Халық арасында кітап оқу дағдыларын қалыптастыру ортақ міндет болғандықтан, «Кітап оқитын ұлт – ешқашан жеңілмейтін ұлт» деген даналы сөздің даралығы киелі Түркістан облысының Төлеби ауданында «Кітап оқу» жобасы оңды жолға қойылған.
Неге десеңіз, бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекетіміздің, ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі оның материалдық байлығымен ғана емес, бірінші кезекте азаматтарының интеллектуалдық әлеуетімен, білім деңгейімен және мәдени өресімен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығын жиі айтады. Себебі, білімді ұрпақ қана елді алға сүйрей алады. Осы орайда, Түркістан облысында әлеуметтік нысандар салу, әсіресе ауылдық жерлерді мәдени және рухани инфрақұрылыммен қамту бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды жалғасып жатыр.
Жақында Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Әңгірата ауылында ел бірлігі мен ауызбіршіліктің жарқын үлгісіне айналған өте игі іс жүзеге асты. Ауыл тұрғындарының зор қолдауы мен жомарт жүректі ел жанашырларының демеушілігі нәтижесінде бой көтерген жаңа заманауи ауылдық кітапхана салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл оқиға тек бір ғимараттың ашылуы емес, Әңгірата ауылының, тұтас Төлеби ауданының рухани өміріндегі тарихи белес, маңызды оқиға ретінде шежіреге енді. Сондықтан да, жаңа білім шаңырағының ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде, ұлттық нақышта ұйымдастырылды. Ауылдың жаңа тынысын көруге, қуанышына ортақтасуға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері арнайы ат басын бұрды.
Салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, елге белгілі кәсіпкер, меценат Әсет Қайыпбеков, танымал журналист Асхат Садырбай, ауданның ардагерлері мен ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар осы тарихи сәттің куәсі болды.
Жиын барысында сөз алған қонақтар кітапхананың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, ауыл азаматтарының бұл ауызбіршілігін өзге өңірлерге үлгі екенін атап өтті. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жаңа ғимараттың лентасы қиылған сәтте ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады.
Әңгірата ауылдық кітапханасы – кеше ғана пайда бола салған нысан емес. Тұрғындар үшін бұл жердің әрбір кірпіші мен кітабында үлкен тарих жатыр. Кітапхананың негізі сонау 1953 жылы қаланған болатын. Ол кезде де дәл осылай ауыл тұрғындарының үлкен қолдауы болды. Ал бұл бастаманың басында соғыс және еңбек ардагері Әбдіжаппар Ақылов тұрды. Ол кісі ширек ғасырға жуық уақыт бойы осы кітапхананы басқарып, қиын-қыстау замандарда да ауылдың мәдени-рухани өмірінің сөнбеуіне, жастардың кітаптан ажырамауына өлшеусіз үлес қосты. Ардагердің салған сара жолын, игі ісін кейіннен 1978-1993 жылдар аралығында Әбдіжаппар Ғани лайықты түрде жалғастырды.
Ал 1993 жылдан бері, яғни еліміз егемендік алып, нарықтық экономиканың қиын кезеңдері басталған шақта да бұл қара шаңырақты Райымкүлова Гүлзия апайымыз құлатпай ұстап келеді. Ол кісі отыз жылдан астам уақыт бойы оқырмандарға үзіліссіз, сапалы қызмет көрсетіп, ауыл балаларының кітапқа деген махаббатын оятумен айналысуда. Осындай адал еңбектің арқасында бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық бағалы кітап сақталған. Бұл – кішкентай ғана ауыл үшін өте үлкен қазына, рухани байлық. Уақыт шіркін ештеңені аямайды. Соңғы жылдары кітапхананың ескі ғимаратының мүлдем тозығы жетіп, 2023 жылы апатты жағдайда деп танылып, сүрілген болатын. Ғимараттың жоқтығына қарамастан, кітапханашы Гүлзия апай да, ауыл жастары да мойымады. Рухани орда уақытша ғимаратқа көшіріліп, ауыл тұрғындарына бір күн де үзіліссіз қызмет көрсетуін тоқтатқан жоқ. Дегенмен, ауыл жұртшылығына заманауи, кең әрі жайлы ғимарат ауадай қажет еді. Осы мәселені шешу мақсатында ауыл тұрғындары өтініш білдірді. Тұрғындардың үнін естіген, елдің жағдайына бейжай қарай алмаған ауыл жанашыры, белгілі кәсіпкер Жамбыл Мәуленұлы үлкен бастама көтерді. Оның бұл ұсынысын жомарт жүректі, намысты ауыл азаматтары бірден қолдап, демеушілік жасауға білек сыбана кірісті. Осылайша, 2025 жылдың қыркүйек айында жаңа ғимараттың іргетасы қаланды. Құрылыс жұмыстары өте жоғары қарқынмен және сапалы жүргізілді. Ауыл азаматтарының бірлескен күші мен жұдырықтай жұмылуының арқасында, қысқа мерзім ішінде құрылыс толық аяқталып, бүгінгі күннің ең заманауи талаптарына сай келетін еңселі кітапхана бой көтерді. Бұл – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөздің іс жүзіндегі айқын дәлелі.
Ел үшін жасалған ешбір игі іс ескерусіз қалмайтыны рас қой. Салтанатты жиын барысында Әңгірата ауылының рухани дамуына баға жетпес үлес қосқан, жаңа кітапхананың бой көтеруіне тікелей демеушілік жасап, құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүрген бірқатар азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді. Төлеби ауданының әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының арнайы Алғыс хаттары ел азаматтарына салтанатты түрде табыс етілді. Бұл марапаттар – олардың ел алдындағы еңбегі мен азаматтық белсенділігіне берілген әділ бағасы. Мұндай шаралар қоғамда меценаттық мәдениетті дамытуға, өзге де кәсіпкерлердің өз туған жерін көркейтуге деген құштарлығын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Жаңа кітапхана – ауыл болашағының кепілі болғандықтан, бүгінгі таңда ашылған жаңа кітапхана тек кітап беретін орын ғана емес. Бұл – заманауи коворкинг орталығы, ауыл жастарының бас қосып, түрлі идеяларды талқылайтын, интеллектуалдық пікірталастар өткізетін, шығармашылықпен айналысатын нағыз мәдениет ошағы. Жаңа ғимаратта оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Жарық әрі кең оқу залы, кітап сөрелері, балаларға арналған арнайы бұрыштар бар. Ендігі кезекте бұл жер ауыл балаларының ғаламтордың зиянды ойындарынан алыстап, білім нәрімен сусындауына үлкен септігін тигізеді.
Ұлттық рухымызды асқақтатып, ана тіліміз бен әдебиетімізді, тарихымызды жас буынның санасына сіңіруде Әңгірата ауылдық кітапханасының атқарар рөлі бұдан былай да арта бермек. 10 мыңға жуық кітап қоры бар бұл алтын сандық жаңа ғимаратта жаңаша сипатта қызмет етіп, болашақ білімді тұлғаларды тәрбиелеп шығаратынына сеніміміз кәміл. Әңгірата ауылындағы бұл қуанышты оқиға – бүкіл елге үлгі боларлықтай үлкен белес. Сәтті қадам куәсі болған бұл рухани орданың есігі ешқашан жабылмасын, іші оқырманға, ал жастардың санасы білімге толып, туған жерін ардақтап, руханиятқа өріс ашқан Төлеби ауданының жомарт азаматтарына ақжарма алғыс айтамыз.

