Руханият бесігі — ауыл тынысы демекші, ұлттың рухани діңгегі, мәдениеті мен білім көзі — қашанда ауылдан бастау алады десек артық айтқанымыз емес. Неге десеңіз, ауыл көркейсе — ел көркейеді, ауылда рухани ошақтар бой көтерсе — ұлттың болашағы кемелдене түсетіні шындық. Бүгінгі жаһандану заманында халықтың интеллектуалдық әлеуетін көтеру, жас ұрпақты білімге, кітап оқуға баулу — мемлекеттік маңызы бар стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» жобасы еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен қолдау тауып, өз жемісін беруде.
Осындай айтулы және тағылымды оқиға Түркістан өңіріндегі Төлеби ауданында да кең көлемде атап өтілді. Тұрғындардың ынтымағы мен ізгі ниетінің арқасында Әңгірата ауылында мәдениет ошағы — жаңа Әңгірата ауылдық кітапханасы халық игілігіне берілді. Бұл нысан — биліктің нұсқауымен ғана емес, тікелей жергілікті халықтың бірлескен ізгі бастамасы мен жұдырықтай жұмылған ауызбіршілігінің нәтижесінде бой көтерген шынайы рухани орда деуге саяды. Ел бірлігінің символына айналған жаңа ғимараттың ашылу салтанаты Төлеби өңірінің тарихында алтын әріптермен жазылатын елеулі оқиғаға айналды.
Туған жерге тағзым еткен хлықтың қаражатына бой көтерген нысан Әңгірата ауылдық кітапханасының құрылысы — қазіргі қоғамда сирек кездесетін, мақтануға да, үлгі алуға да лайықты бірегей жоба. Бұл игі іс ауыл азаматы Жамбыл Мәуленұлының ұйытқы болуымен жүзеге асып, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында халықтың қаражатына бой көтерді. Кәсіпкерлерден бастап, қарапайым ауыл еңбеккерлеріне дейін осы рухани ошақтың салынуына өз үлестерін қосты.
Елдің рухани дамуына арналған бұл нысан – туған жерге деген жанашырлықтың, елдік пен бірліктің жарық әрі айқын көрінісі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөзді ту еткен әңгіраталықтар бұл қадамдары арқылы мемлекетке қол жаймай-ақ, ауылдың болашағы үшін үлкен істерді атқаруға болатынын іс жүзінде дәлелдеді. Мұндай азаматтық белсенділік пен отаншылдық сезім қоғамдағы «Адал азамат» концепциясымен тікелей үндесіп жатыр.
Жаңа рухани орданың ашылу рәсімі жоғары деңгейдегі мәдени-қоғамдық шараға ұласты. Салтанатты жиынға елімізге белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері арнайы ат басын бұрды. Бұл Әңгірата ауылы халқының еңбегіне деген үлкен құрметтің белгісі еді. Мерекелік шараға мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, белгілі меценат Асет Қайыпбек, елімізге танымал журналист Асқат Садырбай, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәдениет қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған қонақтар ауыл тұрғындарының бұл ерлігіне, ынтымағына жоғары баға берді. Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов өз сөзінде: «Кітапхана салу — болашаққа салынған ең үлкен әрі ең қайтарымды инвестиция. Мектеп білім берсе, кітапхана сол білімді тереңдетеді, адамды тұлға ретінде қалыптастырады. Мұндай игі істі өз күштерімен атқарған Әңгірата жұртшылығына мың алғыс», — деп ақ батасын берді.
Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров та аудан басшылығы атынан құттықтау жеткізіп, халықтың бірлігінен туған бұл ғимарат ауданның мақтанышына айналатынын атап өтті.
