Мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы оның Ата Заңының кемелдігіне тікелей байланысты. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы өз дамуының мүлдем жаңа, сапалы кезеңіне қадам басты. Осы тарихи үдерістің басты құқықтық тірегі болған жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі — еліміздің саяси жүйесін трансформациялаудағы, демократиялық принциптерді бекемдеудегі ең ірі белестердің бірі.
Осынау айтулы оқиға мен ел өміріндегі маңызды тарихи сәт киелі Түркістан өңірінің Қазығұрт ауданында жоғары деңгейде ұлықталды. Аудандық мәдениет сарайында 1 шілде – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай кең көлемді салтанатты жиын өтті. Бұл іс-шара тек заңның күшіне енуін мерекелеу ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениетімізді, отбасылық құндылықтарымызды және мемлекеттігімізді ұлықтаудың бірегей алаңына айналды.
Мерекелік жиынның шымылдығы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, залда асқақ рух пен патриоттық сезім орнады. Салтанатты іс-шараның алғашқы құттықтау сөзі Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловқа берілді.
Аудан басшысы өз сөзинде жаңа Конституцияның қабылдануы мен оның күшіне енуінің ел тарихындағы алатын орны ерекше екенін егжей-тегжейлі атап өтті: «Жаңа Конституция — бұл жай ғана заңдар жинағы емес, бұл біздің қоғамның жаңаруға, әділеттілікке және заң үстемдігіне деген ортақ ұмтылысының нәтижесі. Ол әрбір азаматтың құқықтық қорғалуын күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады. Құқықтық мемлекет құру жолындағы бұл қадам еліміздің қоғамдық-саяси дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз»,- деді.
Сонымен қатар, аудан әкімі шілде айының басында келетін басқа да маңызды мерекелерге тоқталып өтті. Ол жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен және Астана күні мерекелерімен құттықтады. Әкім өз сөзінде домбыраның қазақ жанының символы екенін, ал елордамыздың мемлекетіміздің қуаты мен бірлігінің белгісі екенін айтып, Қазығұрт жұртшылығына амандық, ел бірлігі мен мемлекеттің өркендеуі жолындағы ізгі тілектерін жолдады.
Салтанатты жиыннда сөз алған өңірдің белгілі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері де жаңа Ата Заңның халықтық сипатына тоқталып, өз ойларын ортаға салды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Тайбек Қалымбетов өз баяндамасында заң үстемдігін қамтамасыз етудеді жергілікті өкілді органдар мен халықтың рөліне назар аударды. Ол жаңа Конституцияның жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға және мәслихаттардың өкілеттігін күшейтуге тигізер оң әсерін атап өтті. Заңның әрбір тармағы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын жеткізді.
“Ардагерлер кеңесінің” төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев аға буынның атынан сөз сөйлеп, қоғамның тұрақтылығы мен дамуы үшін Ата Заңның қадір-қасиетін түсіну маңызды екенін айтты. Ол жас ұрпақты заңды құрметтеуге, Отанды сүюге шақырып, жаңа Конституция еліміздің болашақ ұрпақтары үшін жарқын жол ашатынына сенім білдірді және елге өзінің ақ батасын берді.
Мемлекеттің негізі мен тірегі — отбасы болғандықтан, салтанатты жиынның ең әсерлі әрі тәрбиелік мәні зор бөлімі отбасы институтын нығайту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жалғасын тауып, дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы – 2026» республикалық байқауының аудандық кезеңінің қорытындысына арналды.
Бұл байқауға аудан аумағындағы ең үлгілі, көпбалалы, еңбекқор және өнерлі отбасылар қатысып, өздерінің отбасылық дәстүрлерін паш еткен болатын. Жиын аясында осы байқауда бақ сынап, өзгелерге өнеге көрсеткен өнегелі отбасыларға ерекше құрмет көрсетілді. Отансүйгіштік, еңбекқорлық және ұрпақ тәрбиесі секілді асыл құндылықтарды ту еткен бұл әулеттерге аудан әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы бағалы сыйлықтары салтанатты түрде табыс етілді. Марапатталған отбасылар өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, шаңырақтың беріктігі — мемлекеттің беріктігі екенін атап өтті. Бұл сәт залдағы көрермендерге үлкен ой салып, ұлттық тәрбиенің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Салтанатты жиынның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін, шара аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының дайындаған жоғары деңгейдегі концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнерпаздар халықтың рухын көтеріп, мерекелік көңіл-күйді еселей түсіп, сахнада Отанды, туған жерді және Ата Заңды ұлықтайтын асқақ әндер шырқалды. Әсіресе, жастардың орындауындағы рухты әндер көрермендерді толқытты.
Сондай-ақ, ұлттық домбыра күніне орай, сахнада қазақтың күмбірлеген күйлері төгілді. Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің күйлері залдағы халықты ұлттық өнердің тұңғиығына бойлатып, ұлттық нақышта киінген бишілер тобы өздерінің мың бұралған қимылдарымен сахна сәнін келтіріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мәдениет сарайының іші шапалақ үніне толып, жиналған қауым өнерпаздарға өздерінің ыстық ықыласын білдірді. Концерттік бағдарлама мерекенің сәнін келтіріп, халыққа көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер арнады.
Қазығұрт ауданында өткен бұл салтанатты жиын жаңа Конституцияның күшіне енуін ғана емес, елдің бірлігі мен ынтымағын тағы бір рет көрсетті. Тұрғындар жаңа реформаларға, мемлекеттің болашағына үлкен үмітпен және сеніммен қарайтындарын білдірді.
Әрине, Ата Заңның заңды күшіне енуі — құқықтық мәдениеттің өсуіне, әрбір азаматтың жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді. Қазығұрттықтар бұл тарихи күнді зор мақтанышпен қарсы алды және мемлекеттің гүлденуі жолында аянбай еңбек етуге дайын екендіктерін көрсетті. Жаңа Конституциямыз баянды, еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болғай!

