Мемлекеттің басты байлығы — оның бірлігі мен ынтымағында. Осы ынтымақты күзетіп, ел ішіндегі заңдылық пен тәртіптің салтанат құруына үлес қосу — әрбір құқық қорғау қызметкерінің қасиетті борышы. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы астында туып, Отанға қызмет етуді бала күнгі арманы еткен, бүгінде Мақтаарал ауданында абыройлы қызмет атқарып жүрген полиция капитаны Аброр Махамадовтың еңбек жолы — патриотизм мен кәсібиліктің шынайы үлгісі десек болады.
Антына адал азамат Аброр Акбарұлы Махамадов — киелі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы. Оның құқық қорғау саласына келуі кездейсоқтық емес, бұл — жүрек қалауымен таңдалған саналы жол. Ол 2017-2021 жылдар аралығында Қостанай қаласындағы Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында білім алып, заң саласының қыр-сырын меңгерді. Еңбек жолын 2021 жылы Шымкент қаласы полиция Департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы болып бастады. 2023 жылға дейін халықпен тікелей жұмыс істеу арқылы үлкен тәжірибе жинақтады. 2023 жылдан бастап туған жері Мақтаарал ауданына оралып, анықтаушы, тергеуші лауазымдарын атқарды. Бүгінде ол өз ісінің маманы ретінде аға тергеуші лауазымында қызметін абыроймен жалғастыруда.
Жауапкершілік пен әділдік таразысына салсақ, тергеуші мамандығы — полиция қызметіндегі ең жауапты әрі күрделі бағыттардың бірі. Бұл жұмыс тек заңды білуді ғана емес, сонымен қатар психологиялық төзімділікті, адамдармен тіл табыса білуді және сабырлылықты қажет етеді. Аброр Махамадовтың айтуынша, тергеушінің негізгі міндеті — оқиғаның ақ-қарасын анықтап, әділдіктің орнауына септігін тигізу. «Жұмысымыз халықпен тығыз байланысты болғандықтан, орын алған оқиғаның жай-жапсарына үңіліп, азаматтарды тыңдап, заңдық тұрғыда мейлінше көмек көрсету — біздің негізгі міндетіміз», — дейді ол.
Оның қызметке деген адалдығы мен табандылығы ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан бірнеше мәрте еленіп, бірқатар Алғыс хаттармен марапатталған. Бұл — капитан Махамадовтың кәсіби біліктілігінің айқын дәлелі. Полиция капитаны Аброр Махамадовтың ерекшелігі — оның мемлекеттік тілге деген шексіз құрметі. Ол тек қызметтік іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізіп қана қоймай, қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады.
Оның тіл мәселесіне қатысты өзіндік берік ұстанымы бар. Аброр «қазақ тілін меңгергім келеді» деген сөз тіркесінің өзін артық деп санайды. «Еліміздің туының астында өмір сүріп жатқан әрбір Қазақстан азаматы қазақ тілін, салтын, дәстүрін білуі және оны өзіне өмірлік ұстаным етуі керек». Полиция қызметкері үшін ең жоғары марапат — марапат қағазы емес, халықтың шынайы алғысы. Аброр Акбарұлы өз қызметіндегі басты мақсатын осылай айқындайды. Ол үшін антына адал болу — әрбір құқықтық көмек сұраған жанға заң аясында жәрдем беріп, оның ризашылығын алу. Сондықтан да тергеу процесінде ол әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның ойынша, қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл сала — оның тағдыры. Сондықтан ол қызметін әрдайым бірінші орынға қояды.
Қызметтегі қатал тәртіп пен жауапкершілік Абрордың отбасындағы мейірімді бейнесіне кедергі келтірмейді. Ол — адал жар және екі ұл тәрбиелеп отырған қамқор әке. Полиция капитаны Аброр Махамадов — бүгінгі күннің қаһарманы. Ол — шекаралық аймақ саналатын Мақтааралда ел тыныштығын күзетіп, әділдіктің ақ туын жықпай жүрген тәртіп сақшысы. Оның мемлекеттік тілге деген құрметі, антына адалдығы және отбасындағы өнегелі тәрбиесі — өскелең ұрпаққа нағыз үлгі.
Татулығы жарасқан елде туып-өскенін мақтаныш ететін Аброр секілді азаматтар барда, Қазақстанның ішкі қауіпсіздігі мен бірлігі әрдайым берік болмақ. Оның «Менің қызметке адалдығым — халықтың алғысында» деген сөзі әрбір погон таққан азаматтың ұранына айналуы тиіс.

