Қазақ қоғамында ежелден ел тағдыры, жер тағдыры, ұрпақ тәрбиесі мен ішкі тұрақтылық сияқты іргелі мәселелер ауыл ақсақалдары мен парасатты аналардың қатысуымен шешіліп отырған. Ұлттық болмысымыздың алтын қазығы саналатын бұл игі дәстүр бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда жаңа мазмұнмен жаңғырып, мемлекеттік идеологияның маңызды бөлшегіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидасын орнықтыру, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізу, отбасы институтын нығайту және жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру — салауатты да қуатты ұлт қалыптастырудың негізгі шарты екенін ұдайы атап келеді. Осы орайда, Жетісай ауданында аймақтың әлеуметтік-рухани өміріне тікелей ықпал ететін маңызды басқосу болып өтті.
Жетісай аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңесінің бірлескен кеңейтілген отырысы өтті. Жиында қоғамдық ұйымдардың есептік кездесуімен қатар, аудандағы құқықтық тәртіпті күшейту, жастар арасындағы келеңсіздіктердің алдын алу және этносаралық татулықты нығайту жолдарын құзырлы органдармен бірлесе талқылаған мазмұнды саяси-әлеуметтік алаңға айналды.
Отырыстың негізгі мақсаты — қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтау, жастар тәрбиесі мен құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша нақты іс-қимыл жоспарларын әзірлеу, сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарға ақсақалдар мен аналардың, этномәдени бірлестіктердің әлеуетін толық жұмылдыру болды.
Басқосуды Жетісай аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Махамбет ашып, тікелей жүргізіп отырды. Төраға күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігін айта келе, қоғамдық кеңестердің заман ағымына сай белсенді жұмыс істеуі қажеттігін баса айтты. Шараға Жетісай аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен белсенді мүшелері, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жетісай аудандық филиалының басшысы Д.Мырзамуратов, Жетісай аудандық полиция бөлімінің Жеке құраммен жұмыс тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Ж.Өскенбай, Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Ж.Сағынтай және аудандық этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, ардагер ұстаздар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау және отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқық бұзушылықтармен күрес мәселесі сөз болды. Жетісай АПБ-нің өкілі, полиция аға лейтенанты Ж.Өскенбай аудандағы криминогендік ахуал мен отбасылық жанжалдардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндады. Мемлекет тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың барынша қатайтылғанын, ендігі кезекте әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтіп, тек жазалау шараларымен ғана мәселені толық шешу мүмкін еместігіне тоқталып, осы орайда полиция мен қоғамдық ұйымдардың, әсіресе Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің бірлескен насихат жұмыстарының ауадай қажеттігін еске салды.
Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен Аналар кеңесінің өкілдері өз кезегінде отбасылық ұрыс-керістердің, ажырасулардың түпкі себептерін жою үшін ауылдық округтерде тығыз жұмыс істеу керек деген ұсыныс тастады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған отбасылармен жекелей кездесулер өткізу, араққұмарлық пен құмар ойындарға (лудомания) тәуелді жастарды сауықтыру бағытында ақсақалдардың сөзі, аналардың мейірімі мен ақылы үлкен рөл атқаратыны айтылды. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Махамбет бұл мәселеде отбасы мен мектептің жауапкершілігін арттыру керектігін ескертіп, «Бала тәрбиесі — тек мұғалімнің немесе полицияның жұмысы емес, ол ең алдымен әкенің қамқорлығынан, ананың ақ сүтінен, атаның тағылымынан басталады. Біз, ақсақалдар, ауыл-ауылды аралап, мектептерде жастармен кездесулерді жиілетуіміз керек. Балаға тыйым салумен ғана шектелмей, оған өзіміздің жүріс-тұрысымызбен, адал еңбегімізбен үлгі болуымыз қажет. Қоғамда «ұят болады» деген түсінікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген қасиеттерді қайта тірілтуіміз керек»,- деді.
Ұлттық құндылықтар мен заң үстемдігі қатар жүрген жерде ғана мемлекеттің іргесі бекем, болашағы жарқын болады. Жетісайлық ардақты ақсақалдар мен аяулы аналардың бұл бірлескен қадамы — өңірдегі тұрақтылық пен берекенің берік қалқаны болары сөзсіз. Еліміздің бірлігі мызғымас, ынтымағы мәңгілік болғай!

