Елдің тұтастығы мен мемлекеттің қуаттылығы — оның ішкі бірлігі мен этносаралық татулығында жатыр. Қазақстан атты үлкен шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы — әлем көз тіккен бірегей үлгі, біздің ең басты рухани қазынамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен Тәртіп» мәдениетін қалыптастыру және бірлікті сақтау — ел дамуының басты қозғаушы күші екенін әрқашан алға тартады. Осы асқақ идеологияны іс жүзінде ілгерілету мақсатында, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аясында, 2026 жылғы 27 сәуір күні рухани астанамыз Түркістан қаласында мазмұны терең, ауқымы кең мәдени-танымдық іс-шара болып өтті.
Киелі шаһардың көркіне айналған «Ұлы дала елі» кешенінің ұжымының басшысы – Гүлжанат Дүйсенбаева мен Түркістан қалалық Түркітілдес халықтары кітапханасының басшысы – Мария Құрышбаева бірлесе отырып, «Достық пен татулық мерекесі» айдарымен өте тартымды әрі қызықты мәдени-танымдық кеш ұйымдастырды. Қос мәдениет ошағының бірлескен бұл жобасы өңірдегі қоғам белсенділерін, ақ жаулықты әжелерді, білім беру саласының мамандары мен жалынды жастарды бір арнаға тоғыстырды.
Әлемдік геосаяси аренада бейбітшілік пен тұрақтылық мәселесі бірінші орынға шыққан қазіргі заманда, Қазақстанның ішкі бірлігін сақтау — мемлекеттік қауіпсіздіктің кепілі. «Ұлы дала елі» кешенінде өткен бұл шара жай ғана мерекелік концерт емес, жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған үлкен идеологиялық алаң болды.
Жиын барысында сөз алған спикерлердің әрқайсысы қоғамдық келісімді сақтау мен мемлекеттің тұрақты дамуы төңірегінде терең мағыналы, сараптамалық деңгейдегі баяндамаларын жасады. Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев заң үстемдігі мен медиацияның қоғамдағы рөліне тоқталды: «Біздің ең басты ұлттық құндылығымыз — бірлік. Алайда, бірлік өздігінен тұрақты болмайды. Оның негізінде заң мен тәртіп тұруы тиіс. Кез келген дау-дамайды, этносаралық түсініспеушіліктерді заң шеңберінде, медиация институтының көмегімен бейбіт шешу — өркениетті қоғамның белгісі. Заңды сыйлау және тәртіпке бағыну — мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өте қуатты әсер ететін басты тетік», — деді ол.
Одан кейін сөз алған Түркістан қаласы «Бекзат» тұрғын алқабының Әжелер кеңесінің төрайымы Сиякүл Мұстапаева отбасылық тәрбие мен ақ жаулықты аналардың қоғамдағы миссиясы туралы толғана сөйледі. Сиякүл ана жас ұрпақтың бойына имандылық пен инабаттылықты сіңіруде, ұлттық салт-дәстүрді сақтауда аналар мен әжелердің атқарар рөлі зор екенін, ынтымағы бар елдің ырысы ортаймайтынын аналық мейіріммен жеткізді. Білім беру саласының атынан сөз алған Сауран ауданы, Жүйнек ауылы «Абдуллаев» зияткерлік мектебі директорының орынбасары Ферузбек Балтабайұлы бүгінгі мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмысының мемлекеттік маңызына тоқталды. Ол жастардың заңдық сауаттылығын арттыру мен патриоттық сезімін ояту мектеп пен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесінде ғана жемісті болатынын атап өтті.
Шараның маңыздылығын қорытындылай келе, «Ұлы дала елі» кешені басшысының орынбасары Тұрар Шамшатдинұлы кешен ұжымының атқарып жатқан идеологиялық жұмыстарымен бөлісті. Тұрар Шамшатдинұлы «Ұлы дала елі» орталығының тек тарихи жәдігерлер мекені ғана емес, сонымен бірге елдің бірлігі мен достығын паш ететін үлкен рухани ошақ екенін және бұл бағыттағы кітапханамен бірлескен жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретінін мәлімдеді.
Мәдени-танымдық іс-шарада оқушылар қазақ, өзбек және еліміздегі өзге де бауырлас этностардың билерін мың бұрала билеп, мәдениеттер үндестігінің жарқын үлгісін көрсетті. Жас өнерпаздар Отанды, туған жерді, достық пен бірлікті ұлықтайтын жалынды әндерді шырқап, залдың рухын көтерді.
Кітапхана ұжымы көрмеге елдің тарихын, этносаралық қатынастарды, Қазақстан халқы Ассамблеясының даму жолын және түркі әлемінің ортақ әдебиетін қамтитын сирек әрі құнды кітаптарды қойды. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ жиынға келген зиялы қауым өкілдері кітап көрмесін үлкен қызығушылықпен аралады. Кітапханашылар көрмеге қойылған әрбір туындының маңызына тоқталып, жастардың бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру — салауатты сананың кепілі екенін атап өтті. Кітап көрмесі арқылы жиналған қауым түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырластығы туралы көптеген жаңа мәліметтерге қанықты.
Іс-шара соңында қатысушы азаматтар мен қонақтар өңірдегі өзбек мәдени бірлестігі шеберлерінің қолөнерлік бұйымдарының көрмесімен танысты. Көрмеде шеберлердің қолынан шыққан бірегей туындылар да ұсынылды.

