Ауыл тыныштығы — ұлттық қауіпсіздік негізі болса, қазақ халқы үшін ауыл — ұлттық ділдің, салт-дәстүрдің, береке мен бірліктің алтын бесігі. Ауылдың ахуалы түзелмей, елдің болашағын жарқын ету мүмкін емес. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында жер-жерлерде бірегей жобалар қолға алынуда. Солардың ішіндегі ең пәрменді әрі халық тарапынан қызу қолдауға ие болған бастама — «Ішімдіксіз ауыл» жобасы десек артық айтқандығымыз емес.
Осы ретте, ауылымыздың берекесі мен тұрғындардың қауіпсіздігін ең басты орынға қоя отырып, Қазығұрт ауданында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Спирттік өнімдердің заңсыз айналымын шектеу, оның қоғамға тигізетін зардаптарының алдын алу және жас ұрпақты зиянды әдеттерден қорғау мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері мен ауыл белсенділері, ақсақалдар кеңесі бірлесіп ауқымды жұмыстарды бастап кетті. Осы мақсатта ауыл аумағындағы барлық азық-түлік дүкендері мен сауда нүктелерін қамтыған арнайы рейдтік аралау іс-шаралары ұйымдастырылды.
Әсіресе, сауда нүктелеріндегі рейдтің нәтижесінде атқарылған негізгі жұмыстар мен маңызды бағыттар аясында бірлескен мобильді топ ауыл ішіндегі әрбір сауда нысанына бас сұғып, заң аясында жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру бағытында кешенді іс-шаралар жүргізді. Рейд барысында назар аударылған негізгі үш бағытты бөліп көрсетуге болады. Мәселен, түсіндіру жұмыстары және құқықтық мәдениет — рейдтің басты мақсаты болғандықтан, бірден жазалау немесе айыппұл салу емес, алдын алу профилактикасы жүргізіледі. Тәртіп сақшылары мен белсенділер дүкен иелеріне, кәсіпкерлер мен сатушыларға Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарын жан-жақты түсіндірді. Әрбір кәсіп иесіне заң аясында таза әрі ашық жұмыс істеудің маңыздылығы, заңсыз спирттік өнімдерді (акцизсіз, қолдан жасалған алкоголь) сатудың қылмыстық және әкімшілік жауапкершілігі ескертілді. Сауда нүктелеріне арнайы ақпараттық парақшалар мен заң талаптары жазылған ескерту тақтайшалары таратылды. Сонымен қатар, уақыт шектеуін қатаң сақтау, яғни түнгі саудаға тосқауыл қою мақсатында, Қазақстан заңнамасына сәйкес, алкоголь өнімдерін сатудың нақты уақыттық шектеулері бары ескертіледі. Сондықтан да рейд барысында бұл мәселе ерекше бақылауға алынды. Дүкеншілерге белгіленген уақыттан тыс, яғни түнгі уақытта ішімдік сатуға мүлдем жол берілмейтіні қатаң ескертілді. Тәжірибе көрсеткендей, түнгі уақыттағы ішімдік саудасы мас күйінде жасалатын көше төбелестеріне, отбасылық жанжалдарға және жол-көлік оқиғаларына тікелей себепші болады. Сондықтан уақыт шектеуінің сақталуы — ауылдағы түнгі тыныштықтың басты кепілі.
Ал, жасөспірімдер қауіпсіздігі және болашақты қорғау бағытында басымдыққа алынатын ең өзекті әрі ымырасыз бағыт — кәмелетке толмағандарға алкогольдік өнімдер мен темекі заттарын сатудың алдын алу. Сатушыларға 21 жасқа толмаған жастарға спирттік өнімдерді беруге үзілді-кесілді тыйым салынатыны, күмән туған жағдайда сатып алушының жеке куәлігін талап ету міндетті екені тағы бір мәрте қаперге салынды. Бұл талапты бұзған кәсіпкерлер тек ірі көлемде айыппұл арқалап қана қоймай, лицензиясынан айырылып, бизнесінен айырылуы мүмкін екені нақты мысалдармен жеткізілді.
Жасыратыны жоқ, «Ішімдіксіз ауыл» — жарқын болашақтың формуласы екені бесенеден белгілі. Неге десеңіз, «Ішімдіксіз ауыл» — бұл жай ғана өткінші науқан немесе құрғақ ұран емес. Бұл — біздің ұлтымыздың жарқын болашағы, балаларымыздың саналы, сергек әрі салауатты болып өсіп-жетілуіне жасалған стратегиялық маңызы бар үлкен қадам.
Әлеуметтік талдау нәтижесіне үңілсек, еліміз бен әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ішімдіктен толықтай бас тартқан, «құрғақ заң» енгізген өңірлерде криминогендік ахуал түбегейлі өзгереді. Мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі күрт төмендеп, ұрлық-қарлық, бұзақылық сияқты құқық бұзушылықтар мүлдем тіркелмейтін жағдайға жетеді. Ең бастысы — ішімдіктің кесірінен шаңырағы шайқалатын отбасылар азайып, жанұялардың берекесі мен ырысы артады, ажырасу көрсеткіші төмендейді.
Арақ-шараптан бас тартқан ауылдарда жастардың спортқа, білімге, өнерге деген құштарлығы артатыны дәлелденген. Кәсіпкерлер де тек спирттік ішімдік сату арқылы ғана емес, пайдалы, салауатты тауарлар түрлерін көбейту арқылы да табыс табуға болатынын түсінуде. Бұл игі бастаманың ең үлкен жетістігі — оның қоғам тарапынан, соның ішінде дүкен иелері тарапынан толық қолдау табуында. Рейд барысында ауыл кәсіпкерлері бұл қадамға үлкен парасаттылықпен әрі түсіністікпен қарады.
Дүкен иелері өздерінің де осы ауылдың азаматы екенін, осы жерде олардың да балалары мен немерелері өсіп жатқанын алға тартып, материалдық пайдадан көрі ауылдың тыныштығы мен болашағы әлдеқайда маңызды екенін білдірді. Олар заң талаптарын бұзбай, арақ-шарап саудасын шектеуге немесе одан толықтай бас тартуға дайын екендіктерін жеткізді. Мұндай ынтымақтастық — жергілікті билік пен бизнес өкілдерінің ортақ мақсат жолында біріге алатынының үздік үлгісі.
Қорытындылай келгенде, «тәртіп бар жерде — береке бар»,- демекші «Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясында басталған бұл жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Мобильді топтардың қатысуымен өтетін рейдтер тұрақты сипатқа ие болмақ. Себебі, ұрпағымыздың саулығы мен ауылымыздың тыныштығы — баға жетпес байлығымыз. Осы орайда барша ауыл тұрғындарын, жастар мен үлкендерді салауатты өмір салтын белсенді қолдауға шақырамыз. Әрбір азамат ішімдікке қарсы күреске өз үлесін қосып, заң бұзушылықтарды көргенде бейжай қарамауы тиіс. Есіңізде болсын, тәртіп бар жерде ғана береке мен даму бар екенін ескерсеңіз, ауылымыз аман, жұртымыз тыныш, ұрпағымыз сергек болары сөзсіз.

