Мемлекеттің беріктігі мен ұлттың жасампаздығы әрбір шаңырақтың түтіні түзу ұшып, отбасы институтының қаншалықты деңгейде дамығанымен өлшенеді. Отбасы — мейірімнің мекені, тәрбиенің бастауы, қоғамның берік іргетасы. Сан ғасырлар бойы қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін, ошақ қасының берекесін, үлкенге құрмет пен кішіге ізет құндылықтарын ұлт болмысының алтын діңгегі етіп келді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Адал азамат» және «Салауатты сана» қағидаттарын орнықтырудың негізгі мектебі — отбасы екенін үнемі алға тартып, бұл бағытта ауқымды реформаларды жүзеге асыруда. Осы маңызды мемлекеттік саясат аясында, 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай, еліміздің бас қаласы Астанада «Отбасы институты: диалог, серіктестік, даму» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады. Мемлекеттік органдар, халықаралық сарапшылар мен аймақтық деңгейдегі жетекші мамандар бас қосқан бұл жауапты жиынға Түркістан облысы, Созақ ауданының Отбасын қолдау орталығының директоры Елібаев Әділ Камалұлы арнайы қатысып, теріскей өңірінің осы бағыттағы жетістіктері мен тәжірибесін халықаралық деңгейде ортаға салды.
Астана төрінде өтіп жатқан «Отбасы институты: диалог, серіктестік, даму» халықаралық форумы — заманауи жаһандану дәуіріндегі отбасылық құндылықтардың дағдарысына қарсы бағытталған, жаңа әлеуметтік үлгілерді қалыптастыруды көздейтін стратегиялық маңызды алаң. Форум жұмысына БҰҰ Даму бағдарламасының, ЮНИСЕФ, халықаралық отбасылық қауымдастықтардың өкілдері, ҚР Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген Отбасын қолдау орталықтарының жетекшілері қатысуда.
Форум барысында отбасы құндылықтарын нығайту, отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету, қоғам мен мемлекет арасындағы серіктестікті дамыту бағытындағы өзекті мәселелер тереңнен талқылануда. Заманауи урбанизация, ақпараттық технологиялардың дамуы мен экономикалық факторлар отбасылық қарым-қатынастарға өз әсерін тигізбей қоймайды. Дәл осы тұста мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен пәрменді әрекеті қажет. Форумның басты мақсаты — отбасын қорғаудың заңнамалық, психологиялық және әлеуметтік тетіктерін жетілдіру, аймақтардағы тиімді жобаларды республикалық деңгейде масштабтау болып табылады.
Түркістан облысының ең шалғай, бірақ рухани құндылықтары өте бай аймағы саналатын Созақ ауданында отбасылық саясатты жүзеге асыру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Әділ Камалұлы Елібаевтың басшылығымен орталық соңғы жылдары тек әлеуметтік көмек берумен шектелмей, қиын жағдайға тап болған әрбір шаңыраққа кешенді оңалту және қолдау жұмыстарын жүргізетін бірегей институтқа айналды.
Астанадағы халықаралық форум сессиялық отырыстар мен панельдік пікірталастар форматында өтті. Аймақтық делегаттар мен халықаралық сарапшылар арасындағы ашық диалог алаңында бүгінгі қоғамды толғандырған ең өзекті мәселелер, әсіресе қазіргі таңда жас отбасылардың алғашқы жылдарында-ақ ажырасу көрсеткішінің жоғары болуы сөз болды. Форумда бұл мәселені тек салдарымен күресу арқылы емес, алдын алу тетіктері арқылы шешу қажеттігі айтылды. Созақ ауданының тәжірибесі бойынша, некеге тұрмас бұрын жастарға міндетті психологиялық-тәрбиелік курстардан өтуді енгізу жобасы ұсынылды.
Елімізде әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдар қатаңдатылғаны белгілі. Алайда, қоғамдық санада «отбасылық жанжал — ішкі мәселе» деген ескі түсінікті өзгерту қажет. Форумға қатысушылар бұл бағытта Отбасын қолдау орталықтары мен полицияның, сондай-ақ жергілікті әкімдіктердің жұмысын цифрландыру және бірлескен мобильді топтардың жұмысын күшейту мәселелерін талқылады.
Ұрпақ тәрбиесінде тек ананың ғана емес, әкенің де рөлі тең болуы тиіс. Шара аясында елімізде «Әкелер кеңесі» мен «Аналар кеңесінің» жұмысын Отбасын қолдау орталықтарымен интеграциялаудың жаңа моделі таныстырылды. Бұл бағыт «Салауатты сана» және «Адал азамат» тұжырымдамасымен толық ұштасады.
Форумның атауында көрсетілгендей, «серіктестік» — отбасы институтын дамытудың басты құралы. Мемлекет жалғыз өзі барлық отбасының ішкі мәселесін шеше алмайды, ол үшін үкіметтік емес ұйымдар, бизнес сектор және діни, мәдени орталықтар бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ. форум барысында отбасылық демалыс мәдениетін дамыту, ауылдық жерлердегі отбасылардың интернетке және заманауи білім беру, психологиялық қызметтерге қолжетімділігін арттыру жобалары мақұлданды.

