Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке», «Қыз — ұлттың болашағы, шаңырақтың шырағы» деп, қыз баланың тәрбиесіне әрқашан ерекше жауапкершілікпен әрі үлкен сезімталдықпен қараған. Себебі бүгінгі бойжеткен — ертеңгі аяулы жар, ардақты ана, шаңырақтың ұйытқысы және тұтас бір ұлтты тәрбиелейтін бас ұстаз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтар мен «Заң мен Тәртіп» мәдениетін орнықтыру, қыз балалардың құқықтарын қорғау және олардың сауатты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Осы орайда, Жетісай қаласында қыз балалардың рухани, психологиялық және физиологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара болып өтті.
Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жоғары сыныптың оқушы қыздарына арналған “Сұлулық пен сауаттылық үндестігі” тақырыбында өте тартымды әрі тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиын — білім ордасының, Аналар кеңесінің, медицина саласы мен психологтардың басын қосқан, мазмұны терең, тәрбиелік салмағы жоғары ағартушылық алаңға айналды.
Мектеп-гимназиясында өткен “Сұлулық пен сауаттылық үндестігі” атты кездесудің де басты мақсаты — жасөспірім қыздардың тәрбиесі, әдебі, денсаулығы, гигиенасы мен рухани-психологиялық дамуы туралы кеңінен пікір алмасу, оларға өмірлік маңызы бар пайдалы кеңестер беру болды. Кездесудің алдына қойған негізгі міндеттеріне, қыз балаларға сұлулықтың тек сыртқы келбетте ғана емес, ішкі жан дүниенің тазалығында, білім мен инабаттылықта екенін түсіндіру, жасөспірім шақтағы қыздардың физиологиялық өзгерістері, репродуктивті денсаулықты сақтау және жеке гигиена ережелерін нақты мамандардың қатысуымен ашық талқылау. Сондай-ақ, өтпелі кезеңдегі қыз балалардың ішкі уайымдары мен күйзелістерін еңсеруге, өзіне деген сенімділігін арттыруға бағытталған психологиялық кеңестер мен қазақ халқының қыз тәрбиесіне қатысты озық салт-дәстүрлерін заманауи трендтермен үндестірді.
Жетісай ауданы Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Р.Басымбекова өз сөзінде — «Бүгінгі таңда қыз баланың сұлулығы тек сәнді киіммен немесе сыртқы бояумен өлшенбейді. Нағыз сұлулық — білімде, тәрбиеде, инабаттылық пен мәдениеттілікте. Қыз бала сауатты болса, ол — болашақ саналы ұрпақтың кепілі. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының мәні де осында. Біз қыздарымызды заманауи технологияларды меңгерген, білімді, сонымен бірге ұлттық салт-дәстүрімізді бойына сіңірген парасатты тұлға ретінде көргіміз келеді. Әдептілік пен ар-ұят — қыздың ең басты байлығы»,- деді.
Жиынға Жетісай көпбейінді аудандық орталық ауруханасының білікті гинеколог дәрігері А.Абезейтова қатысып, қыздарға арналған арнайы дәріс оқыды. Дәрігер-гинеколог жасөспірім шақтағы тазалық мәдениеті, күнделікті күтім және спортпен шұғылдану кезіндегі денсаулықты сақтау ерекшеліктеріне, болашақ ана ретінде ағзаны түрлі суық тиюден, инфекциялық аурулардан қорғаудың жолдары мен ерте жүктіліктің зардаптары мен оның жас ағзаға тигізетін орны толмас зияны туралы ашық әрі ғылыми тұрғыда ескертті.
Жасөспірімдік кезеңдегі гормоналды өзгерістер қыз балалардың психологиялық көңіл-күйіне де тікелей әсер етеді. Тез ренжу, өзіне сенімсіздік таныту, құрбыларымен немесе ата-анасымен түсініспеушілікке бой алдыру — бұл кезеңде жиі кездесетін құбылыс. Осы орайда Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы А.Сван қыздармен интерактивті форматта жұмыс істеді. Сондай-ақ, қыздармен бірге шағын психологиялық тренинг өткізіп, олардың бойындағы қорқыныш пен ұяңдықты жеңуге көмектесетін жаттығуларды көрсетті. Бұл бөлім оқушы қыздардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары өздерін мазалап жүрген, көп жағдайда ашық айтуға қысылатын сұрақтарын ортаға салды. Олар негізінен заманауи сұлулық трендтері, бет күтімі, мамандық таңдаудағы ата-анамен келіспеушіліктерді шешу жолдары және бос уақытты тиімді ұйымдастыру төңірегінде болды. Шақырылған қонақтар — Аналар кеңесінің төрайымы, дәрігер мен психолог әрбір сұраққа өз салалары бойынша тұшымды, ғылыми әрі өмірлік тәжірибеге негізделген жауаптар берді.
Мектеп мұғалімдері де бұл диалогқа белсене араласып, күнделікті оқу процесінде қыз балалардың тәрбиесі мен сабақ үлгерімін қатар алып жүрудегі ұстаздық тәжірибелерімен бөлісті. Ұстаздар осындай кездесулердің мектеп қабырғасында жиі өтіп тұруы қыздардың тәртібі мен сауаттылығына оң әсер ететінін атап өтіп, келген қонақтарға шынайы ризашылықтарын білдірді.

