Тарих парақтары мен мәдениет мұралары — әрбір ұлттың өткенінен сыр шертіп, болашағына бағдар сілтейтін алтын қазына. Әсіресе, жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан Қазақстан Республикасы үшін мәдени әралуандық — елдің басты байлығы мен мызғымас мақтанышы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісімді сақтау, «Заң мен Тәртіп» қағидаларын орнықтыру және әрбір азаматтың бойында «Адал азамат» тұжырымдамасына сай отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру қуатты ұлт болудың басты алғышарты екенін ұдайы атап келеді. Осы асқақ мұраттар мен тәрбиелік құндылықтар аясында, 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан қаласында өте мазмұнды, тағылымы терең мәдени-рухани шара болып өтті. Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шара мен арнайы көрменің таныстырылымы аймақ жұртшылығы үшін үлкен рухани азық, достықтың жарқын көрінісі болды.
Киелі Түркістан топырағында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейі — аймақтың өткен тарихын ғана баяндайтын орын емес, ол бүгінде мемлекеттік идеологияны, халықтық бірлік пен ұлттық бірегейлікті насихаттайтын негізгі ғылыми-мәдени орталықтардың бірі. Мереке күні ұйымдастырылған бұл ауқымды шараның мақсат-міндеттері өте терең қамтылған.
Қазақстанда, әсіресе Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей мәдени мұрасын, қолөнерін, дәстүрлерін қалың бұқараға кеңінен таныстыру, халықтар арасындағы өзара сыйластықты, бауырмалдықты, татулық пен ішкі тұрақтылықты бекемдей түсу, қоғамдағы этносаралық келісімнің қазақстандық моделін дәріптеу, өскелең жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, мемлекеттік тілге деген құрмет, өзге мәдениеттерге деген толеранттылық пен өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыру және тарихи жәдігерлер мен этнографиялық экспонаттар арқылы халықтардың тарихи тағдырластығын көрсету шараның басты бағыты еді. Аталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрамындағы өңірдегі ең белсенді құрылымдар — өзбек және славян халықтарының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері арнайы қатысты. Түркістан облысы өзінің географиялық орналасуы мен демографиялық ерекшелігіне байланысты сан түрлі мәдениеттер тоғысқан берекелі аймақ болып табылады. Осы орайда, өзбек және славян мәдениетінің өкілдері музей төрінде өздерінің ұлттық өнерлерін, мәдениетін және дәстүрлерін өте жоғары деңгейде кеңінен таныстырды.
Музей залында құрылған мәдениеттер диалогы алаңында этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен ақсақалдары, аналар қауымы сөз алып, Қазақстанның бейбітшілік саясатына өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді. Олар қиын-қыстау замандарда қазақ халқының өзге этностарды бауырына басып, бір үзім нанды бөліп жеген ұлы қасиетін атап өтіп, бүгінгі таңда елімізде әрбір ұлттың тілі мен дәстүрін дамытуға мемлекет тарапынан толық жағдай жасалғанын үлкен мақтанышпен жеткізді. Тарихи-өлкетану музейінде ашылған мерекелік көрме өзінің экспонаттық байлығымен және көркемдік безендірілуімен келушілерді тәнті етті. Көрме залы бірнеше тақырыптық секцияларға бөлініп, әр этностың болмысын айшықтайтын бірегей жәдігерлер қойылды. Әсіресе, өзбек халқының ғасырлар бойы дамыған қолөнері, әйгілі Риштан қыш құмыралары, мыстан соғылған ыдыс-аяқтар мен ұлттық музыкалық аспаптары қойылды. Ерекше назарды қолдан тоқылған, жібек жіптермен өрілген хан-атлас маталары мен алтынмен зерленген шапандар, ерлер мен әйелдердің бас киімдері — тақиялар аударды. Сондай-ақ, өзбек халқының қонақжайлық дәстүрінен сыр шертетін ұлттық дастарқан мәдениетінің элементтері таныстырылды.
Славян халықтарының өкілдері өздерінің бай тарихы бар қолөнер бұйымдарын ала келді. Көрме сөрелерінен ағаштан ойып жасалған, ерекше нақышта сырланған Хохлома және Гжель үлгісіндегі ыдыстарды, дәстүрлі Самоварларды, қолдан кестеленген сүлгілерді көруге болатын еді. Сонымен қатар, славян халықтарының отбасылық береке мен көпбалалықтың символы саналатын, ағаштан жасалған Матрешка ойыншықтарының түр-түрі қойылып, олардың жасалу тарихы келушілерге баяндалды.
Музейдің салтанатты залында көрме таныстырылымымен қатар үлкен концерттік-шығармашылық бағдарлама ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің өнерпаз жастары мен ардагерлері сахна төрінде өз ұлттарының дәстүрлі әндері мен билерін орындап, көрермендерге нағыз достық рухын сыйлады.
Мемлекет пен қоғамның, мәдениет ошақтарының осындай бірлескен жүйелі жұмыстары барда еліміздің іргесі әрқашан тыныш, бірлігі бекем, болашағы жарқын болмақ.

