Қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайту, өскелең ұрпақтың бойына салауатты өмір салты мен ұлттық құндылықтарды сіңіру – мемлекеттік саясаттың ең маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Жаһандану заманында ақпараттық ағындар мен жат мәдениеттердің ықпалы күшейген тұста, ұлттық болмысымызды сақтап, қоғамдық сананы сауықтыру мәселесі алдыңғы шепке шығады. Осы орайда, Түркістан облысында ел болашағы мен отбасы беріктігін басты назарға алған ауқымды бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Жуырда Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, табиғаты көркем, тарихы терең Түлкібас ауданында маңызы зор, ауқымды іс-шара болып өтті. Нақтырақ айтқанда, қоғамдық сананы жаңғырту мен әлеуметтік кеселдермен күресуді мақсат тұтқан «Салауатты сана» жобасы аясындағы облыстық Аналар кеңесінің көшпелі отырысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бурабайдың баламасындай көркем Түлкібас топырағында бас қосқан зиялы қауым мен сала мамандары қоғамның ең жанды жерлерін қозғап, өткір мәселелерді ортаға салды.
Бұл көшпелі отырыстың ауқымы мен жүктеген міндеті өте ауыр әрі жауапты болғандықтан, жиынның басты мақсаты – мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясын халық арасында кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ қазіргі қоғамда белең алып бара жатқан өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды барынша күшейту мен жандандыру болды.
Отырыс барысында бүгінгі таңда ұлттық қауіпсіздікке де, отбасылық бақытқа да үлкен қауіп төндіріп тұрған бес негізгі әлеуметтік кесел кеңінен талқыланды. Нақтырақ айтқанда, жас буынның санасын улап, болашағына балта шабатын бұл дертпен күрестің жаңа әдістері қаралды. Сондай-ақ, аншама шаңырақтың ортасына түсуіне себепші болып отырған бұл дерттің психологиялық және әлеуметтік салдары талданып, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасындағы агрессия мен қысым көрсету деректеріне мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру мәселесі сөз болды.
Сонымен қатар, мектеп қабырғасындағы және интернет кеңістігіндегі жасөспірімдер арасындағы қысым көрсету, шеттету мәселелерін ерте анықтау жолдары талқыланды және той-жиындар мен күнделікті өмірдегі негізсіз даңғазалық пен ысырапшылдыққа тосқауыл қойып, үнемшілдік пен қарапайымдылық құндылықтарын дәріптеу қажеттігі айтылды.
Түлкібас төрінде өткен бұл жиынның тиімділігі – оған тек қоғам белсенділері ғана емес, заң, құқық қорғау және әлеуметтік саланың ең білікті мамандарының қатысуында болды. Ведомствоаралық тығыз байланыс орнатқан алқалы жиынға келесі мәртебелі қонақтар мен лауазымды тұлғалар қатысты. Мәселен, Бақытжан Жармаханұлы Бейсембаев – Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төраағасы, Гүлсара Төлебекқызы Тоққұлова – Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, Мақпал Каналбекқызы Ибрагимова – Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің құрылымдық бөлім басшысы.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданына қарасты барлық ауылдық округтерде сайланған Аналар кеңесінің төрайымдары, Түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі, аудандық Медиация кеңесінің төрағасы мен Медиация кеңесі жанындағы «Әділ ана» кеңесінің белсенді мүшелері де ортақ іске өз үлестерін қосу үшін жиынға қатысты. Сондай-ақ, заң үстемдігі мен құқықтық бағытты нақтылау мақсатында Түлкібас аудандық полиция бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының басшысы, полиция майоры, жергілікті Отбасын қолдау орталығының білікті заңгері және «Қоғамдық келісім» КММ Түлкібас аудандық филиалының қызметкерлері қатысып, өз баяндамаларын ұсынды.
«Салауатты сана» жобасының да негізгі өзегі – аналардың қоғамдық белсенділігін арттыру арқылы әрбір шаңыраққа шипалы ой мен дұрыс бағыт жеткізу», – деді Гүлсара Тоққұлова.
Көшпелі отырысқа қатысушылар тек мәселені талқылап қана қоймай, Түлкібас ауданы көлемінде және жалпы облыс деңгейінде атқарылатын нақты іс-шаралар алгоритмін бекітті. Ауылдық округтердегі Аналар кеңесінің төрайымдарына бұдан былай үгіт-насихат жұмыстарын кабинеттік жүйеден шығарып, тікелей халықпен, әсіресе тәуекел тобындағы отбасылармен тығыз байланыста жүргізу тапсырылды. Қорыта айтқанда, Түлкібас ауданында өткен «Салауатты сана» жобасының көшпелі отырысы Түркістан облысындағы отбасы институтын нығайтуға, жастарды жат қылықтардан сақтандыруға және ақ жаулықты аналарымыздың қоғамдағы рөлін жаңа белеске көтеруге бағытталған үлкен әрі жемісті қадам болды. Санасы сау, рухы таза ұрпақ қана әділетті қоғамның тірегі болмағы рас.

