Ең ірі әрі демографиялық қуаты жоғары өңірі — Түркістан облысының жаһандық ұйымдармен тікелей байланыс орнатуы үлкен халықаралық маңызға ие. Жақында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев БҰҰ-ның даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, экономика, инфрақұрылым, әлеуметтік сала бойынша оң көрсеткіштерге тоқталды.
Халықаралық деңгейдегі бұл мазмұнды диалог — Түркістан облысының соңғы жылдардағы тарихи және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру жолын сараптауға, сондай-ақ алдағы уақытта БҰҰ-мен серіктестікті жаңа белеске көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
Кездесуде Ертай Кенжебекұлы өңірдің демографиялық ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталып өтті. – «Түркістан өңірі әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуде Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған тұрақты даму мақсаттарына ерекше мән береді. 2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша Түркістан облысы халқының саны 2146,7 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар – 545,1 мың адам (25,4 пайыз), ауыл тұрғындары – 1601,6 мың адам (74,6 пайыз). Біз экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікті үйлестіруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді саясат жүргізіп келеміз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өңір халқының басым бөлігі, яғни 74,6 пайызының ауылдық жерлерде тұрғандықтан, бар жауапкершілік жергілікті биліктің меншігінде. Себебі, ауылдық инфрақұрылымды дамыту, сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, жолдармен және заманауи мектептер мен емханалармен қамтамасыз ету — БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының негізгі индикаторларының бірі болып табылады. Түркістан облысы осы бағытта ауылдық аумақтарды жаңғыртудың кешенді бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеді.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4 пайызды құрап, республикада 2-орынға ілгеріледі. Бұл көрсеткіш — өңірдегі инвестициялық климаттың тартымдылығын, шағын және орта бизнестің белсенділігін және мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалардың тиімді игерілуін көрсетеді. Экономикалық өсімнің бұндай жоғары қарқыны жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге және әлеуметтік төлемдерді уақтылы жүргізуге тікелей мүмкіндік беріп отыр, бұл БҰҰ-ның «Лайықты жұмыс және экономикалық өсім» мақсатына толық сай келеді.
Кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселелері де кеңінен талқыланды. Өңірде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жасыл технологияларды енгізу және қоршаған ортаны қорғау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Түркістан қаласын жасыл желекке айналдыру, Сырдария өзенінің бассейнін қорғау, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу және су үнемдеу технологияларын ауыл шаруашылығына енгізу — экологиялық басымдықтардың қатарында.
Көші-қон және интеграция мәселелеріне тоқталсақ, географиялық орналасуы жағынан транзиттік және көші-қон ағындары көп жүретін аймақ болғандықтан, сырттан келген қандастарды, еңбек мигранттарын әлеуметтік бейімдеу жұмыстары өте маңызды. Облыста азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік үйлесімділікті нығайтуға бағытталған кешенді құқықтық-әлеуметтік жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар кез келген кемсітушіліктің алдын алуға және қоғамдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Жиында БҰҰ тұрақты даму мақсатының ең өзекті бағытының бірі — гендерлік теңдік мәселесі де кеңінен сөз болды. Демографиялық өсімі жоғары аймақта 400 мыңнан аса отбасы бар. Көпбалалы батыр аналардың басым бөлігі Түркістан облысында тұрады.
Түркістандық әйелдер қауымы тек отбасы тәрбиесімен ғана шектелмей, мемлекеттік басқару ісіне де белсене араласуда. Ресми мәліметке сүйенсек, облыстағы 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі немесе 28,1 пайызы – қыз-келіншектер. Оның ішінде, 233 әйел басшылық лауазымдарды атқаруда. Әйелдердің мемлекеттік қызметтегі үлесінің артуы — шешім қабылдау деңгейінде гендерлік теңгерімді сақтауға және әлеуметтік мәселелердің анағұрлым нәзік әрі тиімді шешілуіне оң ықпал етеді.
Облыс көлемінде шамамен 210258 мың кәсіпкер болса, оның 91 мыңнан астамы – әйелдер қауымы. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 43,1 пайызында әйел адамдары басшылық жасауда. Кездесуде азаматтық қоғамды қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған бастамалар да жан-жақты талқыланды. Спикерлер азаматтық сектор мен үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысындағы бақылаушылық және серіктестік ролін жоғары бағалады.

