«Табиғатты қорғау — болашақты сақтау, ал экологиялық туризмді дамыту — өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудың ең төте жолы!» деген сөздің төркініне үңілсек, бүгінгі таңда жаһандық деңгейде де, елімізде де экологиялық туризм (экотуризм) саласы ерекше қарқынмен дамып келеді. Саяхатшылар тек жайлы қонақүйлерді ғана емес, табиғаттың тылсым сұлулығымен қауышуды, таза ауамен тыныстап, бірегей флора мен фаунаны жақыннан тануды жөн көреді. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстанның нағыз інжу-маржаны саналатын Төлеби ауданы өзінің асқар тауларымен, сарқырап аққан өзендерімен және жасыл желекке оранған шатқалдарымен отандық және халықаралық экотуризмнің орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар аймақ.
Жақында Түркістан облысы, Төлеби ауданының көркем де ерекше мекені — Қасқасу шатқалында орналасқан «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі көшпелі кеңес өтті. Бұл маңызды жиын Төлеби өңірінің туристік тартымдылығын жаңа сапалық деңгейге көтеру және аймаққа ірі инвестициялар тарту жолындағы стратегиялық қадам болып табылады. Көшпелі кеңестің мән-жайы, көтерілген өзекті мәселелер мен алға қойылған ауқымды міндеттер кеңінен баяндалып, оңды істерімен елдің аңсарын аударуда.
Қасқасу шатқалының баурайында өткен бұл көшпелі кеңестің деңгейі мен маңыздылығы өте жоғары болды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты. Сонымен қатар, жиынға отандық және шетелдік әлеуетті инвесторлар, туризм саласының халықаралық сарапшылары, экологтар мен мемлекеттік орган басшылары жиналды.
Үкімет пен облыс басшылығының Төлеби өңіріне, оның ішінде Қасқасу мен Сайрам-Өгем паркіне осыншалықты көңіл бөлуі кездейсоқтық емес. Төлеби ауданы — өзінің географиялық орналасуымен, климаттық ерекшеліктерімен және бірегей табиғи ресурстарымен туризмді жыл бойы, яғни жылдың төрт мезгілінде де дамытуға сұранып тұрған аймақ деуге әбден болады. Көшпелі кеңес барысында атқарушы билік өкілдері мен инвесторлар тікелей табиғат аясында, болашақ туристік нысандардың бой көтеретін орындарында жүріп, жобалардың нобайын, келешектегі көркем келбетін талқылады.
Кеңестің негізгі талқылау алаңына айналған «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі — Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің ең көрікті бөлігін алып жатқан, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мұндағы өсімдіктер мен жануарлар әлемінің байлығы талайды тамсандырады. Парк аумағында Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген сирек кездесетін флора мен фауна өкілдері мекендейді. Көшпелі кеңес барысында ұлттық парктің туристік әлеуетін арттырудың бірнеше негізгі бағыттары қаралды.
Атап айтқанда, экологиялық соқпақтарды заманауи форматқа көшіру мен туристерге арналған жаяу, атты және велосипедті маршруттарды халықаралық стандарттарға сай жабдықтау және ақпараттық белгілер, демалыс орындары, қауіпсіздік жүйелерін ескеріп. Сондай-ақ, визит-орталықтар салудың нәтижесінде келушілерге парк туралы, оның тарихы мен табиғаты жайында толық мәлімет беретін, заманауи интерактивті технологиялармен жабдықталған орталықтар желісін құру. Мұнан бөлек глэмпингтер мен эко-үйшіктерді дамытып, табиғатқа ешқандай зиян келтірмейтін, жеңіл конструкциялардан жасалған, бірақ ішкі жайлылығы жоғары эко-қонақүйлерді көбейту жайы сөз болды.
Инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту — басты тетік болса, кез келген туристік аймақтың бағын ашатын — сапалы инфрақұрылым. Жол, жарық, су және байланыс жүйесі дұрыс жолға қойылмаса, ең сұлу табиғаттың өзіне туристерді жаппай тарту мүмкін емес. Дәл осы мәселе көшпелі кеңесте ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен инфрақұрылымдық жобалардың барысын таныстырды. Қазіргі таңда Қасқасу бағытына апаратын автомобиль жолдарын жөндеу, электр желілерін тарту және сапалы ұялы байланыс пен интернет желісін орнату жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Шетелдік және отандық инвесторлар Төлеби ауданында, әсіресе Қасқасу туристік-рекреациялық орталығында ірі жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып отыр. Жиында тау-шаңғы курорттарының құрылысын жандандыру, шипажайлар мен сауықтыру кешендерін салу, сондай-ақ этно-ауылдар құру бойынша нақты инвестициялық ұсыныстар талқыланды. Ірі жобалардың жүзеге асуы өңірге миллиардтаған теңге инвестиция әкеліп қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Көшпелі кеңес барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев туризмді дамыту кезінде ең басты қағида — табиғатқа зиян келтірмеу екенін шегелеп айтты. Экотуризмнің негізгі философиясы — табиғатты тұтыну емес, онымен үйлесімде өмір сүру және оны болашақ ұрпаққа таза қалпында жеткізу тапсырылып, осы тұрғыда туристік нысандардың маңында қоқысты сұрыптау және оны уақытылы шығару, пластик пен өзге де зиянды материалдардың қолданылуын шектеу және ұлттық парк аумағына бір уақытта кіретін туристер мен көліктердің санын ғылыми негізде шектеп отыру. Табиғаттың өзін-өзі қалпына келтіру мүмкіндігінен артық күш түспеуі тиістігі мен туристік кешендерде күн сәулесінен қуат алатын панельдерді, суды үнемдейтін және қайта өңдейтін заманауи технологияларды қолдану мәселелері мен талаптар алға тартылды. Сондай-ақ, болашақ инвесторлар алдына қойылатын басты шарт — кез келген жобаның қатаң экологиялық сараптамадан өтуі. Төлеби табиғатының бірегей ландшафты сақталып, құрылыс жұмыстары қоршаған ортаға зардабын тигізбеуі тиіс.
Төлеби ауданында экологиялық туризмнің өркендеуі тек ірі бизнеске ғана емес, ең алдымен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді. Туризм саласы — мультипликативті тиімділігі жоғары сала. Ол өзімен бірге қызмет көрсету, сауда, көлік, қолөнер және ауыл шаруашылығын қатар дамытады. Қонақжайлылық бизнесі арқылы ауыл тұрғындары өз үйлерін эко-қонақүй ретінде жабдықтап, шетелдік туристерді қабылдау арқылы отбасылық табыстарын еселей алады. Төлебидің қымызы мен балы, таза табиғи ет-сүт өнімдері, сондай-ақ жергілікті шеберлердің қолдан жасаған бұйымдары туристер үшін таптырмас брендке айналады. Ауыл жастарын арнайы курстарда оқытып, кәсіби тау гидтері, альпинизм нұсқаушылары мен аудармашылар ретінде жұмысқа тарту мәселесі де кеңесте сөз болды. Мұндай қадамдар ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жастардың қалаға ағылуын тежейді.
Қорытындылай келгенде алдағы міндеттерде Қасқасу шатқалында өткен көшпелі кеңес қорытындысы бойынша өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қаралып, алдағы міндеттер айқындалды. Мемлекеттік органдарға инвесторлармен жұмысты ширату, инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалау және Сайрам-Өгем паркінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Төлеби ауданының экологиялық туризмді дамытудағы қадамы — ел экономикасын әртараптандырудың және «жасыл» дамудың жарқын үлгісі. Егер қабылданған шешімдер мен жоспарланған жобалар өз деңгейінде жүзеге асса, таяу жылдарда Төлеби өңірі Түркістан облысының ғана емес, тұтас Орталық Азияның ең танымал әрі тартымды экотуризм орталықтарының біріне айналары сөзсіз.
Табиғаты көркем, тұрғындары қонақжай Төлеби өлкесінің туристік абыройы асқақтап, болашаққа бағытталған ауқымды жобалар сәттілікпен іске асып, туған жеріміздің көркіне көрік қосылып, Үкіметтің межелеген жоспарларының жүзеге асуына тілеулеспіз.

