Қазіргі заманғы мемлекет дамуының басты өлшемдерінің бірі — халықтың тұрмыс сапасы мен қолайлы өмірлік ортаның қалыптасуы болып табылады. Түркістан өңірінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар мен ірі инфрақұрылымдық жобалар соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Осы орайда, облыстың ең ірі әрі тығыз қоныстанған аймақтарының бірі — Сайрам ауданынының орталығы Ақсу ауылында орналасқан Орталық саябақ толығымен жаңартылып, заманауи ойын-сауық алаңшасы ретінде халық игілігіне 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында беріліп, жергілікті тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Нысанның маңызды ерекшелігі — оның мемлекеттік бюджетке салмақ салмай, таза жеке инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылуында. Бүгінде Түркістан облысында Президенттің тапсырмасы аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және инвестициялық климатты жақсарту бағытында үлкен реформалар жүріп жатыр. Осы ретте Ақсу ауылындағы саябақты қайта құру жобасы инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, оған шамамен 675 миллион теңге көлемінде жеке қаржы тартылған. Жеке капиталдың мұндай ауқымды әлеуметтік жобаларға бағытталуы — өңірдегі бизнес өкілдерінің туған жерді көркейтуге деген жоғары патриоттық сезімі мен мемлекеттік бастамаларға деген сенімінің айқын дәлелі. Бұл инвестиция ауданда жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті қызмет көрсету саласының шағын және орта бизнес дамуына тікелей ықпал етпек. Мерекелік шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, жаңартылған Орталық саябақтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Өңір басшысы ең алдымен саябақ ішінде ұйымдастырылған жергілікті этнос өкілдерінің мәдени-этнографиялық көрмесін аралап көрді. Көрмеде ауданда тұратын түрлі ұлттардың қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдері мен ас мәзірі кеңінен таныстырылды.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтап, өз сөзінде 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі татулық пен келісімнің символы екенін баса айтты: — «Құрметті сайрамдықтар, біз бүгін тек жаңа саябақтың ашылуын ғана емес, біздің мызғымас бірлігіміз бен берекемізді тойлап жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында өңірде этносаралық келісімді нығайту, әрбір азаматтың құқығын қорғау және қоғамда «Заң мен Тәртіп» мәдениетін орнықтыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай заманауи демалыс орындарының ашылуы — елдегі тұрақтылық пен экономикалық дамудың тікелей жемісі. Бірлігіміз бекем болса, бағындырар биігіміз де көп болады», — деді облыс әкімі.
Сайрам ауданы — өзінің демографиялық өсімімен және көпұлтты құрамымен облыс қана емес, республика деңгейінде ерекшеленетін бірегей аймақ. Бүгінде Сайрам ауданында 243 мыңнан астам халық өмір сүріп, олардың қатарында 39 этнос өкілдері бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Бұл көрсеткіш — еліміздегі қоғамдық келісім мен бірліктің нақты көрінісі. Аудан аумағында түрлі этностардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға барлық жағдай жасалған. Жергілікті Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдары бірлесе жұмыс істеп, аймақтағы ішкі тұрақтылықтың берік қалқанына айналып отыр. Жаңа саябақ та осы 39 этнос өкілдерінің басын қосатын, достық пен сыйластықты нығайтатын негізгі мәдени хаб іспетті.
Дана халқымыз «Ырыс алды — ынтымақ» деп текке айтпаған. Сайрам ауданында 1 мамыр мерекесі күні пайдалануға берілген бұл зәулім де әсем Орталық саябақ — еліміздегі бейбітшілік пен жасампаздықтың, мемлекет пен бизнестің бірлескен жемісті жұмысының айқын айғағы. Тұрғындардың қуанышы мен балалардың шат күлкісі үшін атқарылған осындай игі жобалар көптеп жүзеге асқан сайын, еліміздің әрбір елді мекені заманауи әрі жайлы мекенге айнала бермек.
Бірлік пен ынтымақ мерекесі құтты болсын! Жаңартылған саябақ сайрамдықтардың құтты мекеніне, достық пен берекенің алтын тұғырына айналсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

