Ия, татулық — табылмас бақыт, бірлік — бұзылмас қорған. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі таңдағы қол жеткізген барлық толағай табыстары мен бағындырған биік белестерінің түпкі негізі — елдегі ішкі тұрақтылық пен этносаралық татулықта жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісімді сақтау, «Заң мен Тәртіп» қағидаларын орнықтыру және шекаралас аймақтардағы халықаралық достық байланыстарды нығайту — мемлекеттің геосаяси қуаттылығын арттыратын басты тетік екенін үнемі алға тартады. Осы асқақ идеология аясында, қазақстандық патриотизмнің, достық пен ынтымақтың, мәдени саналуандылықтың жарқын күні саналатын «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесін жетісайлық жұртшылық биыл халықаралық деңгейде атап өтті.
Жетісай қаласының Орталық саябағында ұйымдастырылған ауқымды мәдени-идеологиялық іс-шара жай ғана аудандық деңгейдегі мереке емес, іргелес жатқан бауырлас Өзбекстан Республикасынан арнайы делегация келіп қатысқан халықаралық достық форумына ұласты. Бұл кеш — шекаралас екі елдің мәдениеті мен өнерін тоғыстырған, халықтар тұтастығын дәріптеген бірегей рухани оқиға ретінде тарихқа енді.
Жетісай ауданы — өзінің географиялық орналасуы жағынан Өзбекстан Республикасымен шекаралас жатқан, стратегиялық маңызы өте жоғары өңір. Мұнда ғасырлар бойы қазақ, өзбек, тәжік, орыс және өзге де көптеген этнос өкілдері қоян-қолтық, араласып, құда-жекжат болып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінде елімізде 130-дан астам этностың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, әрқайсысына өзінің қайталанбас өрнегін салуларына барлық мүмкіндіктердің жасалуы нәтижесінде Қазақстан әлем елдері арасында бірегей артықшылықтар иесіне айналып отыр.
Мерекелік шараның шымылдығы Орталық саябақта ұйымдастырылған ауқымды этнографиялық көрмемен ашылды. Шара аясында аудандағы түрлі этнос өкілдерінің қолөнері мен ұлттық ас мәзірінің көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Саябақ ішіне тігілген ақшаңқан үйлер мен арнайы павильондарда әр ұлттың өзіндік мәдениетінен сыр шертетін экспозициялар қойылды.
Келушілер көрме барысында қазақтың текеметі мен зергерлік бұйымдарын, өзбек халқының қыш ыдыстары мен алтын жіппен зерленген шапандарын, татар мен тәжік халықтарының ұлттық киімдерін үлкен қызығушылықпен тамашалады. Сонымен қатар, ұлттық ас мәзірінің көрмесінде қазақтың еті мен бауырсағы, өзбектің палауы, өзге де ұлттардың дәмді тағамдары қойылып, келген қонақтарға тегін таратылды. Бұл көрме — Қазақстандағы мәдени саналуандылықтың, береке мен тоқшылықтың нақты символына айналды.
Айтулы шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов арнайы қатысып, көрмелерді аралап, көпшілікті мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде 1 мамыр мерекесінің терең тарихи астары мен мемлекеттік маңызына ерекше тоқталып өтті. — «1 мамыр – жыл сайын елімізді мекен еткен барлық ұлттар мен этностардың бір-біріне мейірімділік танытып, тағдыр тәлкегімен қазақ топырағына қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін өзегінен теппей өз туғанындай қабылдаған, достық пен бірлікті дәріптейтін күні. Бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастырып, ынтымағымызды бекемдей түспек. Басымызға түскен небір нәубет жылдарда қазақ халқы өзі таршылықта отырса да, бауырларына құшақ жайды, бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгінде сол еңбектің, сол мейірімнің жемісін көріп отырмыз. Баршаңызды бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын дәлелі болған айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің берекесі артып, ынтымақ-бірлігіміз сетінемесін!»,- деді.
Жоғары деңгейде өткен мерекелік шара барысында көршілес елдің өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, өздерінің жылы лебіздері мен шынайы бауырластық ниеттерін білдірді. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Шухрат Абдурахманов Жетісай жұртшылығына өзбек халқының ыстық сәлемін жеткізді.
Орталық саябақтың бас сахнасында нағыз өнер думаны басталып, концерттік бағдарлама екі елдің шығармашылық ұжымдарының бірлескен достық симфониясына айналды. Жетісай ауданының белгілі өнерпаздары мен Өзбекстаннан келген Ақалтын аудандық мәдениет бөлімінің шығармашылық өнер ұжымы бірлесе өнер көрсетті. Олар қиын-қыстау заманда жер аударылып, басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білген ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, мазмұны терең мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Шара соңында мәдениет пен өнерді дамытуға, екі ел арасындағы алтын көпірді бекітуге үлес қосқан өнерпаздар мен қонақтарға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың атынан арнайы Алғыс хаттар табыстап, ұлттық нақыштағы сый-сияпаттар жасалды.
Салауатты сана мен ұлттық ынтымақ — қуатты Қазақстанның берік қалқаны!

