Түркістан қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы 5574 әскери бөлімінде 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған «Адалдық – өмірдің алтын қағидасы» тақырыбындағы мазмұнды кездесу жас сарбаздардың бойына осы қасиеттерді дарытуды көздеген ерекше жоба болды.
Бұл маңызды іс-шара Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің бастамасымен өтіп, әскери қызметшілер мен жас буынға рухани-патриоттық тәрбие беруде жаңа серпін қалыптастырды. Қазақ қоғамында үлкеннің сөзі – бағдаршам, ананың тәрбиесі – алтын діңгек. Кездесудің алғашқы бөлімінде сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіқұлов Созақбай Исаұлы «Адал азамат – қоғам тірегі» тақырыбында терең мағыналы баяндама жасады.
Созақбай Исаұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы ілгерілетіп отырған «Адал азамат» тұжырымдамасына тоқталып, адалдықтың тек жеке адамға тән қасиет қана емес, тұтас мемлекеттің, қоғамның сапасын айқындайтын негегі құндылық екенін атап өтті. Ақсақал жастарды заңға құрметпен қарап, ел тағдырына бей-жай қарамайтын, сөзі мен ісі бір жерден шығатын кемел тұлға болып қалыптасуға шақырды.
Одан кейін мінберге көтерілген ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Тоққұлова Гүлсара Төлебекқызы «Салауатты сана – сапалы өмір кепілі» тақырыбын ортаға салды. Гүлсара Төлебекқызы жас ұрпақтың тәрбиесінде отбасы мен аналық мейірімнің, бесік тәрбиесінің рөлі ерекше екенін айтты. Сонымен қатар, ішкі дүниенің тазалығы адамды кез келген жат ағымдар мен теріс қадамдардан қорғайтынын тілге тиек етіп, жас сарбаздар мен мектеп оқушыларын саналы өмір салтын ұстануға, уақытты тиімді пайдалануға және зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеді.
Әскери қызметшілер мен жастар үшін заңды білу – қауіпсіздіктің негізі. Жиынға Түркістан облысы Полиция департаментінің тәжірибелі мамандары қатысып, қоғамдағы ең өзекті екі бағыт бойынша нақты құқықтық ескертулер мен статистикалық мәліметтерді бөлісті. Түркістан облысы ПД Жергілікті police қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімің бастығы, полиция подполковнигі Қалабаева Жанар Балтабайқызы сөз сөйлеп, бұл мәселенің әскери қызметшілер үшін де маңыздылығын түсіндірді. Болашақ отағасы, ел қорғаны болатын жас сарбаздар отбасындағы сыйластық пен заң аясындағы жауапкершілікті ерте бастан ұғынуы тиіс. Заңнамаға енгізілген соңғы қатаң өзгерістер мен құқық бұзушылықтың соңы үлкен қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.
Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бимаханов Марат Асылханұлы есірткі бизнесі мен нашақорлықтың қоғам қасіреті екенін баса айтты. Ол есірткіге тәуелділіктің адам өміріне, оның отбасына және болашақ карьерасына тигізетін ауыр зардаптарын нақты қылмыстық кейстер мен мысалдар арқылы жеткізді. Марат Асылханұлы жастарды синтетикалық есірткілердің құрығынан сақ болуға, әрбір қадамға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева өз сөзінде Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясаттағы басты ұстанымдарына тоқталды. Ол әсіресе қоғамды модернизациялаудың қозғаушы күші саналатын екі үлкен жобаны ерекше атап өтті. Әсіресе, «Заң мен тәртіп» қағидатына тоқталды. Бұл бастама қоғамда құқықтық нигилизмді жоюды, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыруды және әділетті қоғам құруды көздейді. Саналы азамат заңды бұзбауды ғана емес, өзгелердің де тәртіп сақтауын талап ете білуі керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы сөз болды. Қоғамда экологиялық мәдениетті арттыруды, қоршаған ортаны қорғауды және тазалықты әр азаматтың күнделікті әдетіне айналдыруды мақсат етеді. Бұл бастамалардың тек қалаларды тазалау немесе жазалау емес, адамның санасын, ішкі мәдениетін өзгерту екенін айтып, жас сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Ол бүгінгідей ашық форматтағы кездесулердің әскери бөлімдердегі тәрбие жұмысын күшейтудегі мәні зор екенін білдірді.
Жиынға тек әскери бөлімнің сарбаздары ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушылары да қатысты. Олар спикерлерге өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Әскери өмірдегі жолдастық пен адалдық принциптері, құқықтық сауаттылықты арттырудың заманауи жолдары, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік пен кибербуллингтен қорғану мәселелері болды.
Іс-шара Отанды, ерлікті, туған жерді дәріптейтін патриоттық әндермен жалғасты. Әскери бөлім өнерпаздары мен қонақтар орындаған шығармалар қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

