Кез келген мемлекеттің ішкі тұрақтылығы, ұлттық қауіпсіздігі мен жарқын болашағы оның басты байлығы – адам капиталының сапасына, өскелең ұрпақтың рухани толысуына және отбасы институтының беріктігіне тікелей байланысты. Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамдық сананы сауықтыру, жат ағымдар мен әлеуметтік кеселдерге тосқауыл қою – уақыт күттірмейтін өзекті мәселелердің біріне айналды. Осы мақсатта Түркістан облысының аумағында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында көптеген игі жобалар қолға алынуда.
Жақында Түлкібас ауданында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шара осы сөзіміздің нақты дәлелі болды. Түлкібас төрінде зиялы қауым мен сала мамандарының басын қосқан «Салауатты сана» жобасы аясындағы облыстық Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайту жолындағы маңызды белес ретінде тарихқа енді. Аталған жиын тек баяндама оқумен шектелмей, жергілікті тұрғындардың, әсіресе ақ жаулықты аналардың тарапынан өте үлкен қолдауға ие болып, ашық диалог алаңына айналды.
Алқалы жиынның күн тәртібінде бүгінгі қоғамды іштен кеміріп, шаңырақтардың шайқалуына себепші болып отырған ең өзекті әрі қауіпті әлеуметтік кеселдердің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар заман ағымымен бірге келген жаңа сын-қатерлерге қарсы бүкіл қоғам болып жұмылу қажеттігін алға тартты.
Жиында ерекше назар аударылып, дабыл қағылған басты бағыттардың бірі, соңғы жылдары жастар арасында синтетикалық есірткі заттарының қолжетімділігі мен таралу жылдамдығы артып отыр. Бұл қатер тек адамның денсаулығын құртып қоймай, оның санасын улап, қылмысқа итермелейді. Сарапшылар бұл дертпен күресте тек құқық қорғау органдарының күші жеткіліксіз екенін, басты бақылау үйдегі ата-ана тарапынан болуы керектігін айтты.
Сонымен қатар, технологияның дамуымен бірге онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселер әрбір жасөспірімнің смартфонына еніп кетті. Оңай ақша табуды көздеген жастардың үлкен қарызға батуы, соңында отбасылық ажырасулар мен қылмыстық оқиғаларға, тіпті суицидке әкеліп соқтыратын бұл індеттің зардабы ортаға салынды. Сондай-ақ отбасындағы агрессия, әйел мен балаға көрсетілетін қысым – салауатты қоғам қалыптастыруға кедергі болатын ең сорақы құбылыс. Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жасырып жабудың уақыты өткені, заң аясында кінәлілердің жауапкершілігі күшейтілгені және бұған қоғам болып «мүлдем төзбеушілік» таныту қажеттігі ескертілді.
Көшпелі отырыс барысында облыс деңгейіндегі білікті жетекшілер мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті және нақты іс-қимыл жоспарларын ұсынды. Мәселен, Гүлсара Төлебекқызы Тоққұлова – Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы: — «Аналар кеңесінің басты мақсаты – шаңырақтың берекесін сақтау және ұлттық құндылықтарға негізделген ұрпақ тәрбиелеу. «Салауатты сана» жобасы аясында біз облыстың әрбір ауданы мен ауылына барып, аналардың басын қосып жатырмыз. Түлкібастық аналардың бұл бастаманы бір ауыздан қолдап, белсенділік танытуы – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың белгісі. Баланың тәрбиесіне, оның қоршаған ортасына, мінез-құлқына бейжай қарамайтын саналы аналар барда, біз жоғарыда айтылған кеселдерді жеңе аламыз»,- деді.
Жиында заң үстемдігі мен қоғамдық келісімді сақтаудың маңыздылығы туралы Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев өз ойын білдірді. Ол өз сөзінде кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуда қоғамдық институттар мен медиаторлардың рөлі зор екенін атап өтті.
Түлкібас аудандық полиция бөлімінің мамандары мен жауапты қызметкерлері заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Полиция өкілдері атқарған түсіндіру жұмыстарының негізгі бағыттары бойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен жандарға және кәмелетке толмағандардың түнде көшеде жүруіне жол берген ата-аналарға қолданылатын шаралар түсіндірілді. Мектептердегі буллингтің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертіліп, заң аясында қорғану жолдары көрсетілді. Жиынға келген ауыл тұрғындары мен аналар өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, құқықтық кеңестер алды. Нақты жағдайлар бойынша полицияға ұсыныстар айтылып, ортақ шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, «Салауатты сана» жобасы – бұл жай ғана ұран немесе бір күндік науқан емес. Бұл – ұлттық болмысымызды сақтай отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге және іргесі сөгілмес берік отбасы үлгісін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік маңызы бар стратегиялық бағдарлама екені баса айтылды.

