Қазіргі таңда жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды түрлі келеңсіз жағдайлардан қорғау және тұлғалық тұрғыдан дұрыс дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Бұл мәселедегі жауапкершілік тек ата-анаға немесе мектепке ғана емес, бүкіл қоғамдық институттарға жүктеледі. Осы орайда, Сайрам ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында маңызды әрі стратегиялық шешім қабылданып, кешенді іс-қимыл жүйесі жолға қойылды.
Айта кетсек, балалардың қауіпсіздігі – бұл балалардың қай жерде болмасын өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін жағдайлар жүйесі – үйде, мектепте, оларды көліктің барлық түрлерінде тасымалдау кезінде, көшеде, аулада ойнау, жолдарда жүру, коньки тебу және сырғанау, серуендеу және басқа да жағдайлар. Сондықтан да, балалардың қауіпсіздігін олардың өмірінұйымдастыруға жауапты ересектер қамтамасыз етеді. Бұл ретте олар тиісті нұсқаулықтардың, ережелердің, заңдардың нұсқамаларына сүйенеді.
Сайрам ауданы әкімінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі №27 өкіміне сәйкес құрылған «Кәмелетке толмағандар арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды үйлестіру мақсатындағы аудандық жұмысшы штаб» – бұл аймақтағы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты үйлестіруші органға айналды.
Штабтың құрамына салалық ведомстволардың басшылары мен білікті мамандары енгізілгені оның жұмысының жан-жақтылығын көрсетеді. Оған аудан әкімінің орынбасары төрағалық етсе, құрамда аудандық полиция басқармасы, білім бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің өкілдері, аудандық орталық аурухананың бас психологы және Жастар ресурстық орталығының басшылығы бар.
Мұндай ведомствоаралық сипаттағы жұмысшы топтың құрылуы – балалардың әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірыңғай алгоритм бойынша әрекет етуге мүмкіндік береді. Әрбір бөлім өз құзыреті шеңберінде жұмыс істеп қана қоймай, проблемалық жағдайларды ортақ талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын іздейді.
Штаб жұмысының негізгі бағыттарының бірі – «кабинеттік» жұмыстан «далалық» жұмысқа ауысу. Ақсу ауылында орналасқан жалпы орта білім беретін мектептерде оқушылармен ұйымдастырылған кездесулер осының айқын дәлелі. Мұндай іс-шаралардың мақсаты – балаға жоғарыдан «бұйрық» беру емес, оның жан-дүниесін түсіну, оны мазалап жүрген сұрақтарға жауап беру және өмірлік қиындықтарды еңсеруге бағыт-бағдар беру.
Кездесулер барысында мамандар жасөспірімдерге мынадай өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мәселен, құқықтық сауаттылық — жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі, өз құқықтарын қорғай білу және қылмыстық әрекеттерден аулақ болу. Психологиялық тұрақтылық — өтпелі кезеңдегі эмоционалдық ауытқуларды басқару, стресстік жағдайда дұрыс шешім қабылдау және маман көмегіне жүгінудің маңыздылығы. Бос уақытты тиімді пайдалану — жастар ресурстық орталығы мен спорт секцияларының мүмкіндіктерін пайдаланып, баланың энергиясын дұрыс бағытқа бұру. Интернет қауіпсіздігі — кибербуллинг және интернеттегі бейтаныс адамдардың айла-амалдарынан сақ болу.
«Біріккен күш – болашақтың кепілі»,- демекші аудандық жұмысшы штаб жұмысының нәтижелілігі оның кешенділігінде жатыр. Аурухана психологтары баланың ішкі психологиялық жағдайына баға берсе, полиция қызметкерлері құқықтық тәртіпті түсіндіреді. Ал спорт және мәдениет бөлімдері оқушыларды пайдалы үйірмелермен қамту мәселесін қолға алған. Мұның барлығы баланың жан-жақты қорғалған ортада өсуіне жағдай жасайды.
Алдағы уақытта бұл жұмыстар тек Ақсу ауылымен шектелмей, ауданның барлық ауылдық округтерінде жүйелі түрде жалғасын табады. Штаб әрбір мектептің, әрбір отбасының әлеуметтік жағдайына мониторинг жасап, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтауды көздеп отыр.
Біздің ортақ жауапкершілігіміз — жасөспірімдер – қоғамның ең әлсіз, бірақ ең динамикалы бөлігі. Олардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты байлығы. Сайрам ауданындағы бұл бастама – баланың бақытты, қауіпсіз әрі тәрбиелі ортада өсуіне бейжай қарамайтын қоғамның үні.
Аудандық жұмысшы штабтың жұмысы жасөспірімдерді қорғауды «қағаз жүзіндегі есеп» емес, «нақты іс-әрекет» бағытына ауыстыруды көздейді. Біздің балаларымыз – болашағымыздың кілті. Олардың санасы таза, өмірге деген көзқарасы жағымды болғанда ғана еліміздің ертеңі жарқын болмақ. Осы бағыттағы аудандық мамандардың бірлескен еңбегі әрбір отбасына сенімділік, әрбір мектепке тыныштық әкелері сөзсіз.
Бала қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ ісіміз, ортақ міндетіміз. Жүйелі, сапалы әрі жүйелі жұмыстың нәтижесінде біз болашақ ұрпақты түрлі қауіп-қатерден сақтай отырып, олардың өз мүмкіндіктерін толық ашуына қолдау көрсететін боламыз.

