Цифрлық дәуірдің көлеңкелі жағы — киберқылмыс екені бесенеден белгілі. Сондықтан да жоғары технологиялар мен жаһандық цифрландыру заманында адамзат өмірі айтарлықтай жеңілдеді. Бүгінде үйде отырып-ақ банк операцияларын жасауға, мемлекеттік қызметтерді алуға, сауда жасап, әлемнің кез келген нүктесіндегі адаммен байланыс орнатуға толық мүмкіндік бар. Алайда, осы заманауи игіліктермен қатар, виртуалды әлемде қауіп-қатерлердің де жаңа түрлері пайда болды. Соңғы жылдары, әсіресе 2026 жылы, елімізде де, жаһандық деңгейде де интернет-алаяқтық (киберқылмыс) жағдайлары тым жиілеп кетті.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда алаяқтар заманауи IT-технологияларды, нейрожелілерді және психологиялық әдістерді (әлеуметтік инженерия) шебер меңгерген. Олардың құрығына тек зейнеткерлер мен аңғал жандар ғана емес, сонымен бірге жоғары білімді, заңнан хабары бар азаматтар да түсіп жатады. Өйткені, қылмыскерлердің айла-тәсілдері күн санап құбылып, жаңа сипат алуда. Сондықтан интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелерін білу және оны күнделікті өмірде қолдану — әрбір азаматтың жеке қаржысы мен жүйке жүйесін аман сақтаудың басты кепілі.
Алаяқтардың бетпердесін ашып, олар өздерін кім деп таныстыратынын білгіңіз келсе, жалпы интернет-алаяқтардың басты мақсаты — сіздің бойыңызда үрей, қорқыныш немесе жедел пайда табу сезімін тудыру арқылы логикалық ойлау қабілетіңізді бұғаттау. Олар өз құрбандарына телефон соққанда немесе хат жазғанда, заңды әрі беделді ұйымдардың атын жамылып, мынадай бетперделерді жиі қолданады. Мәселен, банк немесе қаржы ұйымдарының қызметкерлері: «Сіздің картаңыздан күдікті операция байқалды», «Атыңызға бейтаныс біреу несие рәсімдеп жатыр» деген сылтаулармен хабарласады. Ал, құқық қорғау органдары (Полиция, Прокуратура, ҰҚК), өздерін тергеуші немесе инспектор ретінде таныстырып, сіздің қандай да бір «қылмыстық іске» қатысыңыз бар екенін айтып, қорқытады немесе «банктегі алаяқтарды ұстау бойынша құпия операцияға көмектесуіңіз керек» деп үгіттейді. Мемлекеттік органдар мен Салық қызметі саласынан хабарласқандар, «Сәуегейлік жәрдемақы немесе салықтық өтемақы шықты» немесе керісінше, «ірі көлемде айыппұл төлемесеңіз, шоттарыңыз бұғатталады» деп хабарлама жібереді. Байланыс операторларының мамандарына келсек, «Сим-картаңыздың мерзімі аяқталуға жақын, оны ұзарту үшін кодты айтыңыз» деп, eGov немесе банк қосымшаларына рұқсат алуға тырысады.
Сонымен қатар, қылмыскерлер арнайы бағдарламалар (IP-телефония және нөмірді ауыстыру технологиялары) арқылы телефон экранында шынымен де банктің немесе ресми органның байланыс нөмірін көрсетіп қоюды да меңгерген. Осы ретте жадыңызда сақтайтын ережені ескеріп, нтернет-алаяқтықтан қорғанудың 6 басты ұсынысы мен виртуалды қылмыскерлердің құрбаны болмау және өз қаражатыңызды заңсыз қолды болудан сақтау үшін келесі маңызды қауіпсіздік ережелерін жаттап алу және отбасы мүшелеріне түсіндіру қажет.
Біріншіден, жеке және құпия мәліметтерді ешкімге жарияламаңыз. Бөгде адамдарға, мейлі ол өзін генерал немесе банк төрағасы деп таныстырса да, өзіңіздің ЖСН-іңізді (ИИН), банк карталарының толық деректемелерін (16 таңбалы нөмірі, жарамдылық мерзімі), картаның артқы жағындағы CVV/CVC үш таңбалы кодын және ұялы телефоныңызға келген SMS растау кодтарын ешбір жағдайда айтпаңыз және жібермеңіз.
