Мемлекеттің іргетасының беріктігі, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамның рухани саулығы тікелей отбасы институтының даму деңгейімен өлшенеді. Халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп текке айтпаған. Әрбір шаңырақтағы татулық, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен бала тәрбиесіне деген жауапкершілік — қуатты мемлекет құрудың басты кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруды, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды және отбасылық құндылықтарды насихаттауды басты басымдық ретінде белгілеп берді. Осы бағытта елімізде ауқымды құқықтық және идеологиялық реформалар жүзеге асырылуда. Осындай маңызды мемлекеттік саясат аясында, «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Ахмет Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің мәжіліс залында жоспарланған ауқымды және мазмұнды іс-шара болып өтті.
Жиынның негізгі мақсаты — отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы заңнамалық өзгерістерді халыққа жеткізу және бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру болып табылады.
Заманауи жаһандану уақытында отбасы институты түрлі әлеуметтік және психологиялық сынақтарға тап болуда. Ажырасу көрсеткіштерінің артуы, отбасылық кикілжіңдер мен тұрмыстық қысым мәселелері мемлекеттік органдар мен мамандардың жүйелі түрде алдын алу жұмыстарын жүргізуін талап етеді. А.Жұбанов атындағы балалар саз мектебінде өткен бұл кездесу дәл осы түйткілді мәселелердің алдын алуға және қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталды.
Халықпен профилактикалық жұмыс маманы Айжан Манабаева жиынға қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамаға енгізілген соңғы тарихи өзгерістер туралы маңызды ақпараттар берді. Ендігі кезекте отбасылық әлімжеттік, ұрып-соғу немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтіру әрекеттері әкімшілік құқық бұзушылықтан Қылмыстық кодекске ауыстырылып, криминализацияланды. Бұл — заң бұзушының жазадан оңай құтылып кете алмайтындығының және заңның үстемдігінің айқын көрінісі. Спикер құқықтық сауаттылықтың төмендігі көбіне қылмыстың жасырын қалуына әкеп соғатынын, сондықтан әрбір азамат өз құқығын заң аясында қорғай білуі тиіс екенін баса айтты.
Сөз тізгінін алған «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің бөлімше басшысы Біржан Саржанов, отбасының ішкі рухани климаты мен бала тәрбиесінің өзара байланысын тереңнен талдап, қатысушылар назарына бала тәрбиесіне арналған арнайы психологиялық және тәрбиелік мәні бар бейнематериал ұсынылды. Бейнематериалда баланың азамат болып қалыптасуында ата-ананың күнделікті іс-әрекеті, сөйлеген сөзі мен бір-біріне деген қарым-қатынасы қалай әсер ететіні көрнекі түрде көрсетілді.
Жиын қорытындысында бөлімше басшысы Біржан Рысбайұлы Саржанов қатысушыларға мазмұнды сұхбат үшін алғыс айта отырып, маңызды мәлімдеме жасады. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты мәселелер туындаған жағдайда азаматтарды еш қорықпастан, уақыт созбастан бірден «Отбасын қолдау орталығына» жүгінуге шақырды. Мұқтаж жандар үшін орталықтың есігінің әрқашан ашықтығы мен мұнда заңгерлік кеңес те, психологиялық оңалту жұмыстары да, әлеуметтік сүйемелдеу де мүлдем тегін және құпиялылық сақталу принципімен жүзеге асырылатынын хабардар етті. Сондай-ақ, қоғамдағы зорлық-зомбылықпен күресу тек мемлекеттің ғана емес, әрбір саналы азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Ахмет Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің қасиетті қара шаңырағында өткен бұл іс-шара өнер мен тәрбиенің, заң мен тәртіптің өзара ұштасқан тағылымды алаңына айналды. Өйткені, «Отбасы — қоғамның негізі» деген қағиданы әрбір шаңырақтың алтын заңына айналдыруымыз қажет. «Отбасын қолдау орталығы» КММ тарапынан өткізіліп жатқан осындай жүйелі профилактикалық кездесулер халықтың құқықтық мәдениетін көтеріп, отбасылық құндылықтардың қайта жаңғыруына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Әрбір шаңырақтың түтіні түзу ұшып, әрбір бала бақытты балалық шақ аясында өссін. Сонда ғана Әділетті Қазақстанның іргесі мықты, болашағы мәңгілік жарқын болмақ! Профилактикалық түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да аймақ көлемінде өз жалғасын таба бермек.

