Қазақстан Республикасының саяси тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі – Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны бастау алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жылдың 23 тамызына белгіленген бұл саяси оқиға еліміздің демократиялық даму жолындағы тағы бір маңызды қадам болып табылады. Бұл сайлау – жай ғана процедура емес, бұл халық пен билік арасындағы тікелей диалогты нығайтудың, азаматтық қоғамның саяси белсенділігін арттырудың және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың жаңа кепілі.
Саяси жаңғырудың темірқазығы болатын құрылтай депутаттарын сайлау конституциялық реформалар аясында жүзеге асырылуда. Президентіміз айқындап берген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы сайлау арқылы нақты мазмұнға ие болмақ. Құрылтай – халықтың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірлерін мемлекеттік деңгейде көтеретін, стратегиялық шешімдер қабылдауға тікелей ықпал ететін институционалды құрылым. Депутаттық корпусқа сайланатын азаматтардың алдында үлкен жауапкершілік жүгі тұр, яғни олар халықтың сенімін ақтап, ұлттық мүддені қорғауы тиіс.
Осы ретте, Түркістан облысы – саяси науқанның маңызды орталығы деп дөп басып айтуға негіз бар. Неге десеңіз, еліміздің ең тығыз қоныстанған, демографиялық өсімі жоғары өңірлерінің бірі – Түркістан облысы алдағы сайлауға үлкен дайындықпен кірісуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста 1 203 400-ден астам сайлаушы тіркелген. Бұл республика бойынша жалпы сайлаушылардың шамамен 10 пайызын құрайды, яғни облыс дауыс беру қорытындысына тікелей әсер ететін маңызды өңір.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында 952 учаскелік комиссия өз жұмысын бастап кетті. Әрбір учаскеде сайлау процесінің халықаралық стандарттарға сай өтуі үшін қажетті инфрақұрылымдар мен материалдық-техникалық база толықтай жаңартылуда.
Сайлаудың күнтізбелік жоспары мен қатаң кесте және жауапкершілік талаптары да жоғары деңгейде жүріп жатқаны шынайылық. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспар – сайлау науқанының «жол картасы». Әрбір күн мен әрбір сағат нақты міндеттерге бөлінген. Атап айтқанда, науқанның басталуы, 1 шілде күні сайлау науқаны ресми түрде жарияланды. Партиялық тізімдер топтамасына келсек, саяси партиялардың кандидаттар тізімін ұсыну мерзімі 2 шілде мен 13 шілде аралығын қамтылады. Бұл кезең – саяси бәсекелестіктің ең қызықты тұсы, өйткені әр партия өз бағдарламасын ұсына отырып, сайлаушылардың сеніміне ие болуға тырысады. Ал тіркеу мәселесі бойынша, партиялық тізімдерді ресми тіркеу рәсімі 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Сонымен қатар, комиссия құрамдарының тізімі 11 шілдеге дейін аумақтық комиссиялардың, ал 16 шілдеге дейін учаскелік комиссиялардың құрамы мен сайлау учаскелерінің шекаралары жұртшылыққа жарияланды.
Жасыратыны жоқ, үгіт-насихат, бәсекелестік пен мәдениет сайлау алдындағы ең жауапты әрі қарқынды кезең – үгіт-насихат жұмыстары екені бесенеден белгілі. Ол 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамызға дейін жалғасады. Бұл уақыт – кандидаттар мен саяси партиялардың өз идеяларын халыққа жеткізу, пікірталастар ұйымдастыру және сайлаушылармен тікелей кездесулер өткізу кезеңі. Сайлаушылар үшін ақпараттық ашықтық басты назарда. 2 тамыздан бастап сайлаушылар тізімі учаскелік комиссияларға беріледі. Ал 7 тамыздан бастап әрбір азамат өзінің деректерін сайлау учаскелерінен немесе электронды үкімет порталы арқылы тексеріп, өз құқығын толық қорғай алады.
Еске салатын жәйт, 22 тамыз – «тыныштық күні». Бұл күні ешқандай үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмейді, сайлаушылар өздерінің соңғы шешімін қабылдауға мүмкіндік алады. Ал 23 тамыз – мемлекет тағдыры шешілетін ресми дауыс беру күні.
Ия, сонымен ашықтық пен әділдік және халықаралық стандарттар бағыты бойынша бұл сайлауда комиссия мүшелерін кәсіби оқытуға және сайлау процесінің ашықтығына баса мән берілуде. Халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалмақ. Түркістан облыстық комиссиясы сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімді болуынан бастап, электр қуатының үздіксіздігіне дейін қатаң бақылауда ұстайды.
Сараптай келе айтпағымыз, құрылтай сайлауы – еліміз үшін үлкен сын әрі үлкен мүмкіндік. Салауатты ұрпақ, қуатты мемлекет, әділ қоғам құру жолындағы бұл қадам әрбір азаматтың жауапкершілігін қажет етеді. Түркістандықтардың, жалпы қазақстандықтардың, оның ішінде Сайрам ауданы тұрғындарының бұл науқанға белсене қатысуы – еліміздің кемел келешегіне деген зор сенімінің айғағы. Сайлау – таңдау құқығы ғана емес, ол – ортақ болашағымыз үшін жасалған ортақ шешім. Демек, сайлауға бір кісідей қатысып, өз даусыңды, өз қалауыңдағы үміткерге беруге әзір болғанымыз абзал.

