Ана – өмірдің бастауы, үйдің берекесі, таусылмас мейірім мен ізгіліктің қайнар көзі. Халқымыз «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп, әйел затының адамзат баласының тағдырына тигізер ықпалын ерекше бағалаған. Қазіргі дамыған заманда да ана – отбасының ғана ұйытқысы емес, тұтас ұлттың тәрбиешісі, мемлекет пен қоғамның берік тірегі. Осы асқақ құндылықтарды дәріптеу мақсатында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Менің анам – менің мақтанышым» атты жоғары деңгейдегі мерекелік іс-шара өтті.
Түркістан қаласының мәдени және рухани орталығы саналатын «Достық үйі» бұл күні ерекше мерекелік күйге енді. Зал іші ақ жаулықты әжелер мен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдері – аналармен толды. Жиынның басты мақсаты – қоғамда ананың мәртебесін биіктету, жас буынның бойына ананы құрметтеу, оның еңбегін бағалау секілді қасиеттерді сіңіру және ұлттық тәрбие институтын нығайту болды. Мерекелік кештің шымылдығы ұлттық құндылықтарды дәріптейтін арнайы көрмелермен және өнер көрсетілімдерімен ашылды. Шара барысында ана тақырыбына арналған лирикалық әндер шырқалып, күйлер күмбірледі. Бұл сәттер «Достық үйіне» жиналған әрбір қонақтың жүрегіне жылылық ұялатып, кештің мазмұнын байыта түсті. Кеш аясында сөз алған өңірдің белсенді қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері аналардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Ұласбекқызы аналардың ел бірлігі мен этносаралық татулықты сақтаудағы рөлі зор екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Ананың бесік жырынан басталған тәрбие – баланың болашақта нағыз отансүйгіш, адал азамат болып қалыптасуының негізі. Түркістан облысындағы аналар қауымы аймақтың әлеуметтік, мәдени және рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді», – деп ақ жаулықты аналарға алғысын білдірді.
Одан кейін сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Төлебекқызы кеңестің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына тоқталды. Гүлсара Төлебекқызы бала тәрбиесіндегі ананың, отбасындағы әженің рөлін күшейту, қыз балалардың тәрбиесі мен ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту бағытындағы жобалардың маңыздылығын баса айтты.
Көпшілікті мерекемен құттықтаған облыстық мәслихат депутаты, Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Инара Намазбаева да аналардың құқықтарын қорғау, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері төңірегінде ой қозғап, заманауи қазақ әйелінің білімді әрі қайсар бейнесін ерекше сипаттады.
Кеш барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың атынан бірқатар белсенді аналар мен ардақты әжелерге еліміздің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға қосқан үлестері үшін арнайы Алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен қатар, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Э.Жанғазиеваның атынан облыстың дамуына, қайырымдылық істерге және жастар тәрбиесіне белсене араласып жүрген аналар Алғыс хаттармен марапатталды. Марапат иелері көрсетілген бұл құрметке ризашылықтарын білдіріп, болашақта да ел игілігі мен саналы ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек ете беретіндіктерін жеткізді.
Мерекелік кеш тек ресми баяндамалармен шектелмей, жоғары деңгейдегі концерттік бағдарламамен өрілді. Шараның басты көркі – Аналар кеңесінің жанынан құрылған Әжелер ансамблі болды. Көпті көрген, көкірегі қазыналы әжелеріміз сахнаға шығып, халқымыздың көне әндері мен термелерін орындағанда, зал толы көрермен ерекше тебіреніспен, тік тұрып қол соқты. Әжелердің орындауындағы әрбір шығарма жастарға үлкен рухани тәрбие мен тағылым сыйлады.
Сонымен қатар, өңірге танымал өнерпаздар Ж.Сабирова мен М.Ержанқызы сахна төрінде өнер көрсетті. Олардың орындауындағы ана туралы заманауи және классикалық әндер, жүрек қылын шертетін мағыналы туындылар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән арқылы анаға деген махаббат, балалық сағыныш пен шексіз алғыс сезімі тыңдармандардың жүрегіне жетті. Тағылымы мол іс-шараға, Аналар кеңесінің белсенді мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді жастары, ардақты әжелер мен ардагер ұстаздар және мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Аға буын әжелер мен аналар мектеп оқушыларымен тілдесіп, оларға өмірлік ақыл-кеңестерін айтып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін танытты. Ассамблея жастары аналарға гүл шоқтарын ұсынып, өздерінің ізгі ниеттерін білдірді. Ия, саналы ұрпақ тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды сақтау және ұлттық дәстүрді дәріптеу – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі. Ал бұл міндеттерді атқаруда Аналар кеңесінің рөлі айрықша.

