Мемлекетіміздің ең басты байлығы — білімді де тәрбиелі ұрпақ. Бүгінгі жасөспірім — ертеңгі ел тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Алайда, қазіргі ақпараттық технологиялар дәуірінде жас буынның санасын түрлі жат ағымдар мен жағымсыз әдеттерден қорғау — ортақ міндет. Осы мақсатта Хантағы ауылындағы А.С. Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінде өткен «Салауатты сана» жобасы аясындағы кездесу жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін көтеріп, рухани деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
«Салауатты сана» жобасының негізгі идеясы — жастардың бойында тек білім ғана емес, сонымен бірге берік азаматтық ұстаным мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Пушкин атындағы мектепте өткен бұл басқосу жай ғана дәріс емес, мамандар мен оқушылар арасындағы еркін форматтағы сұхбат алаңына айналды. Кездесуге саланың білікті мамандары — заңгерлер, психологтар мен дәрігерлер қатысып, жасөспірімдерді толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап берді.
Шараның алғашқы әрі маңызды бөлімі — қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналды. Бұл бағытта Кентау қалалық «Отбасын қолдау орталығының» мамандары — психолог Г.Таубаева мен әлеуметтік маман Н.Оспанова оқушылармен мазмұнды әңгіме өрбітті. Олар физикалық, психологиялық және эмоционалдық қысымның айырмашылықтарын түсіндірді. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар арасында кездесетін буллинг пен кибербуллингтің зардаптарына ерекше тоқталды.
Егер жасөспірім қиын жағдайға тап болса, кімнен көмек сұрау керек? Қандай сенім телефондары жұмыс істейді? Мамандар бұл сұрақтарға нақты алгоритмдер ұсынды. Кездесуде сыйластық пен төзімділік мәселелері қозғалды. Тәрбиенің негізі — өзгеге құрмет көрсету арқылы өзіңді құрметтеу екені оқушылардың санасына сіңірілді. Психолог Г.Таубаеваның айтуынша, баланың ішкі үрейі мен қорқынышын дер кезінде анықтап, оған қолдау көрсету — үлкен қасіреттердің алдын алудың басты жолы болып табылады екен.
Кездесудің келесі блогы құқықтық сауаттылыққа бағытталды. Кентау қалалық ПБ ЖҚБ аға лейтенанты М.С.Құттыбаева мен полиция өкілі А.Б.Сайлау жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша баяндама жасады. Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіріп, заң алдында бәрінің тең екенін ескертті. Түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүру, ұсақ бұзақылықтар мен қоғамдық мүлікті бүлдіру секілді әрекеттердің соңы қандай зардаптарға әкелетіні нақты мысалдармен баяндалды.
Полиция лейтенанты М.Құттыбаева жасөспірімдерді «бір сәттік эмоцияға» ерік бермей, әрбір қадамды заң аясында ойлап басуға шақырды. «Тәртіп бар жерде — тұлға қалыптасады» деген қағида жиынның басты ұранына айналды. Оқушылар заңгерлерге көшедегі қауіпсіздік пен интернеттегі құқықтық қорғаныс туралы сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Тәрбие мен құқықтық сауаттылықтан кейінгі кезекте оқушылардың денсаулығы мен салауатты өмір салты мәселесі тұрды. Бұл бағытта «Алау» жастар денсаулық орталығының дәрігері Ж.М.Хабибуллаева мен акушер-гинеколог Ж.Е.Амангелді кәсіби кеңестерін ортаға салды. Дәрігерлер жасөспірімдік кезеңдегі ағзаның өзгеру ерекшеліктері, дұрыс тамақтану, гигиеналық талаптарды сақтау туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Әсіресе, зиянды әдеттердің (темекі, вейп, энергетикалық сусындар) өсіп келе жатқан ағзаға тигізетін орны толмас зияны туралы медициналық деректер келтірілді.
Акушер-гинеколог Ж.Е.Амангелді қыз балаларға арналған гигиена мен репродуктивті денсаулық мәселелерін қозғап, болашақ ана ретінде өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйретті. Дәрігерлермен болған ашық сұхбат жасөспірімдердің көптеген жасырын сауалдарына нүкте қойып, медициналық мәдениеттің артуына септігін тигізді.
Пушкин атындағы мектепте өткен бұл шараның ерекшелігі — оның «жанды» сипатында болды. Оқушылар мамандарға еркін сұрақ қойып, өз пікірлерін ашық айта алды. Мұндай формат жасөспірімдердің мамандарға деген сенімін арттырып, мәселенің мән-жайын тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді. Кездесу соңында оқушылар арасында шағын сауалнама жүргізіліп, олардың алған ақпараттары бойынша кері байланыс жасалды. Оқушылар өз сөздерінде мұндай кездесулердің жиі болып тұруын қалайтындарын, берілген кеңестердің өмірде қажет екенін атап өтті.
А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы бұл шараның жастар тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтады. «Білім беру — тәрбиемен ұштаспаса, ол тұлға қалыптастыра алмайды. Сондықтан сала мамандарын шақыра отырып, осындай кешенді шаралар өткізу — біздің басты жұмысымыз», — дейді мектеп басшылығы.

