Әлемдегі ең қасиетті, ең қадірлі әрі теңдессіз құдірет иесі – Ана. Тіршіліктің нәрі, өмірдің мәні, әрбір адам баласының дүниедегі ең жақын жанашыры мен қорғаны да – Ана. Халқымыздың ұғымында ананың көңілі тоқ болса, елдің берекесі көп болады. Ана бақытты болса – отбасы тұтас, қоғам тыныш, мемлекет іргесі берік. Қазақстан қоғамында аналардың мәртебесін ұлықтау, олардың әлеуметтік және рухани белсенділігін арттыру мақсатында бекітілген Аналар күні бүгінде жай ғана күнтізбелік мереке емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын үлкен қозғалысқа айналуда.
Қазақстанда аналар қауымының басын біріктіріп, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру, отбасылық құндылықтарды қорғау және бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешу ісі соңғы он жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік деңгейде қолдау тауып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Президенттің тікелей тапсырмаларын негізге ала отырып жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда республика бойынша он алты мыңнан астам ерікті аналардың басын біріктіріп, ортақ мүдде жолында аянбай еңбек етіп жүрген үлкен қоғамдық күш қалыптасты. Бұл ауқымды қозғалыстың көшбасшысы ретінде Нәзипа Шанайдың есімін ерекше атап өтуге болады. Оның басшылығымен атқарылып жатқан игі істер мен ауқымды жобалар еліміздегі аналар институтының дамуына, ана мен баланы қорғау саясатының нығаюына зор серпін берді. Осындай республикалық деңгейдегі бастамалар аймақтарда, әсіресе ұлттық қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінде өзінің заңды жалғасын тауып келеді.
Ұлттық тәрбиенің алтын бесігі саналатын Түркістан облысында қоғамдық тұрақтылықты сақтау, ұлтты ұйыстыру және аналар мен қыз-келіншектердің мәселелерін шешу бағытында аянбай тер төгіп жүрген іскер, дана ханымдар шоғыры бар.
Тұғырлы Түркістан өңірінде қоғамдық тұрақтылық пен ұлттар арасындағы ынтымақты нығайту мен Аналар кеңесінің жұмысын жандандыру ісінде Эльмира Ұласбекқызының еңбегі орасан зор. Ол аймақтағы аналар қауымының үнін қоғамға жеткізуші, рухани-мәдени іс-шаралардың ұйытқысы және ұлттық тәрбиенің жанашыры ретінде танылды. Оның басшылығымен атқарылған жұмыстар өңірдегі әрбір отбасының әл-ауқаты мен рухани дамуына тікелей әсер етуде.
Саялы Сарыағаш ауданының әлеуметтік-саяси өмірінде және әйелдер ісі бойынша әрбір күрделі мәселені әділдікпен, көрегендікпен шешіп жүрген Зәуре Хамзееваның жолы – бүгінгі жастарға нағыз үлгі. Ол жаны нәзік әйел заты бола тұра, мемлекеттік істерде қатал тәртіп пен аналық даналықты қатар ұштастыра білді. Әйелдердің құқығын қорғау, көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету және отбасылық құндылықтарды сақтауда оның қосқан үлесі жоғары бағаланады. Бұл азаматшалар – қазақ анасына тән дана жолды, ұлы тұлғалардың сара жолын ұстанып, қоғамда өз орнын қалыптастырған нағыз ұлт мақтаныштары. Бүгінгі жас буын осындай іскер ханымдардың ізін басып, олардың ізгі жолдарын үлкен жауапкершілікпен жалғастырып келеді.
Аналар қозғалысының, соның ішінде Түркістан облысындағы белсенді әйелдер қауымының ең басты ниеті – ұрпақтар сабақтастығын нығайту және саналы ұрпақтың сапасын сарқылтпау. Қазіргі жаһандану заманында бұл мәселе мемлекеттік қауіпсіздік деңгейіндегі маңызды міндетке айналды. Тәрбиедегі негізгі мақсаттарға тоқталсақ, егер ана білімді, мәдениетті, рухани дүниесі бай болса, ол тәрбиелеген бала да қоғамның зиялы мүшесіне айналады. Ұлттың мәдениеті ананың бесік жырымен, ананың берген тәрбиесімен өлшенеді. Сондай-ақ, өркениеттің нақ үлгісі болуы үшін біз өзге мәдениеттер мен үрдістерге еліктемей, өзіміздің ұлттық болмысымызбен-ақ өркениеттің ең жоғары үлгісін көрсете аламыз. Қазақ әйелінің отбасын басқару, бала баптау өнері – өркениеттің озық үлгісі. Ал, текті ұрпақ тәрбиелеуде өзгенің қаңсығына зәру болмай, өз тарихына, өз тілі мен діліне қанық, тегін танитын, рухы биік ұрпақты тәрбиелеу – аналардың басты міндеті. Мұның бәрі де әрбір отбасының гүлі мен нұры, шуағы болып есептелетін аналарға тікелей байланысты. Баланың бойына адамгершілік нәрін себетін де, оны отансүйгіштікке баулитын да – ананың ақ сүті мен аялы алақаны.
Нағыз қазақ анасы қандай қызметте жүрсе де, ең алдымен өз шаңырағының түтінін түзу ұшыруды ойлайды. Ана болу – үлкен өнер және үлкен жауапкершілік. Ол алды-артын бағамдап, байыппенен баласын баптайды. Оның жанашырлығы тек өз перзентімен ғана шектелмейді. Нағыз арлы да ақылды ана тұтас халықтың баласына жанашырлықпен қарайды. Көшеде бұзақылық жасап жүрген, немесе қиын жағдайға тап болған өзгенің баласын көргенде де айналып өтпей, аналық ақылын айтып, қол ұшын созады. Қоғамда осындай кең жүректі, парасатты аналарымыз неғұрлым көп болса, жастар арасындағы қылмыс та, қатыгездік те соғұрлым азаяды.

