Өнер — адам жанын емдейтін, тағдырдың тауқыметін ұмыттырып, болашаққа үміт сыйлайтын ұлы күш. Әсіресе, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, тағдырдың ерте жастан сынағына тап болған балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін өнер сахнасы — өздерін тұлға ретінде танытудың, ішкі жан дүниесіндегі сағыныш пен арманды жеткізудің бірегей алаңы болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың, оның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың құқықтарын қорғау, олардың шығармашылық әлеуетін ашу және қоғамда «Адал азамат» концепциясын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі екенін үнемі айтып келеді. Осы игі мақсат жолында, бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында ерекше толқыныс пен шабытқа толы өнер мерекесі болып өтті.
Өнер мерекесіне Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген жүздеген балалар қатысып, өз таланттарын көпшілікке паш етті. Бұл күн — жай ғана байқау емес, балалық шақтың шынайы күлкісі мен өнерге деген шексіз махаббат тоғысқан үлкен рухани оқиғаға айналды.
«Жұлдыз болғым келеді» жобасы — еліміздің әлеуметтік-мәдени өміріндегі ең қайырымды әрі маңызды бастамалардың бірі. Бұл жоба алғаш рет 2025 жылы «El Umiti» корпоративтік қоры мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тікелей қолдауымен жүзеге асқан болатын. Жобаның басты мақсаты — балалар үйінің тәрбиеленушілерін қолдау, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, қоғамнан оқшауланбауына жағдай жасау және өзіне деген сенімін арттыру болып табылады.
Бұл бірегей жоба идеясының авторы — елімізге танымал блогер, музыкант, балалар үйінің түлегі Алексей Лодочников. Өзі де осындай ортадан шығып, өнердің арқасында үлкен сахналар мен қоғамдық мойындауға қол жеткізген Алексей бұл балалардың ішкі уайымы мен арманын бәрінен де жақсы түсінеді. Сондықтан жобаның негізгі философиясы — балаларға жай ғана бір күндік мереке сыйлау емес, олардың өмірлік жолын табуға, кәсіби сахна мәдениетін үйренуіне септігін тигізу.
Қазіргі таңда елімізде балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан мыңдаған баланың арасында өнерге қызығатын, сахнада жарқырауды армандайтын талантты жастар аз емес. Осындай бастамалар олардың қабілетін шыңдап қана қоймай, болашаққа деген сенімін нығайтады. Биыл ауқымы одан сайын кеңейген жобаға республика бойынша 900-ге жуық бала қатысуда, бұл — жобаның халықтық және әлеуметтік сұранысқа ие екенінің айқын көрінісі.
Түркістан қаласында өткен облыстық іріктеу кезеңі географиялық тұрғыдан өте ауқымды болды. Оған тек Түркістан облысының емес, сонымен қатар көршілес Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының балалар үйлері мен интернат типіндегі мекемелерінен жиналған ең талантты тәрбиеленушілер қатысты.
Биыл жоба би бағыты бойынша ұйымдастырылып, жас бишілерге үлкен сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік сыйлады. Би өнері — сөзсіз-ақ адамның ішкі сезімін, пластикасын, динамикасын жеткізетін ерекше жанр. Шараның салтанатты ашылуына Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова арнайы қатысып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол мемлекет тарапынан балалардың білімі мен өнеріне жасалып жатқан қамқорлықтарды атап өтіп, әрбір қатысушының бүгінгі сахнаға шығуының өзі үлкен жеңіс екенін жеткізді. Байқау барысында қатысушылар заманауи би, ұлттық би және түрлі шығармашылық бағыттарда өнер көрсетіп, көрермендер мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді. Киелі сахнаның шымылдығы түрілген сәттен бастап, залда отырған көрермендер нағыз эмоциялар симфониясына куә болды. Әрбір қойылымда балалардың айлап жасаған төккен еңбегі, сахна мәдениеті мен өнерге деген сүйіспеншілігі айқын көрінді. Костюмдердің үйлесімділігі, музыкалық сүйемелдеудің сапасы және балалардың жүзіндегі отты жалын бұл күнді талант пен шабыт тоғысқан ерекше мерекеге айналдырды.
«Жұлдыз болғым келеді» жобасының балаларға тигізер психологиялық және әлеуметтік көмегі орасан зор. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің көпшілігінде кездесетін тұйықтық, өзіне деген сенімсіздік пен болашақтан қорқу сезімдерін жеңуде бұқаралық өнер байқаулары таптырмас емдік рөл атқарады. Бұл шара өңірде белсенді жүзеге асырылып жатқан «Салауатты сана», «Адал азамат» және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» сияқты маңызды идеологиялық жобалармен тікелей үндеседі. Сахнаға шығып, мыңдаған адамның қошеметін сезінген бала өзінің қоғамға керек екенін, оның да қолынан үлкен істер келетінін түсінеді. Бұл олардың бойындағы құқықтық мәдениетті, жауапкершілікті оятып, есейгенде заңға бағынатын, елін сүйетін адал азамат болып қалыптасуына іргетас қалайды.

