«Ұлттық құндылықтар — таза қоғамның негізі» демекші бүгінгі таңда егемен еліміздің алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі — қоғамды індеттей жайлаған сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу және оның алдын алу. Мемлекет басшысынан бастап, құзырлы органдар мен азаматтық қоғам өкілдеріне дейін бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда. Алайда, заңның қаталдығы мен жазалау шаралары ғана бұл кеселді түп-тамырымен жоюға жеткіліксіз. Ең бастысы — адамдардың, әсіресе өскелең ұрпақтың санасында жемқорлыққа қарсы мықты иммунитет пен мәдениетті қалыптастыру.
Осы орайда, жас буынның бойына адалдық, әділдік, отансүйгіштік пен парасаттылық құндылықтарын сіңіруде ұлттық ойындарымыздың атқаратын рөлі орасан зор. Тарих қойнауынан жеткен ата-бабаларымыздың асыл мұрасы — ұлттық ойындар тек көңіл көтеру құралы емес, ол үлкен тәрбие мектебі, шыдамдылық пен адал бәсекелестіктің символы.
Осындай ізгі мақсатты ту еткен айтулы іс-шара 2026 жылдың 24 маусым күні киелі Қазығұрт ауданына қарасты Жаңабазар ауылында орналасқан жазғы сауықтыру лагерінде жоғары деңгейде өтті. Балалар мен жасөспірімдер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл ұлттық ойындар сайысы аймақтағы маңызды тәрбиелік шаралардың біріне айналды. Жаңабазар ауылындағы жазғы сауықтыру лагерінде ұйымдастырылған бұл сайыстың негізгі концепциясы — балалардың демалыс уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуін қамтамасыз ете отырып, олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа деген жиіркеніш сезімін ояту және құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша: «Сыбайлас жемқорлықпен күресті бала кезден, ойын баласының санасына әділдік дәнін егуден бастау керек. Сайыста алаяқтық жасамау, ережеге бағыну, өз күшіне сену — болашақта пара бермей, өз білімімен биікке шығатын тұлғаны қалыптастырады».
Лагерьдегі демалушы жасөспірімдер үшін бұл сайыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен бірге достықты, бірлікті және ең бастысы — әділ ойын қағидатын терең ұғынуға мүмкіндік беретін үлкен алаңға айналды. Сайысқа қатысушылар да, оларды қолдап келген жанкүйерлер де лагерь аумағында ерекше мерекелік және танымдық атмосфера қалыптастырды.
Жарыс бағдарламасына қазақ халқының ежелден келе жатқан, бүгінде қайта жаңғырып, жастар арасында танымалдылығы артып келе жатқан үш негізгі ұлттық ойын түрі енгізілді. Олар: ләңгі тебу, арқан тарту және асық ату. Бұл ойындардың әрқайсысы баланың бойындағы белгілі бір құндылықтар мен физикалық, психологиялық қасиеттерді дамытуға бағытталған.
Атап айтқанда, ләңгі тебу — ептілікті, жылдамдықты және қимыл-қозғалыс үйлесімділігін талап ететін ежелгі ойындардың бірі. Бұл сайыста балалар шеңбер ішінде тұрып, өздерінің ептіліктерін көрсетті. Ойын барысында әрбір қатысушының қимылы, ережені бұзбай, ләңгіні қаншалықты дәл және ұзақ уақыт тебе алатындығы бағаланды. Сондықтан да бұл ойын балаларды өз бетінше мақсатқа жетуге, ешқандай қулықсыз немесе сыртқы көмексіз тек өз еңбегімен ғана нәтижеге қол жеткізуге үйретеді. Қатысушылардың арасында ләңгіні шебер меңгерген жасөспірімдердің көптігі көрермендер мен төрешілерді тәнті етті.
Ал, арқан тарту сайысы іс-шараның ең тартысты және қызықты бөлімі болды. Бұл ойын — бірліктің, ұйымшылдықтың және ұжымдық рухтың көрінісі. Балалар бірнеше командаға бөлініп, өз араларында мықтыны анықтады. Ұлттық мәдениет тұрғысынан алғанда, бұл ойын жастарға қазіргі уақыттағы қоғамда болып жатқан түрлі кеселмен жалғыз күресу қиын, оны тек бірлескен, жұдырықтай жұмылған ұжымдық күшпен ғана жеңуге болатынын және команда мүшелерінің бір-біріне деген сенімі, бір мақсатқа ұмтылысы және ортақ жеңіске деген талпынысы арқан тарту барысында айқын танытты.
Сонымен қатар, қазақтың төл ойыны — асық ату балалардың көз мергендігін, қол ептілігін және стратегиялық ойлау қабілетін дамытады. «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілекті арқау еткен бұл сайыста лагерь тәрбиеленушілері мергендіктерін сынасты. Сақаны дәл көздеп, тақтадағы асықтарды атып шығару үлкен ұстамдылықты қажет етеді. Маңыздысы, асық ату ойынында ереже өте қатаң сақталады. Кімнің сақасы қалай түсті, кім сызықтан асып кетпеді — мұның бәрі көпе-көрнеу, ашық түрде өтеді. Бұл жастардың санасында жариялылық пен әділдік принциптерін орнықтырады. Өзгелердің құқығын құрметтеу, өз кезегін күту және жеңіске тек таза еңбекпен жету — асық атудың басты философиясы екенін ұғындырды.
Сайыс өте тартысты, әрі әділ өтті. Төрешілер алқасы әрбір ойынның ережесінің бұлжытпай орындалуын қатаң қадағалады. Ойын соңында ешқандай дау-дамайсыз, нағыз мықтылар суырылып алға шықты. Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған марапаттар өз иелерін тапты: І, ІІ және ІІІ орын иегерлері арнайы дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ бағалы және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жеңіс тұғырынан көріне алмаған, бірақ ерекше белсенділік танытқан қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары берілді. Марапаттау рәсімінде сөз алған ұйымдастырушылар мен ауыл ақсақалдары балалардың бұл талпынысын жоғары бағалап, олардың болашақта еліміздің адал, парасатты және заңын қастерлейтін азаматтары болатынына сенім білдірді.
Жазғы сауықтыру лагерінде өткен осындай шаралардың маңызы туралы қоғам белсенділері былай дейді: «Жастайынан ұлттық ойынмен шыңдалып, әділдікті серік еткен бала өскенде пара бермейді де, алмайды да. Олар өз күшіне, біліміне сенетін болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды осындай форматта, ұлттық дәстүрмен сабақтастыра отырып жүргізу — ең тиімді тәсіл».
Тарқата айтқанда, ұлттық ойындар арқылы жастардың бойында бабамыздан қалған құндылықтарды, салт-дәстүрді жаңғырту және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізумен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы сайыс деуге саяды. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздің барлық аймақтарында кеңінен қанат жаюы тиіс. Сонда ғана біз жемқорлықтан таза, құқықтық және өркениетті Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз. Өйткені, адал ұрпақ — жарқын болашақтың кепілі!

