Бала — мемлекеттің ең басты құндылығы болса, ал балалық шақ — бұл адам өмірінің ең қорғансыз, сонымен бірге болашақтың іргетасы қаланатын ең маңызды кезеңі. Әрбір баланың бақытты күлкісі, уайымсыз күндері және қауіпсіз ортада өсуі — дамыған, өркениетті қоғамның басты көрсеткіші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында бала құқықтарын қорғау, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекетке «мүлдем төзбеушілік» таныту қажеттігін үнемі шегелеп айтып келеді. Қоғамда заң үстемдігі орнамай, әрбір кішкентай азамат өзін қауіпсіз сезінбей, жарқын болашақ туралы айту мүмкін емес.
Осы орайда, Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың тікелей жалғасы ретінде 2026 жыл «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі – жылы» деп жарияланды. Бұл жай ғана атау емес, бұл — мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және әрбір ата-ана үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін, кешенді іс-қимылдарды талап ететін үлкен реформалық қадам. Осы атаулы жыл аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қолайсыз жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау және балалардың құқықтарын қорғау мақсатында барлық аймақтарда мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы «Жұмысшы топтар» құрылып, ауқымды профилактикалық жұмыстар басталып кетті. «Жұмысшы топтардың» құрамы мен негізгі миссиясыалалардың бағыты айқындағандай, бала қауіпсіздігі мен отбасылық қолайсыздықты жеңу — тек бір ғана ведомствоның шешетін мәселесі емес екеі шындық. Бұл бағытта ведомствоаралық тығыз байланыс пен жүйелі үйлесімділік қажет. Осыны ескере отырып құрылған «Жұмысшы топтардың» құрамына келесі мүдделі тараптар енді. Нақтылағанда, құқық қорғау органдары (Полиция департаменті, ювеналды полиция инспекторлары), олар заңдылықтың сақталуын бақылайды, құқық бұзушылықтарды тіркейді және заң аясында шара қолданады. Ал, білім беру саласының мамандары (Мектеп директорлары, психологтар, әлеуметтік педагогтар), баланың мінез-құлқындағы, сабақ үлгеріміндегі өзгерістерді алғашқы болып байқап, дабыл қағады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы (Емхана дәрігерлері, педиатрлар), баланың денсаулығын, дене жарақаттарының бар-жоғын және отбасының санитарлық жағдайын қадағалайды. Әлеуметтік қорғау және қамқоршылық органдары болса, отбасының материалдық жағдайын зерттеп, мемлекеттік көмек түрлерін тағайындауға ықпал етсе, үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлер мен белсенді қоғам өкілдері, тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, сенімділік көпірін қалыптастырады.
Сонымен қатар, жұмысшы топтың негізгі мақсатына кіретін мәселелер — әрбір баланың жанұяда, мектепте және көшеде толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қолайсыз жағдайдағы отбасыларды, дағдарысқа ұшыраған шаңырақтарды ерте бастан анықтап, мәселенің ушығуына жол бермеу және жазалау сипатында емес, көмек көрсету, қолдау және әлеуметтік оңалту бағытында дер кезінде қол ұшын созу.
Осы ретте, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және ерте анықтау механизмі тәжірибеде көрсеткендей, балаларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың басым бөлігі отбасылық-тұрмыстық кикілжіңдер мен зорлық-зомбылықтан бастау алады. Ащы судың жетегінде кетіп, ішімдікке салынған, жұмыссыздық меңдеген немесе психологиялық қысым орнаған отбасыларда бірінші кезекте бала зардап шегеді.
Сондықтан да, «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жыл аясында «Жұмысшы топтар» «Есіктен есікке» (үйлерді аралау) әдісі бойынша жұмыс істеуде. Бұл шаралардың басты ерекшелігі — олардың кенеттен емес, жоспарлы, бірақ терең талдаумен жүргізілуінде. Аралау барысында келесі факторлар ерекше зерттеледі, яғни үйде баланың тынығуына, білім алуына қажетті жағдайдың бар-жоғы тексеріледі. Азық-түліктің болуы, үйдің жылуы мен тазалығы — отбасындағы балаға деген қамқорлықтың алғашқы белгісі. Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты бақылайды. Баланың қорқынышы, тұйықталуы немесе агрессиясы — үйдегі зорлық-зомбылықтың жанама белгісі болуы мүмкін. Бұрын сотталған, ішімдікке немесе есірткіге тәуелділігі бар, полиция есебінде тұрған ата-аналары бар отбасылар ерекше бақылауға алынады. Олармен жеке профилактикалық әңгімелесулер жүргізіледі.