Жаңадан пайдалануға берілген мәдениет ошағының тағы бір үлкен тарихи әрі тәрбиелік мәні — оған есімі берілген тұлғамен байланысты. Жаңа кітапханаға Ұлы Отан соғысының ардагері, елге сыйлы азамат Әбдіжаппар Ақылұлының есімі берілді. Бұл – ардагердің өнегелі өмірі мен ел алдындағы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Әбдіжаппар Ақылұлы — сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсетіп, елге аман-есен оралғаннан кейін де бейбіт өмірде еңбек майданының алдыңғы шебінен көрінген тұлға. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдары мәдениет майданында аянбай еңбек еткен Ә.Ақылов ширек ғасыр бойы осы рухани ошақты басқарып, ел арасында зор беделге ие болды. Ол кісі өз уақытында ауыл халқының сауатын ашуға, жастардың кітапқа деген махаббатын оятуға, ауыл өміріне мәдениет нұрын себуге өлшеусіз үлес қосқан. Енді, міне, өзі ширек ғасыр басқарған, өзі негізін қалауға атсалысқан рухани ұяның заманауи жаңа ғимаратына есімінің берілуі — тарихи әділдік пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
Әңгірата ауылында ашылған жаңа кітапхана тек сыртқы келбетімен ғана емес, ішкі мазмұнымен де ерекшеленеді. Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған: мұнда кең әрі жарық оқу залы, балаларға арналған арнайы бұрыш және электронды ақпараттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін техникалық құралдар қарастырылған. Бүгінгі таңда кітапхананың кітап қорында 10 мыңға жуық кітаптар бар. Бұл қордың ішінде, отандық және әлемдік классикалық әдебиет туындылары, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ғылыми-танымдық, анықтамалық әдебиеттер мен балалар әдебиеті және ертегілер және ауыл тарихы мен өңір шежіресінен сыр шертетін құнды құжаттар мен басылымдар жинақталған.
Кітап қоры алдағы уақытта да тұрақты түрде жаңа басылымдармен, мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген заманауи әдебиеттермен толықтырылып отырмақ. Бұл ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың кез келген уақытта сапалы ақпарат пен рухани азық алуына толық жағдай жасайды.
Осы ретте, «Салауатты сана» және Жат қылықтармен күрестегі кітапхананың рөліне тоқталар болсақ, қазіргі қоғамда, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында белең алып жатқан жат қылықтар — лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік, синтетикалық есірткілерге құнығу, әлеуметтік желілерге шектен тыс байлану және виртуалды әлемде адасу секілді мәселелер қоғамды қатты мазалайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Салауатты сана» тұжырымдамасы дәл осы келеңсіздіктердің алдын алуға, қоғамды рухани тұрғыдан сауықтыруға бағытталған.
Сонымен, Әңгірата ауылында халықтың өз күшімен кітапхана салынуы — осы «Салауатты сана» идеясының ауылдық деңгейдегі нақты көрінісі деуге саяды. Жастардың бос уақытын телефон экранындағы зиянды контенттер мен букмекерлік кеңселердегі құмар ойындар емес, кітапханадағы білім мен ғылым иемденуі тиіс. Кітап оқыған баланың қиялы ұшқыр, логикалық ойлауы терең және ішкі мәдениеті жоғары болады. Шанағынан білім тарайтын бұл жаңа нысан ауыл жастарын жат әдеттерден сақтайтын сенімді интеллектуалды қорғанға, рухани иммунитет орталығына айналары сөзсіз.
Болашаққа бағытталған бағдар болған, халықтың бірлігінен бой көтерген жаңа ғимарат алдағы уақытта да талай кітап сүйер дарынды жастарды түлетуге, ауылдың мәдениеті мен білімін көтеруге үлкен серпін бермек. Әңгірата ауылындағы бұл тарихи қадам — тұтас Төлеби ауданы ғана емес, бүкіл республика бойынша үлгі алуға тұрарлық үлкен ғибрат. Елдің күші — бірлікте, ал сол бірліктің жемісі — осындай рухани ордалар.
Жаңа Әбдіжаппар Ақылұлы атындағы Әңгірата ауылдық кітапханасының есігі барша оқырман үшін әрқашан ашық. Осы игі істің басы-қасында жүрген Жамбыл Мәуленұлы бастаған ауыл азаматтарына, қолдау көрсеткен зиялы қауым мен демеушілерге зор алғыс айтамыз. Рухани орданың жұмысы жемісті болып, ауылдан еліміздің атын шығарар білімді де саналы, отансүйгіш азаматтар көптеп шыға беріп, ел іргесі аман, бірлігіміз бекем болсын дейміз.

