Жаһандану дәуірінің екпіні қатты, сыртқы мәдениеттердің ықпалы орасан зор заманда кез келген ұлттың өзін сақтап, болашаққа нық қадам басуы оның рухани тамырына байланысты. Ал ұлттың рухани тамыры — ғасырлар бойы екшеліп, атадан балаға аманат болып жеткен салт-дәстүрі, тілі, ділі мен мәдени мұрасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде жас ұрпақтың бойына ұлттық кодты сіңіру, «Адал азамат» тәрбиелеу ісін мектеп қабырғасынан бастау керектігін үнемі баса айтып келеді. Осы асқақ мұратты негізге ала отырып, Сарыағаш ауданында жас жеткіншектердің санасын оятып, жүрегіне ұлттық мақтаныш ұялатқан өнегелі де ауқымды іс-шара болып өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жанындағы Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің тікелей ұйымдастыруымен №13 «Мәңгілік ел» атындағы жалпы білім беретін мектебінде бастауыш сынып оқушыларына арналған «Қазынам халық мұрасын, игеріп өсу мұратым!» атты ауқымды рухани-танымдық кеш және «Дәстүрді дәріптейік» атты тәрбиелік ашық сабақ жоғары деңгейде өткізілді. Бұл шара жай ғана ашық сабақ емес, бастауыш сынып оқушыларының танымдық деңгейін өсіруге бағытталған үлкен тәрбие мектебіне айналды. Баланың санасы ең таза, жаңа ақпаратты тез қабылдайтын бастауыш сынып кезеңінде ұлттық құндылықтарды сіңіре білу — болашақ ұрпақтың тектілік негізін қалаумен тең екендігі шындық.
Неге десеңіз жас ұрпақ қазақ халқының сан ғасырлық салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын, ұлттық киімдері мен көне зергерлік бұйымдарын, дәмді де шипалы ұлттық тағамдары мен логикалық, физикалық тұрғыдан ширататын ұлттық ойындарын балаларға жан-жақты таныстыру мен жас жеткіншектердің бойында ұлтжандылық, имандылық, инабаттылық, ізеттілік пен үлкенге деген құрмет қасиеттерін берік орнықтыру, бабалар аманатына адал, өз тарихын жетік білетін, өзгенің қаңсығына таңсық болмайтын саналы «Адал азамат» бейнесін қалыптастыруды санасына сіңіреді.
Балалардың көрнекілік арқылы қабылдау қабілетін арттыру мақсатында шараға Сарыағаш аудандық Музей қызметкерлері арнайы шақырылды. Музей мамандары мектеп фойесінде ұлттық жәдігерлерден жасақталған сирек кездесетін бірегей көрме ұйымдастырды. Көрмеге қойылған әрбір зат — қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін құнды қазына. Музей қызметкерлері бастауыш сынып оқушыларына ұлттық киім түрлерін (шапан, сәукеле, тақия, бөрік, камзол), ер-тұрман жабдықтарын, сондай-ақ қазақ әйелдері таққан күміс білезіктер, алқалар, өңіржиіктер мен шолпылар сияқты зергерлік бұйымдарды жеке-жеке таныстырып, олардың жасалу жолдары мен маңызы туралы қызықты мәліметтер берді. Балалар көне жәдігерлерді өз көздерімен көріп, олардың тарихына қанықты. Зергерлік бұйымдардың жай ғана сәндік бұйым емес, сонымен қатар қыз баланың жүрісін, сымбатын, әдебін қалыптастыратын (мысалы, шолпының сыңғыры қыздың түзу жүруіне әсер ететіні) тәрбиелік құрал екенін біліп, таңданыстарын жасыра алмады.
Аудандық Әжелер алқасының мүшелері бұл күні мектепке өздерінің үлкен өмірлік тәжірибесімен, ақ жаулықты аналық мейірімімен келіп, шараның рухани салмағын арттыра түсті. Әжелер мектеп оқушыларына қазақ өмірінің ең алғашқы алтын бесігі — «Бесікке салу» дәстүрін дәріптеді. Сахналанған бұл рәсімде бесікті отпен аластау, түбегі мен шүмегін орналастыру, баланы бөлеу және оның үстіне жеті түрлі қасиетті заттарды жабу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Ең әсерлі сәт — ақ жаулықты әженің орындауындағы «Бесік жыры» (Әже әлдиі) болды. Зал ішін ұйытқан әуезді де қоңыр дауыспен айтылған әлди әні балалардың жүрегіне ерекше жылылық ұялатты. Әжелер алқасының мүшелері бесік жырының баланың жүйке жүйесіне, оның болашақта ана тілін сүйіп өсуіне, ұлттық болмысын жоғалтпауына тигізер пайдасын ғылыми әрі халықтық пәлсапа тұрғысынан ашып берді.
Сонымен қатар, халқымыздың ырымдары мен тыйым сөздеріне кезек беріліп, аналар кеңесінің мүшелері мен ұстаздар бастауыш сынып оқушыларына қазақ халқының әрбір тыйымының артында үлкен философиялық мағына, экологиялық мәдениет және гигиеналық ережелер жатқанын түсіндірді.
Тағылымды кеш тек теориялық мәліметтермен шектелмей, мектеп оқушыларының дайындаған жарқын концерттік бағдарламасымен жалғасты. №13 «Мәңгілік ел» мектебінің бастауыш сынып оқушылары өздерінің өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымды тәнті етті.
«Қазынам халық мұрасын, игеріп өсу мұратым!» тәрбиелік ашық сабағы Сарыағаш ауданындағы білім беру мен тәрбие саласындағы ең сәтті жобалардың бірі болды. Мектеп басшылығы, ұстаздар қауымы және ата-аналар Аналар кеңесіне, Әжелер алқасына және Музей ұжымына осындай тағылымды кеш сыйлағандары үшін шексіз алғыстарын білдірді.

