«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі білсем екен, үйренсем екен» дейді. Осы екі типтегі баланы қайтсек адам қылмақ керек? Деген Абай. Тіпті, «Баланы бақырып үйретпе, ақырын үйрет»,- деген. Ендеше, Сіз балаңызды ұалай тәрбиелеудесіз және балаңыздың мінез-құлқын жіті зерттей алдыңыз ба?
Ия, қазіргі таңдағы жаһандану үдерісі мен технологиялық даму кезеңінде балалардың психологиялық саулығы мен қауіпсіздігі қоғам алдындағы ең маңызды мәселелердің біріне айналды. Әсіресе, оқушылардың демалыс уақытындағы бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды интернеттің жағымсыз ықпалынан қорғау және түрлі мінез-құлықтық тәуекелдердің алдын алу – тек ата-ананың емес, бүкіл педагогтар қауымының ортақ жауапкершілігі. Осы бағытта Түркістан облысы Сайрам ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен №63 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің базасында «Демалыс уақытында оқушылардың психологиялық қауіпсіздігі, интернеттегі қауіпсіздік және мінез-құлықтық тәуекелдердің алдын алу» тақырыбында ауқымды аудандық семинар өткізілді.
Семинардың маңыздылығын оның жоғары деңгейде өткізілуінен-ақ байқауға болады. Іс-шараға мектеп директоры Е.Кішкенов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Алтеева, мектеп әкімшілігі мен ауданның түкпір-түкпірінен келген педагог-психологтар қатысты. Мектеп директоры Е.Кішкенов семинарды аша отырып, баланың қауіпсіздігі – қоғамның, отбасының және мектептің ортақ міндеті екенін тереңінен атап өтті. Ол: «Балалар демалыста болғанымен, біздің жауапкершілігіміз демалысқа кетпейді. Олардың психологиялық жай-күйіне көңіл бөлу, интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің кәсіби парызымыз» – деген ойымен жиынның бағытын айқындап берді.
Семинардың теориялық бөлімі «Ұлттық құндылықтарда бала тәрбиесінің маңызы» тақырыбындағы мазмұнды баяндамамен бастау алды. Психологтар бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың рөліне тоқталды. Ғасырлар бойы қалыптасқан «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» сынды тәрбиелік қағидалардың баланың мінез-құлқын қалыптастырудағы орны ерекше. Ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңірген баланың рухани иммунитеті мықты болатыны, ол сыртқы теріс әсерлерге берілмейтіні айтылды. Тәрбие – бұл тек білім беру емес, бұл баланың бойына ізгілік, мейірімділік және жауапкершілік сезімін ұялату.
Семинардың ең қызықты тұстарының бірі – практикалық жаттығулар болды. Педагог-психологтарға арналған тимбилдинг жаттығулары арқылы мамандар арасында сенімді қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату жолдары көрсетілді. Мұндай жаттығулар педагогтардың өздеріне де психологиялық тұрғыдан серпіліс беріп, командалық жұмыстың маңызын ұғындырды.
«Қауіпсіз демалыс – жарқын болашақ кепілі» атты психологиялық ойындар оқушылардың демалыс кезіндегі стресстік жағдайларын қалай реттеуге болатынын көрсетті. Ойын түрінде берілген тапсырмалар психологтарға балалармен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді. Мұғалім мен оқушы арасындағы ашық сұхбат, баланың ішкі жан-дүниесін ашуға көмектесетін психологиялық техникалар – семинардың басты қазынасы болды.
Қазіргі таңда балалардың интернеттегі қауіпсіздігі – ең өзекті тақырып. Демалыс кезінде оқушылардың интернетке тәуелділігі арта түседі. Семинар барысында буллингтің алдын алу мен кибербуллингпен күресу жолдары, балаларды интернеттегі жағымсыз пікірлерден қалай қорғау керектігі. Интернет мәдениеті және балаларға интернеттің тек ойын-сауық емес, білім алу құралы екенін түсіндіру. Қауіпсіз орта мен интернеттегі бейтаныс адамдармен сөйлесудің қаупі, жеке ақпаратты сақтау ережелері бойынша топтық жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар, «STOP қауіп, START қауіпсіздік!» түзету-дамыту жұмыстары арқылы қатысушылар қауіпті ахуалды қалай анықтауға болатынын және оған қалай қарсы тұру керектігін талқылады. Бұл – педагогтар үшін оқушылармен жұмыс істеудегі дайын алгоритм болды. Педагог-психологтың кәсіби дамуы үшін семинар соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Әр мектептің өзіндік жұмыс істеу стилі, оқушылардың мінез-құлқын қалыптастырудағы ерекше әдістері ортаға салынды. Білім бөлімінің әдіскері Г.Алтеева мұндай кездесулер педагог-психологтардың кәсіби дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті. «Біздің мақсатымыз – тек қана оқушыларға емес, сол оқушылармен тікелей жұмыс істейтін психологтарға да қолдау көрсету. Олардың білімі қаншалықты жоғары болса, біздің мектептегі ортамыз да соншалықты қауіпсіз болмақ», – деді әдіскер.
Семинардың басты түйіні – баланың қауіпсіздігі баршамыздың ортақ міндетіміз. Жазғы демалыс – бала үшін тек еркіндік қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік кезеңі. Ол кезде баланы сыртқы қауіптерден, интернеттің теріс ықпалынан және ішкі психологиялық дағдарыстардан сақтап қалу – педагогтар мен ата-аналардың міндеті.
Аталған семинар педагог-психологтарға жаңа білім, жаңа идеялар және жаңа жігер берді. Сайрам ауданындағы мектептердегі психологиялық қызметтің деңгейі жоғарылай түсетініне, балалардың демалысы қауіпсіз әрі мазмұнды өтетініне сенім мол. «Баланың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз!» – деген ұранмен қорытындыланған бұл жиын болашаққа бағытталған маңызды қадам болды. Себебі, бала – басты байлығымыз. Сондықтан оның тәрбиесіне зор көңіл бөлген жөн. Өйткені, ұрпвқ өсіру – адам өмірінің мәні. Оларға қамқорлық жасап, жақсы тәрбие беру әр ата-ананың міндеті.

