Адамзат баласы үшін анадан асқан ардақты, анадан асқан қасиетті ұғым жоқ. Ана — өмірдің бастауы, жылылықтың көзі, отбасының алтын діңгегі және тұтас бір ұлттың рухани тәрбиешісі. Ұлттың мәдениеті, оның рухани болмысы мен болашақ ұрпақтың сапасы тікелей ананың берген тәрбиесімен, «ана мәдениетімен» өлшенеді. Ананың бесік жырымен, ақ сүтімен және ізгі ақылымен бала бойына даритын қасиеттер — мемлекетіміздің ең басты құндылығы. Осы асқақ мақсатты ту еткен, өскелең ұрпақтың санасына қозғау салған өнегелі де тағылымды іс-шара Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектептің акт залында болып өтті. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Ана мәдениеті – ұлттың рухани байлығы» атты тәрбие сағаты мектеп оқушылары, ұстаздар қауымы және зиялы қоғам өкілдерінің басын қосып, отбасы институтын нығайту мен ұлттық тәрбиені жаңғыртудың жаңа бағыттарын айқындаған ауқымды рухани кездесуге айналды.
Қазіргі жаһандану заманында жастардың бойында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу — мемлекеттік деңгейдегі ең өзекті мәселенің бірі. Осы орайда №32 жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылған бұл тәрбие сағатының мақсаты өте терең деуге саяды. Шараның басты бағыттарына тоқталсақ, қоғамның дамуындағы, мемлекеттің тұрақтылығындағы және әрбір шаңырақтың берекесіндегі ананың теңдессіз рөлін арттыру. Шаңырақтағы сыйластықты, әке мен ананың орнын, ұрпақтар арасындағы алтын көпірді сақтау және насихаттау. Жас ұрпақты имандылыққа, инабаттылыққа, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету сияқты ізгі қасиеттерге баулу. Төл дәстүрімізді, ана тілімізді және халықтық педагогика элементтерін жастардың күнделікті өміріне енгізу.
Мерекелік тәрбие сағатының шымылдығын ашқан №32 жалпы білім беретін мектептің директоры Бабашева Айгүл Абайқызы қатысушылар мен қонақтарға өзінің жылы лебізін білдірді. Айгүл Абайқызы мектеп қабырғасында тек сапалы білім беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде ана тәрбиесін көрген баланың ешқашан теріс жолға түспейтінін, заң мен тәртіпті бұзбайтын «Адал азамат» болып өсетінін жеткізді. Мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың осы бағыттағы бірлескен жұмысын айқындау мақсатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Баетов Ерназар Көпжасарұлы сөз сөйлеп, отбасы тәрбиесінің мемлекеттік тұрақтылықпен байланысына тоқталды: «Отбасы — мемлекеттің кішірейтілген үлгісі. Егер әрбір шаңырақта тәрбие дұрыс болса, қоғамда қылмыс та, келеңсіздіктер де болмайды. Ал отбасылық тәрбиенің негізгі қозғаушы күші — Ана. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның жанындағы Аналар кеңесі өңірдегі рухани тұрақтылықты сақтау, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастар арасындағы құқық бұзушылықтарды жою бағытында өте ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бүгінгі шара — соның айқын дәлелі», — деді ол.
Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызының баяндама жасап, «Ана мәдениеті» ұғымын кеңінен тарқатып, оның тәрбиелік мәні зор ой-пікірлерімен бөлісті. Ол бұл ұғымның тек үйде тамақ пісіру немесе бала бағумен шектелмейтінін, оның артында үлкен халықтық пәлсапа жатқанын түсіндірді. Интерактивті форматта өткен бұл сұхбат барысында оқушылар өз ойларын ірікпей айтып, сұрақтарға жауап берді. №32 мектеп оқушыларының қатысуымен дайындалған мазмұнды әрі өте әсерлі шығармашылық бағдарламаға ұласты. Бұл сәт көрермендердің жүрегін тебірентіп, көздеріне жас ұялатқан рухани сәттерге толы болды. Мектептің күміс көмей жас өнерпаздары сахна төрінде анаға деген шексіз махаббатты, балалық сағыныш пен алғысты жеткізетін лирикалық әндерді нақышына келтіре шырқады. Оқушылар қазақ ақын-жазушыларының ана туралы жазған жауһар туындыларын, сондай-ақ өздерінің жүрегінен шыққан арнау өлеңдерін мәнерлеп оқып, залды ұйытты. Қыз балалар тобы орындаған қазақ билері нәзіктік пен сұлулықтың, ибалық пен ұлттық өнердің озық үлгісін көрсетті. Оқушылар дайындаған шағын қойылымдарда ананың түн ұйқысын төрт бөліп бала өсіруі, перзентін қиындықтан құтқаруы және отбасындағы ана мен бала арасындағы рухани байланыс шынайы бейнеленді. Іс-шараның қорытынды сәтінде оқушылар жаппай «Анаға тілек» акциясына қатысты. Әрбір бала өз анасына деген ең жылы, ең ізгі тілектерін, айта алмай жүрген алғыстарын ақ қағазға жазып, жүрекжарды ойларын білдірді. Жастардың бұл қадамы олардың бойындағы мейірімділік пен перзенттік парыз сезімінің қаншалықты жоғары екенін көрсетті.

