Қазақстанның қазіргі заманғы тарихында Елордамыз — Астана қаласының бой көтеруі мен оның жаһандық деңгейдегі мегаполиске айналуы мемлекетіміздің басты жетістіктерінің бірі болып табылады. Сарыарқаның төсінде, Есілдің жағасында небәрі ширек ғасыр ішінде еңсе тіктеген бас қала — бүгінде тұтас бір ұлттың жасампаздық қуатының, бірлігі мен экономикалық әлеуетінің айқын айғағына айналды. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Астана – бұл жай ғана бас қала емес, бұл – біздің мемлекеттігіміздің, жаңа тарихымыздың және болашаққа деген сеніміміздің символы». Осы бір қанатты сөздің астарында еліміздің өткеніне деген құрмет пен ертеңгі күнге деген зор үміт жатыр.
Астана күні мерекесі аясында елдік сананы жаңғырту, тарихи танымды кеңейту және рухани құндылықтарды ұлықтау мақсатында киелі Төлеби өңірінде де мазмұнды шаралар легі жалғасын табуда. Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Елордамыздың айтулы мерекесіне орай «Арқа төсіндегі ару қала Астана» атты кең көлемді, шежірелі кітап көрмесі ашылды. Бұл көрме — Астананың кешегі мен бүгінгі келбетін кітап парақтары арқылы сөйлеткен, оқырман қауымға рухани азық сыйлаған бірегей жобаға айналды.
Кітапхана — қоғамның мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеретін, тарих пен болашақты жалғайтын алтын көпір. Сондықтан Астана күніне арналған көрменің құрылымы мен мазмұнына кітапхана ұжымы ерекше жауапкершілікпен қараған. Экспозицияның негізгі мақсаттары мен міндеттері бірнеше бағытты қамтыды. Мәселен, оқырмандардың, әсіресе өскелең ұрпақтың, мектеп оқушылары мен студент жастардың бойында Отанға, елордамыз Астанаға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялату. Бойларында мемлекетшілдік рухты қалыптастыру. Сонымен қатар, Астананың іргетасы қаланғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму тарихын, сәулеттік жетістіктерін және халықаралық аренадағы саяси маңызын кітап беттері арқылы паш ету. Оқырманның тарихи зердесін байыту.
Кітапхана қорындағы елорда тарихына, мәдениетіне, өнеріне және оның қалыптасуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, тұлғаларына арналған құнды әдебиеттерді, сирек кездесетін фотоальбомдар мен мерзімді басылымдарды оқырмандарға кеңінен таныстыру. Тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту. Көрменің тақырыптық бөлімдері мен әдебиеттер шежіресіне үңілсек, «Арқа төсіндегі ару қала Астана» көрмесі бірнеше тақырыптық сөрелер мен бөлімдерге жіктеліп, жүйелі түрде безендірілген. Кітапханаға қадам басқан әрбір оқырман ең алдымен Астананың визуалды бейнесі мен терең мазмұнды кітаптар әлеміне енді.
«Астана – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты бұл бөлімде Елорданы ауыстыру туралы тарихи шешім қабылданған 1990- жылдардағы қиын-қыстау кезеңдер, экономикалық реформалар мен жаңа қаланың жоспарлану барысы баяндалатын құжаттар, мемлекеттік маңызы бар жарлықтар мен тарихи зерттеу кітаптары орын алды. Сондай-ақ, еліміздің егемендік алғаннан бергі қол жеткізген негізгі жетістіктері Астана концепциясымен ұштастырыла көрсетілген.
«Сәулет өнерінің інжу-маржаны» тақырыбындағы қатарда Астананың қысқа уақыт ішінде қалай еуропалық және азиялық сәулет стильдерін тоғыстырған бірегей орталыққа айналғаны туралы суретті фотоальбомдар, архитектуралық анықтамалықтар қойылған. Норман Фостер сияқты әлемдік деңгейдегі сәулетшілердің жобалары, «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр», «Ақорда», «Бейбітшілік пен келісім сарайы» секілді зәулім ғимараттардың салыну тарихы оқырмандар үшін өте қызықты мәліметтермен толықтырылды.
Ал, «Елорда мақтаныштары — Ұлы тұлғалар» деген бөлімде Астананың ғылымы мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін биікке көтерген зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың туындылары, сондай-ақ Астанаға арнап өлең-жыр жазған белгілі қаламгерлердің шығармалары топтастырылды. Мерзімді басылымдар мен газет-журналдардағы мақалалар да осы сөреден лайықты орнын тапты.
