қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай тәуекелдердің алдын алу – кезек күттірмейтін міндет.
Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, аудан басшысы су қоймаларының маңына «Шомылуға тыйым салынады» деген көрнекі ескерту тақтайшаларын жедел орнатуды, күзет пен қауіпсіздік талаптарын барынша күшейтуді тапсырды. Ескертулерге қарамастан, рұқсат етілмеген қауіпті орындарда суға түскен азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану ішкі істер мен төтенше жағдайлар органдарына міндеттелді.
Сонымен қатар, жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне тұрғындар мен жастар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, адам өмірін сақтау бойынша профилактикалық шараларды күшейту жүктелді.
Аудан басшысының сапары әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылыс алаңдарында жалғасты. Асқар Естібаев Бақыбек мөлтек ауданында салынып жатқан 100 орындық жаңа клубтың құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын зерделеді. Ғимараттың құрылыс барысын мұқият аралап көрген аудан әкімі кейбір құрылыс-монтаж жұмыстарында орын алған кемшіліктерді анықтады. Аталған олқылықтар бойынша аудандық құрылыс бөлімінің жауапты мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне ескерту жасалып, нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарын мемлекеттік бекітілген талаптарға сай, сапалы материалдарды пайдалана отырып және белгіленген кестеге сәйкес уақытылы аяқтау қажеттігін тапсырды. Құрылыстағы сапасыздыққа ешқандай жол берілмейтіндігі ескертілді.
Аудан әкімі Асқар Естібаевтың инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралау сапарының негізгі бағыттары, яғни Досалиев және Грицинин көшелеріне күтіп-ұстау қаржысы есебінен сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізуді және Сартөр — 80 пайызға толы, ал Құлан – 100 пайызғаттолы су қоймаларын тиімді пайдалану, шомылуға тыйым салатын белгілер орнатып, заң бұзушыларға әкімшілік айыппұлдар қолдану мәселелерін қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Сондай-ақ, Бақыбек мөлтек ауданындағы 100 орындық клуб құрылысындағы кемшіліктерді жойып, сапалы аяқтауды және биыл пайдалануға берілетін 4 жаңа ФАП құрылысын мерзімінде әрі мінсіз сапамен тапсыру қамтылды.
Түлкібас ауданында халық өтініштерін орындау, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік-медициналық нысандардың құрылыс сапасын қадағалау бойынша өткен бұл ауқымды жұмыс сапары өңірді басқару жүйесінің нәтижеге бағытталған жұмыс стилін айқын көрсетуде. Әрбір жобаны қатаң бақылауға алған бұл жүйелі қадамдары алдағы уақытта Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі арттырып, әрбір тұрғынның жайлы да қауіпсіз ортада өмір сүруіне берік негіз қалайды. Еңбек пен жауапкершілік, заң мен тәртіп ұштасқан Түлкібас өңірінің болашағы қашанда жарқын, даму жолы әрқашан даңғыл болмақ.