Екіншіден, күмәнді сілтемелер мен бейтаныс қосымшалардан бас тартыңыз. Мессенджерлер (WhatsApp, Telegram) немесе электронды пошта арқылы келген, «ұтыс ойыны», «тегін сыйлықтар» немесе «жеңілдіктер» ұсынатын күмәнді сілтемелерге (фишингтік сайттар) өтпеңіз. Сондай-ақ, бейтаныс адамдардың, тіпті «банк операторының» өтініші бойынша телефоныңызға қашықтан басқару бағдарламаларын (AnyDesk, TeamViewer және т.б.) мүлдем орнатпаңыз. Бұл бағдарламалар алаяқтарға сіздің телефоныңызды толық басқаруға жол ашады.
Үшіншіден, бөгде адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыз Өздерін мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың немесе банктердің қызметкерлері ретінде таныстырған адамдардың нұсқауымен ақшаңызды «қауіпсіз шотқа» аудармаңыз, банкоматтан қолма-қол алып, басқа біреудің реквизиттеріне салмаңыз. Есіңізде болсын, заңды ұйымдарда ешқашан «қауіпсіз шот» деген ұғым болмайды.
Төртіншіден, банк карталары мен шоттарыңызды үшінші тұлғаларға бермеңіз. Өз атыңыздағы банк карталарын, шоттарды немесе интернет-банкинг логиндері мен құпиясөздерін басқа адамдарға (тіпті жақын таныстарға) пайдалануға бермеңіз. Қазіргі кезде алаяқтар ақшаны жылыстату үшін «дропперлерді» (картасын ақша айналымына беретіндер) белсенді пайдаланады. Картаңыз арқылы қылмыстық ақша өтсе, сіз заң алдында сыбайлас ретінде жауапқа тартылуыңыз мүмкін.
Бесіншіден, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз. Егер сізге қандай да бір мемлекеттік бағдарлама, жәрдемақы, инвестициялық жоба немесе шоттың бұғатталуы туралы хабарлама келсе, ақпараттың дұрыстығын тек қана ресми дереккөздер — мемлекеттік органдардың ресми сайттары, банктің мобильді қосымшасындағы чат немесе олардың ресми колл-орталықтары арқылы қайта тексеріңіз.
Алтыншыдан, ресми қызметкерлердің өкілеттігін есте сақтаңыз. Ең бастысы және алтын қағида: Мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының (банктердің) нақты қызметкерлері телефон қоңырауы арқылы азаматтардан жеке деректерді, банктік құпиясөздерді, карта кодтарын және SMS арқылы келген растау кодтарын ешқашан сұрамайды. Мұндай мәліметтерді сұрау — заң бойынша тыйым салынған әрекет. Егер сұраса — ол 100 пайыз алаяқ!
Осындай жағдайлар орын алған жағдайда шұғыл әрекет алгоритмі мен күдіктіден қоңырау түссе не істеу керектігін білгеніңіз абзал. Егер сізге бейтаныс нөмірден қоңырау түсіп, жоғарыда айтылған белгілер байқалса, ешқандай үрейге бой алдырмастан мына әрекеттерді орындаңыз.
Шұғыл әрекет ету ережесі — әңгімені дереу тоқтатыңыз. Тұтқаны тастаңыз, алаяқтармен айтысып, уақыт өткізудің қажеті жоқ. Олар кәсіби психологтар болғандықтан, сөйлесе келе сізді арбап алуы мүмкін. Банкке хабарласыңыз, өзіңізге қызмет көрсететін банктің ресми нөміріне (картаның артында көрсетілген немесе қысқа нөмірге) өзіңіз қайта қоңырау шалып, жағдайды баяндаңыз. Құқық қорғау органдарына хабарласыңыз, дереу «102» нөміріне хабарласып, алаяқтық әрекет туралы арыз қалдырыңыз.
Сонымен, нтернет-алаяқтықпен күресу — тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Әрбір азамат виртуалды әлемде «цифрлық гигиенаны» сақтауы тиіс. Көшеде бейтаныс адамға үйіңіздің кілтін бермейтініңіз секілді, интернетте де жеке деректеріңізді ешкімге ұсынбауыңыз қажет. Осы бағыттар аясында Қазығұрт аудандық полиция бөлімі тыңғылықты жұмыстар жасап келеді. Олар жергілікті тұрғындарға жадынама ескертпелер таратумен қатар, рейдік шаралар барысында да түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізуде.
Өйткені, ақпараттық сауаттылық, сабырлылық пен сақтық — кез келген кибершабуылға қарсы тұра алатын ең мықты қалқан. Өзіңізді және жақындарыңызды, әсіресе үлкен кісілерді алаяқтардың айласынан қорғап, қауіпсіздік ережелерін үнемі жадында ұстаңыздар. Тәртіп пен сақтық бар жерде, алаяқтарға орын жоқ екенін жадыңызда сақтаңыз.