Сонымен қатар, «Салауатты сана» және кітап оқу мәдениетін арттырып, жастарды жат әдеттен арашалау мақсатында бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығы мен болашақ ұрпақ тәрбиесінде «Салауатты сана» тұжырымдамасын қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. ХХІ ғасырдың індетіне айналған лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділікті, виртуалды әлемдегі әлеуметтік желілерге негізсіз байланудың, есірткі құрығы және рухани жұтаңдықпен күресудің ең басты әрі тиімді құралы — кітапхана мен кітап оқу мәдениетін жандандыру екені басты тақырыпқа айналғаны белгілі.
Осыған орай, интеллектуалды қорған қалыптастыру бағытында басымдыққа алынған балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын телефон экранындағы мәнсіз ойындар немесе құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерде емес, кітап оқу процесі иемденуі тиіс. Кітап оқыған адамның сыни ойлау қабілеті дамып, оң мен солды, жақсы мен жаманды ажырата алатын ішкі сүзгісін арттыратын иммунитеті пайда болады. Төлебилік кітапханашылар бұл көрме арқылы жастарға Астананың жасампаздық тарихын ұсынып, олардың назарын пайдасыз әдеттерден интеллектуалды дамуға бұрды.
Отбасылық құндылықтар мен тәрбие сабақтастығына айналған көрмеге ата-аналар өз балаларын ертіп келіп, Астана туралы кітаптарды бірге парақтады. Бұл — отбасылық тәрбиенің, үлкендер мен кішілер арасындағы рухани сабақтастықтың тамаша көрінісі. Бала кішкентайынан ата-анасының кітапқа деген құрметін көріп өссе, болашақта сауатты да саналы азамат болып қалыптасады. Ондай жастар лудомания немесе заң бұзушылық сияқты теріс жолдарға түспейді, керісінше, өз елінің, Астанасының дамуына үлес қосуға ұмтылады.
Оқырмандар белсенділігі мен танымдық сұхбаттардың белсенділігі артуымен, «Арқа төсіндегі ару қала Астана» атты кітап көрмесінің ашылуы барысында кітапханаға келген оқырмандар, мектеп оқушылары мен ұстаздар арасында еркін форматтағы танымдық сұхбат ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер тек кітаптарды тамашалап қана қоймай, өздерінің елорда туралы ой-пікірлерімен белсенді түрде бөлісті.
Шара барысында мектеп оқушылары Астанаға арналған патриоттық өлеңдерді жатқа оқып, бас қаланың символы — Бәйтеректің мән-мағынасы туралы өз білімдерін ортаға салды. Оқырмандар әсіресе көрмеге қойылған сирек кездесетін фотоальбомдарға үлкен қызығушылық танытты. Онда Астананың алғашқы жылдардағы көрінісі мен қазіргі зәулім мегаполиске айналған сәттері салыстырмалы түрде өте әдемі бейнеленген.
Тіпті, жас оқырмандардың бірі өз сөзінде: «Кітап көрмесі арқылы мен Астананың тек әдемі ғимараттардан ғана тұрмайтынын, оның артында мыңдаған адамдардың еңбегі мен үлкен тарихи шешімдер жатқанын түсіндім. Бұл кітаптар бізге үлкен мақтаныш сезімін сыйлайды», – деп өз әсерін жеткізді. Көрме оқырмандардың ұлттық өнер мен әдебиетке, өз тарихына деген сүйіспеншіліктерін нығайта түсті.
Ия, кітап — мәңгілік рухани азық демекші Төлеби аудандық орталық кітапханасында ұйымдастырылған бұл кітап көрмесі — Астана күні мерекесіне жасалған өте құнды рухани тарту болды. Шара өз мақсатына толық жетіп, келушілердің жүрегіне отаншылдық ұрығын септі. Кітапхана ұжымының бұл бастамасы қоғамда «Салауатты сана» қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды берік орнықтыруға қосылған үлкен үлес болып табылады.
Елордамыз — Астана күннен күнге көркейіп, бейбітшілік пен дамудың символы ретінде асқақтап, ал киелі Төлеби өңірінде кітаптың мәртебесі биіктеп, жас ұрпақты ізгілікке, білімге жетелейтін осындай мағыналы шаралар көптеп ұйымдастырыла бермек. Көрмеге белсенді қатысқан барша оқырман қауымға алғыс айта отырып, еліміздің егемендігі мәңгі, Астанамыз асқақ болсын демекпіз.