Осыған орай, жазалау емес — қолдау мен мемлекеттік көмектің маңыздылығы орасан. Себебі, «Жұмысшы топтардың» жұмысын тек қана тексеруші немесе айыппұл салушы орган деп түсінбеу керек. Керісінше, бұл жобаның негізгі философиясы — көмекке мұқтаж жанұяға тиісті қолдау көрсету арқылы баланы қауіптен құтқару. Мысалы, аралау барысында отбасының жұмыссыздықтан немесе құжаттардың дұрыс болмауынан тығырыққа тірелгені анықталса, жұмысшы топ мүшелері дереу заңды көмек ұйымдастырады. Жұмыссыз ата-аналарды жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрақты жұмысқа орналастыру, балаларға тиісті әлеуметтік жәрдемақыларды (атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер) рәсімдеуге жәрдемдесу және ана мен баланы қорғау мақсатында, қажет болған жағдайда, оларды арнайы Дағдарыс орталықтарына орналастырып, психологиялық және құқықтық реабилитациядан өткізу қарастырылған. Жасыратыны жоқ, осындай кешенді көмектің нәтижесінде көптеген отбасылар өз қиындықтарын еңсеріп, балалардың туған ұясында, қауіпсіз жағдайда қалуына мүмкіндік туады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тағы бір маңызды бағыты — балалардың өздерімен жұмыс істеу. Мектептерде, колледждерде «Жұмысшы топтардың» ұйымдастыруымен «Өзіңді қалай қорғау керек?», «Құқығыңды біл!» тақырыптарында ашық сағаттар мен тренингтер өткізілуде. Балаларға кез келген зорлық-зомбылық, қысым (буллинг немесе кибербуллинг) орын алған жағдайда үнсіз қалмай, көмек сұрау қажеттігі түсіндіріледі. Елімізде бірыңғай жұмыс істейтін «111» шұғыл қызметі мен «150» ұлттық сенім телефонының жұмысы кеңінен насихатталуда. Бұл телефондар арқылы кез келген бала немесе куәгер азамат тәуліктің кез келген уақытында анонимді түрде көмек ала алады немесе құқық бұзушылық туралы хабарлай алады.
Балалар қауіпсіздігі — тек мемлекеттік органның немесе полицияның ғана міндеті емес, бұл — бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ парызы. Көрші үйден күнде жылаған баланың дауысын естіп тұрып бейжай қарау, көшедегі балаға жасалған әділетсіздікке көз жұму — үлкен қылмыспен тең. Сондықтан да, «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі – жылы» аясында қоғамдық белсенділікті арттыруға баса назар аударылуда. Шаңырақтардың ішкі тұрмысынан хабары бар пәтер иелері кооперативтері (ПИК/ОСИ), ауыл билері мен көше белсенділері де жұмысшы топтармен тығыз байланыс орнатуда. Осындай бірлескен азаматтық бақылаудың арқасында қайғылы жағдайлардың алдын алу көрсеткіші айтарлықтай өсті.
Ия, бақытты балалық шақ — тұрақты мемлекет болашағы десек, 2026 жылдың «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі – жылы» деп жариялануы және осы бағытта құрылған «Жұмысшы топтардың» белсенді, жүйелі қызметі — еліміздегі адам капиталын дамытудың ең маңызды қадамы. Балаға жасалған қамқорлық — мемлекеттің өз болашағына жасаған ең үлкен инвестициясы.
Жүргізіліп жатқан рейдтер, профилактикалық әңгімелесулер мен әлеуметтік қолдау шаралары тек қағаз жүзіндегі есеп үшін емес, нақты адам тағдырын өзгерту үшін жасалып жатыр. Әрбір бала зорлық-зомбылықтан ада, жылы, мейірімді және қауіпсіз отбасында өсуге құқылы. Тек бірлескен күш-жігердің, заң мен тәртіптің қатал сақталуының арқасында ғана біз балаларымызға жарқын да қауіпсіз болашақ сыйлай аламыз. Әрбір баланың балалық шағы бақытты әрі қауіпсіз болуына тілеулеспіз.

