Қазақстан қоғамы саяси жаңғырудың жаңа белесіне қадам басты. Конституциялық реформалар аясында жүзеге асырылып жатқан өзгерістер еліміздің демократиялық дамуының тың бағыттарын айқындап берді. Осы орайда, 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы – мемлекетіміздің саяси өміріндегі тарихи маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Осы науқанды жоғары деңгейде өткізу мақсатында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ауқымды дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Жуырда Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Zoom платформасы арқылы кеңейтілген облыстық жиын өтті. Жиынға Түркістан облысындағы барлық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары мен хатшылары қатысып, алдағы саяси науқанның маңызды тұстарын жан-жақты талқылады.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Жаңабайұлы жиынды аша отырып, бұл сайлаудың ерекшелігіне тоқталды. Ол: «Бұл – еліміздің жаңартылған конституциялық реформалары аясында өтетін алғашқы сайлау науқаны. Сондықтан біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – сайлау процесінің заң талаптарына толық сәйкес, ашықтық пен жариялылық қағидаттары негізінде өтуін қамтамасыз ету», – деп атап өтті.
Жиын барысында сайлауды дайындау мен өткізудің «жол картасы» ретіндегі күн тәртібі бекітілді. Онда келесідей жеті негізгі бағыт бойынша жұмыстар қарастырылды. Біріншіден, күнтізбелік жоспардың орындалуы мен сайлауды дайындау жөніндегі іс-шаралардың уақытылы жүзеге асырылуы. Екіншіден, құжаттаманы бекіту мен сайлау құжаттарының бірыңғай нысандарын мақұлдау және олардың сапасын бақылау. Үшіншіден, сайлаушылар тізімін және сайлаушылар тізімімен жұмыстың жүйелілігін қамтамасыз ету. Төртіншіден, заңнамалық жаңашылдықтар мен Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен жаңа ережелерді түсіндіру. Бесіншіден, партиялық тізімдер және оқыту және саяси партиялардың кандидаттарды ұсыну тәртібі және комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру. Алтыншыдан, ақпараттық сүйемелдеу және сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын заң аясында ашық жүргізу. Жетіншіден, сайқаушылар мен сенімді өкілдерді,яғни оларды тіркеудің заңды тәртібін сақтау.
Техникалық дайындық және халыққа қолжетімділіктің сапалы болуы, бүгінгі уақыттың сын көтермес мән-жайы екені барша халыққа мәлім. Сондықтан да сайлау – бұл тек саяси процесс қана емес, сонымен бірге үлкен ұйымдастырушылық жұмыс. Жиын барысында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының басшылығы тарапынан аудандық сайлау комиссияларына төмендегідей нақты талаптар қойылды. Мәселен, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық учаскелердің қажетті жабдықтармен, компьютерлік техникамен және кеңсе тауарларымен жабдықталуы. Инклюзивті орта бойынша, мүгедектігі бар азаматтардың өз конституциялық құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруы үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін (пандустар, арнайы жабдықталған кабиналар) толық қамтамасыз ету. Ал, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау және учаскелерді үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету және резервтік электр генераторларының дайындығына ерекше назар аудару қажеттігі басымдыққа алынды.
Әрине, ашықтық пен жариялылық – сайлаудың басты қағидасы болғандықтан сайлау науқаны кезіндегі басты талап – процестің әділдігі. Партиялық тізімдерді тіркеу, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу мәселесі басты назарда. Байқаушылар мен кандидаттардың сенім білдірген адамдарының жұмысына қолайлы жағдай жасау арқылы сайлаудың демократиялық стандарттарға сай өтуі қамтамасыз етілмек.
Аңсар Жаңабайұлы атап өткендей, облыстағы аумақтық сайлау комиссияларының әрбір мүшесі өздеріне жүктелген міндеттің жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Әрбір сайлау учаскесі – мемлекеттің бейнесі. Сондықтан, дауыс беру күні әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына барлық жағдай жасалуы керек. Айта кетсек, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Жаңабайұлы талап етіп отырған жоғарыда қамтылуы тиіс мәселелердің Сайрам аудандық сайлау комиссиясында орындалуы талапқа сай деуге саяды. Осы орталықтың төрағасы Сәбит Реметовтың айтуынша, ауданға қарасты он бір ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің өз сайлаушылары үшін талапқа сай болуы мен ондағы міндеттелген тапсырмалардың жүзеге асырылуы жүйелі түрде бақылауда екен.
Сонымен, Түркістан облысындағы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары өз қарқынымен жүріп жатыр. Кеңейтілген жиын нәтижесінде аумақтық сайлау комиссияларына нақты ұсынымдар берілді. Бұл саяси науқан елдің конституциялық реформаларына сай, жаңа деңгейдегі саяси мәдениетті қалыптастыратынына сенім мол.
Ендеше, ел болашағы үшін дауыс беру – әрбір азаматтың азаматтық борышы. Ал сол борышты орындауға қолайлы, ашық және әділ орта қалыптастыру – сайлау комиссияларының басты міндеті. Түркістан облысы бұл сыннан мүдірмей өтіп, демократиялық үдерістердің салтанат құруына өз үлесін қосатыны анық деген сенімдеміз.

