Көп этносты қоғамдағы бейбітшілік, ұлтаралық татулық пен ішкі тұрақтылық — кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етіп, оның халықаралық аренадағы беделін айқындайтын басты құндылық. Қазақстан Республикасы құрылған күннен бастап «бірлігі жарасқан ел» концепциясын өзінің мемлекеттік саясатының алтын діңгегі етіп бекітті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде «Әділетті Қазақстан» құрудың негізгі шарты — заң мен тәртіптің орнауы, сонымен бірге ел ішіндегі ауызбіршіліктің бекемдігі екенін ұдайы атап келеді. Заң үстемдік еткен, азаматтардың құқықтары тең қорғалған қоғамда ғана этносаралық үйлесімділік берік болады. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде, жасампаз құндылықтарды ұлықтау мақсатында рухани астанамыз — Түркістан қаласында үлкен идеологиялық және мәдени мәні бар ауқымды жиын өтті. Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «БІРЛІК – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ» атты салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Түркістан облысының прокуратурасы мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шарада, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау мен азаматтық бірегейлікті дамыту жолындағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның үндестігін айқындады.
«Достық үйінің» фойесінде ұйымдастырылған этномәдени бірлестіктердің арнайы көрмесінде, сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан, берекесі тасыған құтты мекеннің, яғни аймақтағы өзбек, славян, татар, түрік, әзербайжан және өзге де этномәдени орталықтар өздерінің ұлттық жәдігерлерін, қолөнер бұйымдарын, тарихи құндылықтары мен ұлттық тағамдарын көрермен назарына ұсынды.
Жиында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов ресми құттықтау сөз сөйлеп, заң үстемдігі мен қоғамдық келісімнің өзара тығыз байланысын ерекше атап өтіп, кез келген құқық бұзушылыққа, этносаралық араздықты тудыруға бағытталған деструктивті әрекеттерге заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылатынын жеткізді. Ол ел бірлігі – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі тірегі және мемлекеттің ішкі қауіпсіздігінің басты кепілі екенін шегелеп айтты.
Өңірдегі қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева Қазақстанның көпэтносты қоғам ретіндегі бірлігі мен қоғамдық келісімінің тарихи маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, облыстағы тұрақтылық — мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және азаматтық қоғам институттарының бірлесіп атқарып жатқан жүйелі, күнделікті қажырлы еңбегінің жемісі. Мекеме басшысы өңірдегі этностық топтардың қазақ тілін меңгеру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және аймақтың дамуына үлес қосу деңгейінің жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.
Мерекелік шара барысында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің және облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың атынан ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, заңдылықты сақтауға ерекше үлес қосқан бірқатар азаматтар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне арнайы Алғыс хаттар салтанатты түрде табысталды.
Жиында сөз алған этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен жастар ұйымдарының өкілдері Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш саясатына өздерінің шексіз қолдауларын білдірді. Атап айтқанда, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Марина Лимаренко сөз сөйлеп, Қазақстан топырағының барлық ұлттар үшін қасиетті, берекелі қара шаңыраққа айналғанын, мұндағы достық атмосферасы әлемге үлгі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қазіргі жас буынның мемлекетшілдік рухын көрсете отырып, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы Нодиржон Хасантаев құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жаңа заман жастарының арасында ешқандай бөлінушілікке жол жоқ екенін, олардың мақсаты — біртұтас ұлт ретінде білім мен ғылымды, еңбекті ту етіп, Әділетті Қазақстанның іргетасын қалау екенін мақтанышпен жеткізді. Жастардың бұл жігері қоғамдағы сабақтастықтың беріктігін көрсетті.
Түркістанда өткен бұл мерекелік жиын тек ресми баяндамалармен шектелмей, достық пен өзара түсіністік рухында өтіп, қатысушылар мен қонақтар үшін өте маңызды пікір алмасу, тәжірибе бөлісу алаңына айналып, облыс прокуратурасы мен әкімдіктің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Түркістан өңірінің ішкі тұрақтылығы қаншалықты мықты екенін айқын дәлелдеді. Заңның үстемдігі сақталған, тәртіп қатаң бақыланған және ұлттар достығы ұлықталған аймақтың болашағы әрқашан жарқын, дамуы қарқынды болмақ. Біз осындай бірлігімізді сақтау арқылы ғана қуатты, бейбіт және мәңгілік Қазақстан мемлекетін құра аламыз.

