Мемлекеттің іргетасы отбасынан басталғандықтан, тәуелсіз еліміздің берік тұғыры, рухани кемелдігі мен мәдениетінің қайнар көзі — әрбір шаңырақтың берекесі мен бірлігінде жатыр. Қазақ халқы ежелден отбасы құндылығын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін бәрінен биік қойған. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөздің астарында үлкен пәлсапалық мағына бар. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойына ұлттық кодты, еңбекқорлық пен отансүйгіштікті сіңіру — өнегелі әулеттердің басты миссиясы.
Осы асқақ құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеу, үлгілі отбасылардың өмірлік тәжірибесін көпшілікке паш ету мақсатында елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңызы жылдан-жылға артып келеді. Үстіміздегі жылы да бұл игі дәстүр өз жалғасын тауып, киелі Қазығұрт ауданында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңі жоғары деңгейде қорытындыланды. Бұл шара аудан өміріндегі елеулі рухани оқиғаға айналып, жарасымды жанұялардың мәртебесін асқақтатты.
«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының басты мақсаты — отбасы институтын нығайту, неке мен отбасының жағымды бейнесін насихаттау, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және өңірдегі өнегелі де көпбалалы, еңбекқор әулеттерді көпшілікке үлгі ету болып табылады.
Аудандық арнайы комиссия қатысушылардың құжаттарын қабылдап, оларды өте мұқият әрі жан-жақты зерделеді. Іріктеу барысында құрғақ статистикалық мәліметтерге ғана емес, келесідей маңызды аспектілерге баса назар аударылды. Мәселен, әулет мүшелерінің Қазығұрт ауданының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына қосқан нақты үлесі мен сіңірген еңбегі мен отбасындағы ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің оқудағы, спорттағы, ғылым мен шығармашылықтағы қол жеткізген табыстары мен жетістіктері. Сонымен қатар, әулет ішіндегі ұрпақтар сабақтастығы, салт-дәстүрлердің сақталу деңгейі және ауыл аймақ арасындағы беделі және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы және айналасына ізгілік нәрін себуі.
Сайысқа түскен мақтанышты әулеттер жайында тарқатсақ, биылғы жауапты додаға Қазығұрт ауданының түкпір-түкпірінен, түрлі ауылдық округтерінен салиқалы да берекелі 7 отбасы қатысып, өздерінің құжаттары мен шығармашылық қоржындарын ұсынды. Олардың әрқайсысы — өз ауылының мақтанышы, еңбек пен бірліктің символы.
- Салыбеков Омар Тілеуұлының отбасы (Қазығұрт ауылы)
- Ксенбаев Алмахан Бекұлының отбасы (Қазығұрт ауылы)
- Ахметов Мұхтар Сапарәліұлының отбасы (Қазығұрт ауылы)
- Айқынбаев Абдрахим Асқарұлының отбасы (Қақпақ ауылдық округі)
- Кененбаев Дархан Серікбайұлының отбасы (Қ.Әбдалиев ауылдық округі)
- Бурханова Гүлмира Сабырқызының отбасы (Қызылқия ауылдық округі)
- Икласов Оразғали Құмарбекұлының отбасы (Жаңабазар ауылдық округі)
Бұл отбасылардың құрамында көп жылдар бойы ұстаздық еткен ардагерлер, ауыл шаруашылығын өркендеткен еңбек адамдары, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметшілер бар. Сондықтан комиссия мүшелеріне ең үздігін таңдау оңайға соққан жоқ, себебі қатысушылардың барлығы дерлік «мерейлі» деген атқа әбден лайықты еді.
Арнайы құрылған сарапшылар мен комиссия мүшелерінің шешімі бойынша, барлық критерийлерден оқ бойы озық шығып, жарасымдылық пен ізгіліктің, еңбек пен жетістіктің шынайы үлгісін көрсете білген екі отбасы дараланып шықты. Олар аудандық кезеңнің жеңімпазы атанып, облыстық іріктеу кезеңінде Қазығұрт ауданының намысын қорғауға жолдама алды.
Мысалы, Қ.Әбдалиев ауылдық округінен қатысқан Дархан Серікбайұлы бастаған Кененбаевтар отбасы — ауылдастары арасында үлкен құрметке ие. Бұл шаңырақ еңбекқорлығымен, бала тәрбиесіне деген ерекше ыждағаттылығымен ерекшеленеді. Дархан Серікбайұлы мен оның жары отбасында ұлттық құндылықтарды бірінші орынға қоя отырып, балалары мен немерелерін отансүйгіштікке, білімге баулып келеді. Әулет мүшелерінің жетістіктері, ауыл тіршілігіне белсенді араласуы олардың жеңіске жетуіне негізгі себеп болды.
Ал, Қазығұрт ауылының намысын қорғаған Салыбеков Омар Тілеуұлының отбасы — парасаттылық пен даналықтың алтын бесігі. Омар Тілеуұлы көп жылдар бойы атқарған жемісті еңбегімен ауданның дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Оның шаңырағында өскен ұл-қыздары бүгінде еліміздің түрлі салаларында абыройлы қызмет етіп, немерелері білім мен спорт додаларында көш бастап жүр. Салыбековтер әулетінің тұрмыс-салты, өзара сыйластығы мен берекесі көпке үлгі ретінде жоғары бағаланды.
«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсына қатысқан барлық 7 отбасы да жеңіске деген талпынысымен, өз әулеттерінің шежіресімен көпшілікті тәнті етті. Олардың әрқайсысы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, арнайы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың ақжарма ақ тілегі: «Мерейлі отбасы» байқауына атсалысып, өз шаңырақтарының жылуын, тәрбиелік мектебін паш еткен барлық қатысушы отбасыларға шексіз алғысымызды білдіреміз. Сіздер — мемлекетіміздің тірегі, жас буынның шамшырағысыздар. Ал аудандық кезеңде топ жарып, облыстық іріктеу кезеңіне жолдама алған Кененбаевтар мен Салыбековтер отбасына алдағы сында зор сәттілік тілейміз! Білімі мен біліктілігі, парасаты мен бірлігі жарасқан қос әулет облыс деңгейінде де Қазығұрттың абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сеніміміз мол!»,- дейді.
Түйіндей келе айтпағымыз, берекелі шаңырақ — мәңгілік ел кепілі демекші, Қазығұрт ауданында мәресіне жеткен «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауы тағы бір мәрте қазақ қоғамында отбасы құндылығының ешқашан ескірмейтін, маңызын жоймайтын қасиетті дүние екенін дәлелдеді. Салыбековтер мен Кененбаевтар сынды өнегелі әулеттер барда ұлттық тәрбие үзілмейді, ұрпақтар сабақтастығы мәңгі жасайды.
Мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жас шаңырақтарға бағыт-бағдар беріп, отбасылық өмірдің жауапкершілігін ұғындыруға қызмет ете бермек. Жеңімпаз отбасыларға облыстық додада сәттілік серік болып, Қазығұрттың жалынды рухын көрсете беруіне тілектеспіз және әрбір қазақстандық шаңырақтың берекесі тасып, мерейі үстем болсын деген ниеттеміз.

