Ия, «Мемлекеттік қызмет — елдік міндет, ал спорттық сергектік — нәтижелі жұмыстың негізі!» дегендей жаңа форматтағы мемлекеттік аппарат құру, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттырумен қатар, олардың бойында салауатты өмір салтын, төзімділік пен ұйымшылдық қасиеттерді қалыптастыруды да талап етеді. Себебі, халыққа сапалы қызмет көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды уақытылы орындау тікелей маманның физикалық және интеллектуалдық әлеуетіне байланысты. Спорт — адамды тәртіпке, жылдамдыққа және командалық рухқа тәрбиелейтін ең ұлы құрал.
Жақында Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында айтулы да салтанатты іс-шара өтті. 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған облыстық спартакиадада жоғары нәтиже көрсеткен, аудан намысын асқақтатқан мемлекеттік қызметшілерді марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Түркістан қаласында өткен байрақты бәсекеде топ жарып, аудан қоржынына үлкен жүлде салған азаматтарға көрсетілген бұл құрмет — өңірдегі бұқаралық спорт пен мемлекеттік қызметтің өзара үйлесім тауып жатқанының айқын көрінісі.
Түркістан облысының әкімшілік орталығы — киелі Түркістан қаласында өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиада биыл ерекше қарқынмен және жоғары бәсекелестік ортада өтті. Аталған спорттық додаға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан, сондай-ақ аймақтық басқармалардан іріктелген ең үздік, ең спортшы мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жарыстың басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ведомствоаралық байланысты нығайту және ұжымдық ауызбіршілікті арттыру болды.
Спартакиада бағдарламасы спорттың бірнеше түрін, соның ішінде шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындарды қамтыды. Бұл додада Төлеби ауданының намысын қорғаған құрама команда алғашқы күннен-ақ өздерінің мықты дайындықтары мен жеңіске деген темірдей ерік-жігерлерін көрсете білді. Әрбір спорт түрі бойынша тартысты өткен бәсекелерде төлебилік қызметкерлер жоғары тактикалық шеберлік танытты. Нәтижесінде, облыстың ондаған мықты командаларын артқа тастап, жалпы командалық есепте жүлделі ІІ орынды иеленді. Бұл — аудан тарихындағы үлкен спорттық және әлеуметтік жетістік.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиында осы жеңістің басты кейіпкерлеріне лайықты құрмет көрсетілді. Салтанатты рәсімге аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары және ардагерлер қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай мен аудандық мәслихат депутаты Сәкен Мәженов марапат иелерін қол жеткізген табыстарымен шын жүректен құттықтады. Олар өз сөздерінде бұл жеңістің тек спорттық жетістік қана емес, сонымен бірге Төлеби ауданының мемлекеттік қызметшілерінің бірлігі мен жоғары жауапкершілігінің жемісі екенін ерекше атап өтті.
«Сіздер күнделікті қауырт жұмыс пен халық алдындағы жауапты қызметті қатар атқара жүріп, спортты серік еттіңіздер. Түркістан төрінде өткен облыстық спартакиадада ауданымыздың туын биікке көтеріп, жүлделі орынмен оралуларыңыз — үлкен мақтаныш. Бұл — ұйымшылдық пен табандылықтың айқын үлгісі»,- деді аудан басшылығы өзінің ресми лебізінде. Салтанатты сәтте облыстық бәсекеде Төлеби ауданының командалық есепте ІІ орын алуына елеулі үлес қосқан, спорттық алаңдарда ерекше шеберлігімен көзге түскен бірқатар мемлекеттік қызметшілер сахна төріне шақырылып, оларға аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары салтанатты түрде табыс етілді.
Іс-шара барысында марапат иелерінің спорт саласындағы белсенділігі мен аудан мәртебесін көтеруге қосқан үлесі ерекше талданды. Спартакиадаға қатысушылардың табандылығы, ұйымшылдығы және жеңіске деген ұмтылысы аудан командасының жоғары нәтижеге қол жеткізуіне негіз болды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің образы тек үстел басында отырып, қағаз жазатын маман ретінде емес, қоғамдық істерде белсенді, спортта алдыңғы қатарлы креативті тұлға ретінде қалыптасуда. Төлебилік мемлекеттік қызметшілер дәл осы үддеден шыға білді. Олар жұмыстан тыс уақытта жаттығу залында тер төгіп, аудан намысын қорғауға үлкен жауапкершілікпен қарады.
Спорттық сайыстарда шыңдалған ұйымшылдық қасиет күнделікті қызметте де өз септігін тигізері сөзсіз. Себебі, спорт алаңында бір-біріне пас беріп, ортақ мақсатқа жұмылған әріптестер, жұмыс орнында да түрлі мемлекеттік бағдарламаларды үйлесімді, жедел әрі сапалы жүзеге асыруға бейім келеді. Бұл — ұжымдық рухты (Team building) нығайтудың ең үздік үлгісі.
Мемлекеттік қызметшілердің спортта белсенді болуы — қоғамға, әсіресе өскелең жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Қазіргі таңда жастар арасында белең алып бара жатқан лудомания (құмар ойындар), нашақорлық, және интернет-алаяқтық секілді кеселдермен күресте мемлекеттік қызметшілердің бұл қадамы айқын бағыт сілтейді. Билік өкілдері мен аудандық бөлім мамандарының өздері спортпен айналысып, биік белестерді бағындырғанда, ауыл жастары да олардан үлгі алады. Бос уақытты құмар ойындарға немесе зиянды әдеттерге емес, спорт залына арнау керектігін сөзбен емес, іспен көрсетеді.
Спорт ережелерін қатаң сақтай отырып жеңіске жеткен мемлекеттік қызметшілер қоғамда құқықтық мәдениеттің қалыптасуына, заң үстемдігінің орнауына өз үлестерін қосады.
Марапаттау рәсімінде бұл мәселе де тыс қалған жоқ. Тәртіпті де белсенді мемлекеттік аппарат қана қоғамдық дерттерге қарсы тұра алатын қуатты күш бола алатыны айтылды.
Бұл қол жеткізілген табыс — Төлеби ауданы үшін шек емес, бұл үлкен белестердің бастамасы ғана. Жиын барысында алдағы уақытта спорттық іс-шаралардың аясын кеңейту, аудан ішінде де бөлімдер мен ауылдық округтер арасындағы спартакиадаларды тұрақты өткізіп тұру мәселесі сөз болды. Басты мақсат — келесі жылы өтетін облыстық додада екінші орынды бірінші орынға айналдырып, бас жүлдені Төлеби төріне алып келу. Ол үшін ауданда барлық жағдайлар мен инфрақұрылым жасалып жатыр. Жаңа спорт кешендері, жаттығу алаңдары мемлекеттік қызметшілердің де, жалпы аудан тұрғындарының да игілігіне қызмет етуде.
Жиын соңында марапатталған барлық азаматтарға алдағы жауапты қызметтері мен қоғамдық жұмыстарында толағай табыстар, отбасыларына амандық, зор денсаулық және жаңа биік жетістіктер тіледі. Аудан басшылығы мен жұртшылық атынан олардың аудан абыройын облыс көлемінде асқақтату жолындағы қажырлы еңбектері мен төккен терлеріне терең ризашылық білдірілді.
Мемлекеттік қызмет пен спортты қатар ұстап, Төлеби ауданының намысын абыроймен қорғаған барша қызметкерлерді жеңістерімен тағы да шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің еңбектеріңіз — ел игілігіне, ал жеңістеріңіз — жастарға үлгі. Жолдарыңыз әрдайым ашық, жеңісті күндеріңіз көп болсын дейміз.

