Қазіргі таңда Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріндегі ең маңызды үдерістердің бірі – жергілікті өзін-өзі басқару институтын одан әрі жетілдіру және нығайту. Тұрғындардың өздері сенім артқан, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білетін, мәселелерді шешуге қауқарлы азаматты әкім етіп сайлауы – демократиялық қоғамның басты көрсеткіші. Алдағы 28 маусым күні өтетін Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімінің сайлауы – осы бағыттағы кезекті, бірақ өте жауапты саяси науқан. Өңірде бұл сайлауды жоғары деңгейде, заң талаптарына сәйкес және ашық форматта өткізу мақсатында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді.
Сайып келгенде сайлау учаскелерінің техникалық жабдықталуы – заман талабына сақадай сай тұр. Сондықтан да сайлау процесінің сәтті өтуі көбіне техникалық дайындыққа тікелей тәуелді. Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі барлық сайлау учаскесіне арнайы тексеру жүргізіліп, материалдық-техникалық базаның әрбір бөлшегі назарға алынды. Сайлау – тек дауыс беру емес, ол азаматтардың өз конституциялық құқығын жүзеге асыратын қасиетті орын. Осы себепті, әрбір учаскедегі жағдай орталық сайлау комиссиясының қатаң бақылауында болды.
Инфрақұрылымдық дайындық жайын қозғасақ, дауыс беру кабиналары, сайлаушының таңдауының құпиялығы – сайлаудың ең басты қағидасы. Осы мақсатта барлық учаскеде кабиналар талапқа сай орнатылып, олардың жарықтандырылуы және жайлылығы қамтамасыз етілді. Мәселен, дауыс беру жәшіктері заңда бекітілгендей, дауыс беретін жәшіктердің мөлдірлігі, пломбалануының сенімділігі және олардың сайлаушылардың көз алдында тұруы арнайы тексеруден өтті.
Байланыс және цифрландыру бағыты бойынша айтсақ, қазіргі заман – цифрлық дәуірі екені дүйім жұртқа таныс дүние. Дауыс беру нәтижелерін жедел әрі дәл жеткізу үшін барлық сайлау учаскесі қажетті интернет және байланыс құралдарымен толық қамтылған. Бұл сайлау қорытындыларының ашықтығын және нәтижелерді бұрмалаусыз жариялауды қамтамасыз етеді. Сайлау күні мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше қамқорлық көрсетіледі. Себебі, бүгінгі жариялылық дәуірінде барлық азаматтың тең құқылы екенін білдіреді. Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі сайлау учаскелерінің тексерілуі барысында ерекше қажеттілігі бар жандардың дауыс беруіне арналған жағдайларға басымдық берілді. Пандустардың орнатылуы, арнайы жабдықталған кабиналардың болуы және қажет болған жағдайда учаскелік комиссия мүшелерінің көмек көрсету дайындығы пысықталды. Бұл – мемлекеттің әрбір азаматқа деген құрметінің белгісі.
Сайлау күні учаскелерге келетін адам саны көп болатындықтан, қауіпсіздік мәселесі – жұмыстың ең маңызды бөлігі. Қайнарбұлақ ауылдық округінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы, электр желілерінің қауіпсіздігі және басқа да инженерлік жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік берілді. Сондай-ақ, сайлау өтетін күні қоғамдық тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен нақты іс-қимыл жоспары даярланды. Бұл шаралардың барлығы сайлаушылардың ешқандай кедергісіз, тыныш және қауіпсіз ортада өз таңдауларын жасауына арналған.
Ашықтық пен жариялылық – сайлаудың негізгі қағидасы, сйлау науқанының әділ өтуіне тек комиссия мүшелері ғана емес, байқаушылар да жауапты. Олардың жұмыс істеуіне, бақылау жүргізуіне, ақпаратты ашық алуына барлық мүмкіндік қарастырылды. Сайлаушылар тізімін тексеру, дауыс беру кезіндегі заң бұзушылықтардың алдын алу және шағымдарды уақтылы қарастыру – барлық учаскелік комиссия мүшелерінің кәсіби парызы. Семинарлар арқылы біліктілігін арттырған комиссия мүшелері енді дайындықтарын іс жүзінде дәлелдеуге тиіс.
Сайлау – бұл тек техникалық немесе заңды рәсім емес, бұл әрқайсымыздың болашаққа деген көзқарасымызды білдіретін маңызды сәт. Ауылдың көркеюі, жолдардың сапасы, әлеуметтік нысандардың дамуы, жастардың болашағы – осының бәрі біз таңдаған басшыға байланысты. «Менің бір дауысым ештеңені шешпейді» деген ой – қате пікір. Әрбір дауыс – ауылдың тағдырын өзгерте алатын үлкен күш. Сондықтан 28 маусым күні сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық борышымызды өтеу – әрқайсымыздың парызымыз. Дауыс беруге келу арқылы біз өз жеріміздің, өз отанымыздың дамуына үлес қосамыз. Сіздерді 28 маусымда дауыс беруге, белсенді болуға және саналы таңдау жасауға шақырамыз. Тұрақтылық пен дамудың іргетасын бірге қалап, Қайнарбұлақ ауылдық округінің әрбір азаматының дауысы – ел ертеңі үшін маңызды екенін жадымызда сақтайық.

