Қазақстанның басты байлығы, мемлекеттігіміздің берік іргетасы мен мызғымас тірегі – елдегі бейбітшілік, ұлттар арасындағы достық пен татулық. Бір аспан астында, бір шаңырақтың аясында сан түрлі этнос өкілдерінің ынтымақтаса өмір сүруі – біздің мемлекетіміздің әлем алдындағы ең басты жетістігі әрі мақтанышы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында қоғамда «Заң мен тәртіп» мәдениетін орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау ел дамуының басты кепілі екенін үнемі баса айтып келеді. Осы орайда, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында, 2026 жылғы 27 сәуір күні рухани астанамыз Түркістан қаласында мазмұны терең, тағылымы мол мәдени-танымдық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Түркістан қаласындағы маңызды мәдениет ошақтарының бірі – «Ұлы дала елі» кешенінің ұжымы мен Түркістан қаласындағы Түркітілдес халықтарының кітапханасы бірлесе отырып, «Достық пен татулық мерекесі» айдарымен айтулы шара өткізді. Бұл жиын өңірдегі зиялы қауым өкілдерін, қоғам белсенділерін, өнерлі жастар мен қала тұрғындарын біріктірген ауқымды рухани алаңға айналды.
Мамыр айының басында аталып өтетін Қазақстан халқының бірлігі күні – еліміздегі әрбір азамат үшін орны ерекше мейрам. Жаһандық геосаяси жағдайлар құбылып, әлемнің әр түкпірінде түрлі қақтығыстар орын алып жатқан тұста, еліміздегі ішкі тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтау және оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – кезек күттірмейтін маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да «Достық пен татулық мерекесі» шарасының негізгі мақсаттары, қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан барлық этностардың ортақ Отан игілігі жолындағы бірлігін паш ету, «Ұранымыз – бірлік пен достық, ынтымақ пен татулық» қағидасын ұлықтау. Қоғамда заң үстемдігі мен тәртіптің сақталуын, оның мемлекеттің өсіп-өркендеуіне тигізетін тікелей ықпалын түсіндіру. Түркітілдес халықтардың, соның ішінде өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдары мен әдеби мұраларын қалың көпшілікке таныстыру. Аға буын өкілдері мен мектеп оқушылары арасындағы рухани байланысты арттыру, жастардың бойында патриоттық сезімді ұялату.
Шараның ресми бөлімінде сөз алған аймақтың зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген басты құндылықтары төңірегінде салмақты ой қозғады. Баяндамашылар өз сөздерінде бүгінгі мерекенің Қазақстан халқы үшін ерекше маңыздылығына тоқталды. Жиында заң мен тәртіптің, бірлік пен ынтымақтың еліміздің өсіп-өркендеуіне өте қуатты әсер ететін негізгі ұлттық құндылықтарымыз екендігі жан-жақты жеткізілді. Қоғамда тұрақтылық болмаса, ешқандай экономикалық өсімнің де, әлеуметтік дамудың да жүзеге аспайтыны нақты мысалдармен айтылды. Әрбір азаматтың заң талаптарын құрметтеуі, өзге этнос өкілдеріне құрметпен қарауы – сыртқы қауіп-қатерлерден қорғайтын ең берік қалқан екені баса айтылды. Сондықтан мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған сыртқы және ішкі саясатты қолдау, Қазақстан халқы Ассамблеясының жобаларын іске асыру – баршаның ортақ парызы. Жиналған көрермендер қауымы алдында Сауран ауданы, Жүйнек ауылында орналасқан «Абдуллаев» зияткерлік мектебінің оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Дарынды жас жеткіншектер дайындаған концерттік бағдарлама жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оқушылар Қазақстанда тұратын түрлі этностардың әндерін шырқап, ұлттық билерін мың бұрала биледі. Жастардың бұл өнері — елдегі достық пен татулықтың, мәдениеттер үндестігінің жарқын көрінісі болды. Олардың сахналық мәдениеті, таза дауыстары мен жігерлі қимылдары залда отырған көрермендерді тәнті етті. Зейнеткер апамыз Күміс Айбекқызының орындауындағы «Бұлқиды жүрек» әні жиналған қауымның жүрегін тебірентті. Аға буын өкілінің әуезді де қоңыр дауысы, әннің ішкі терең мағынасын көрерменге жеткізе білу шеберлігі залдағы барша тыңдарманды ерекше сезімге бөледі. Көрермендер жас дарындар мен ардақты ананың өнерін ерекше зейінмен тамашалап, өздерінің жоғары бағаларын ду қол шапалақ соғу арқылы білдірді.
Аталған іс-шараның танымдық маңызын арттыра түскен негізгі бөлімдердің бірі — Түркітілдес халықтары кітапханасының ұйымдастыруымен өткен арнайы кітап көрмесі болды. Кітапхана ұжымы бұл көрмеге Қазақстан халқының бірлігін, достығын, еліміздің тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттердің ортақ әдеби мұраларын сипаттайтын құнды еңбектерді қойды.
Шараға қатысушылар мен қонақтар бұл көрмені үлкен қызығушылықпен аралап, рухани қазынамен жақыннан танысты. Кітапхана қызметкерлері әрбір кітаптың маңыздылығына тоқталып, жастарды кітап оқуға, өз елінің тарихын терең білуге шақырды.

